Жұма, 29 наурыз 2013 1:31
Экономикалық байланыстар үзіліп, кәсіпорындар тоқтап, жаппай жекешелендіру басталған кезде кешегі дүркіреп тұрған өндіріс орындары ұстағанның қолында, тістегенің аузында кеткенін қазір өкінішпен еске алудан басқа қайран жоқ. Дегенмен, сол талан-таражға түскен кәсіпорындардың арасында істің ұтырын білетін кәсіпкердің қолына тап болғандары шаруасын түзеп, екінші тынысы ашылғанын да көріп жүрміз. Хромтау ауданы орталығындағы Дөң астық қабылдау элеваторы да қолдан-қолға өтіп сыйымдылығы 75 мың тонна астық қабылдауға мүмкіндік беретін кәсіпорын да талан-таражға түсті, құр сұлбасы ғана қалды. 2004 жылы оны астықты экспортқа шығарумен айналысатын «СТК компани» фирмасы сатып алып, дереу қалпына келтіру жұмыстарына кірісті. «Ақтөбе нан өнімдері комбинаты» ЖШС болып қайта құрылған кәсіпорын тізгінін нарықтық қатынастарда жұмыс істеп ысылған тәжірибелі маман Абзал Жұбанышев ұстады.

Ол кездегі элеватордың қаңыраған ғимаратына қараудың өзі жүрегіңді шайлықтырар еді. «Көз қорқақ, қол батыр» деген рас екен. Іске бір кірісіп кеткен соң, шегінер жер қалмады, қайта жарақтандыруды бастап кеттік, деп еске алады кәсіпорын басшысы тәуекелмен шаруа жасаған сәтті қазір.
Фирмаға кәсіпорынды іске қосу үшін қыруар қаржы инвестиция салуға тура келді. Элеватордың ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Кәсіпорынға газ, электр жеткізілді, су құбыры және канализация тартылды. Тек қана технологиялық зертханаға немістің заманауи қондырғыларын орнату 100 мың еуроға түсті. Астық қабылдау және тиеу, өңдеу және сақтау учаскелері жаңғыртылды, 1,5 шақырым кірме жол, лифт қалпына келтірілді. Бұрынғы механикалық таразы қалпына келтіріліп, компьютермен басқарылатын таразы пайдалануға берілді. Жаңадан әкімшілік ғимараты, асхана, қонақ үй салынды. Сөйтіп, элеватор іске қосылып, алыс-жақындағы шаруалардан астық қабылдай бастады.
2007 жылы диірмен құрылысын салу басталып, бір жылдан кейін түріктің озық технологиялық қондырғысы орнатылған ұн тарту зауыты іске қосылды. Бұл диірмен тәулігіне 200 тонна бидай ұнын өндіруге мүмкіндік берді. Серіктестіктің «Рахат» және «Старт» маркалы ұндары ішкі рынокты ғана қамтамасыз етіп қоймай, экспортқа да шығарыла бастады.
Алайда, өнімді шикізат түрінде өткізудің тиімсіздігін ескерген кәсіпорын басшылары макарон цехын салуды қолға алып, ол үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Өндірісті осылай жаңғыртуға бағыт ұсталды. Бұл жобаны жүзеге асыруға 750 миллион теңге қаржы салынды. Элеватор аумағында салынған фабрикаға италиялық Раvап фирмасының технологиялық желісі орнатылған. Оның қуаты сағатына 2 тонна қысқа макарон өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді. Қазір «Статус», «Бота» маркалы он түрлі макарон өндіріледі. Болашақта макарон түрлерін 20-ға жеткізу көзделуде. Сондай-ақ, екінші және үшінші желілерді іске қосып, спагетти, жайма шығару да алдағы күндердің еншісіндегі шаруалар. Мұнда 60 адам еңбекке тартылды. Жергілікті мамандарды шетелдік әріптестері оқытып, тәжірибе жинақтатты.
Серіктестіктің ұны мен макарон бұйымдарына облыс орталығындағы супермаркеттерде, ірі кәсіпорында, көтерме сауда базарларында сұраныс жоғары. Қазір кәсіпорынның өнімдерінің 70 пайызы Ауғанстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан сияқты алыс-жақын шетелдерге, қалғаны еліміздің алты облыстарына өткізіледі. Ақтөбе нан өнімдері комбинатының өнімдерінің сапалылығын 2011 жылы «Қазақстанның үздік тауарлары» конкурсында екінші орын иеленіп, ал, өткен жылы жеңімпазы болғанын, республикалық «Алтын сапа» конкурсына қатысқанының өзі дәлелдей түссе керек. Қазір серіктестікке қарасты барлық өндіріс буындарында 200 адам жұмыс істейді. Серіктестік директоры Абзал Жұбанышевтің айтуынша, бүгін-ертең тағы бір өндірістік желі – нан-бөлке және кондитер бұйымдарын өндіретін цех іске қосылмақ. Оның тәуліктік қуаты 15 мың дана нан өнімдерін шығаруға есептелген. Оған элеватордың бұрынғы кеңсесі ыңғайластырылып салынып, цехқа түріктің заманауи қондырғысы орнатылды. Бұл жобаға 4 миллион АҚШ доллары жұмсалды. Наурыз айының аяғына таман ашылатын бұл цехта өндірілген нан-бөлке, кондитер бұйымдары хромтаулықтардың сұранысын 60 пайызға қамтамасыз ететін болады.
Өз шикізатың болмай өндірістің өрге баспайтынын түсінген серіктестік басшылары Құдықсай селолық округі аумағынан 10 мың гектар егістікті 49 жылға пайдалануға жалға алып, дәнді дақылдар өсіруде. «Қазагроқаржы» АҚ арқылы өнімділігі жоғары үш Джон Дир егіс кешенін, осыншама комбайн сатып алды. Жергілікті тұрғындардың арасынан тәжірибелі механизаторларды жұмысқа тартып, оларды жаңа техникада жұмыс істеуге оқытылды.
Сөйтіп, алқап – элеватор – диірмен жүйесін қалыптастырды. Қазір серіктестік көктемгі егіске тиянақты дайындалуда. Тұқымдық астық бар, жер өңдеу, тұқым себу техникалары, тракторлар дайындық сапына қойылған. Көктем шығысымен алқапқа шығуға құлшынып отырған серіктестік егіншілері биыл мол өнімнен үмітті.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.