Мемлекет басшысы күні кеше, яғни Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамын жасақтау алдында Үкімет жұмысын бір пысықтап, министрлерді серпілтіп алды. Осылайша халықтың көкейіндегі, ойындағы мәселелерден қалыс қалмағанын, керісінше, жағдайды бақылауда ұстап отырғанын көрсетті. Бұл – әбден қиюы келіскен, өлшеп-пішілген дұрыс қадам.
Жалпы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысы қоғам үшін де, билік үшін де күрделілеу, жаңғыру уақытында басталғалы тұр. Қазір қоғамдық-саяси үдерістер жеделдеп, көпшіліктің талабы да өзгерді. Қоғам биліктен елдегі қоғамдық-саяси үдерістерді белсенділікпен жүргізуді талап етуде. Сондықтан да Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысы барынша ашық, сан салалы, мемлекетіміздегі барлық қоғамдық күштермен диалог арқылы жүруі тиіс. Оған қоса, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі сайлау процесін либерализациялаудың транзитті кезеңіндегі өтпелі құрал деп қарауға болады.
Бұл аспект елдегі саяси процестердің барлық қозғаушы күші жиналатын плюралистік және демократиялық Парламент жұмысының басымдығына айналуы керек.
Сонымен қатар елдегі саяси процестердің географиясын кеңейтіп, елдің саяси өміріне барлық өңірлерді белсене қатыстыру қажет. Өйткені Қазақстандағы саяси процестер тым орталықтандырылып кеткендіктен, азғантай толқулар да саяси жүйені тәлтіректетіп жібереді. Егер саяси процестер орталықтан алыстатылса, мемлекет бекемдене түседі. Осы саяси процестерді орталықсыздандыру аясында еліміздің барлық өңірлерінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі сияқты кеңестер құруды ұсынған болар едім. Бұл қадам биліктің қоғамдық географияны бөле-жармай пайдаланатынын көрсетіп, жергілікті истеблишменттің саяси мәдениетін көтере түсер еді. Қазір болса өңірлердегі саяси процестер қаңтарулы тұр.
Президент Қ.Тоқаев атап өткендей, ендігі жерде биліктің халық алдындағы жауапкершілігі мен есептілігінің тетіктері күшейтіле түседі.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі негізгі әрекетінің бір тармағы ретінде жастармен жұмысты қолға алуы керек. Бүгінде жастар барлық саяси процестердің локомотивіне айналды. Жастардың бір бөлігі тәуелсіздік жылдары қабылданған бағдарламалардың жастарға қайыры болмағанын айтып, саяси процестерге белсене араласуға ниет білдіріп отыр. Бұл серпілісте оларға көмек қолын созу артықтық етпейді. Біз үшін саяси өзгерістердің мақсаты – қоғам мен мемлекетті тиімді басқара алатын билігі бар ұйысқан демократияға қарай жылжу. Ең бастысы, саяси реформалар жүргізу кезінде мемлекеттік басқару уыстан шығып кетпеуі керек. Осы пиғылмен қарайтын болсақ, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысы біздің ерекшелігіміз бен саяси үрдістеріміз есепке алынатын демократиялық реформалардың нақты бағыттары мен тың тетіктерін қалыптастыруға бағытталатын сияқты. Қоғамдық сенімнен – Ұлттық диалогқа! Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру қоғаммен арадағы диалогқа бастайтын маңызды, өзекті және ауқымды қадам. Мен бұл бастаманы қолдай отырып, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі еліміздің саяси өміріндегі жаңа либерализация дәуіріне жасалған оңды қадам болды деп есептеймін. Ерлан САЙЫРОВ, саясаттанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі