• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 18 Шілде, 2019

Тоқсаны барып тоғыз медаль ала алмады

291 рет
көрсетілді

Италияның Неаполь қаласында XXX Жазғы Универсиада-2019 ойындары аяқталды. Үшінші шілдеде жалауы желбіреген байрақты бәсекеге әлемнің 112 елінен келген 6000-ға жуық студенттер спорттың 18 түрі бойынша сынға түскен болатын.

Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары спорттың 10 түрі бойынша ел намысын қорғады. Универсиада ойындарына үлкен құраммен аттанғандар қатарында семсерлесу спортының 18 өкілі Италия төрінде бақ сынап, бірде-бір медаль олжалай алмады. Сондай-ақ жеңіл атлетикадан сынға түскен 16 спортшымыздың ішінен тек Михаил Литвин ғана күміс медаль жеңіп алды. Студенттер додасына 15 спортшымен барған таэквондошылар да бір күмісті қанағат тұтуға мәжбүр болды. 87 килоға дейінгі салмақта белдескен Смайыл Дүйсебай финалда қарсыласына есе жіберді. Садақ атудан сегіз, нысана көздеу және стенд атудан он спортшының тек екеуі ғана жүлдеге ілікті. Зоя Кравченко күміс, Сәрсенкүл Рысбекова (суретте) қола медаль иеленді. Спорттық және көркем гимнастикадағы алты спортшының екеуі күміс медаль иеленсе (Нариман Құрбанов пен Милад Карими), он дзюдошының ішінде ауыр салмақтағы Ғалымжан Қырықбай ғана Универсиаданың бас жүлдесін олжалады. Ал теннис және жүзу спортынан жарысқа қатысқан спортшылардың қоржыны бос қайтты.

Биылғы Жазғы Универсиаданың қорытындысы бойынша, 94 спортшымыз 1 алтын, 5 күміс және 1 қола жүлде иеленді. Жалпыкомандалық есепте біздің студенттер 7 медальмен 25-орынға тұрақтады. Ал медаль көрсеткіші бойынша үнемі Қазақстаннан кейін тұратын Өзбекстан құрамасы  2 алтын, 2 күміс және 4 қола медальмен 19-орынға көтерілді. Жалпы командалық есеп бойынша бұл жылы да Жапония құрамасы бірінші болды. Күншығыс елі студенттерінің еншісінде 82 медаль бар (33 алтын, 24 күміс және 28 қола). Ресей Федерациясының спортшылары Жапониямен бірдей медаль жинағанымен, алтын саны бойынша (22, 24, 36) екінші орында тұр. Ал үшінші орындағы Қытай құрамасының қоржынында 43 медаль бар (22, 13, 8).

Осыдан екі жыл бұрын Қытайға қарасты Тайвань провинциясының астанасы Тайпейде өткен XXIX Жазғы Универсиада ойындарында қазақ спортшылары 16 медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 21-орыннан көрінген болатын. Сол жылы студент спортшыларымыз 3 алтын, 6 күміс және 7 қоланы құрама қоржынына  салған еді.

Екі жыл сайын тұрақты түрде ұйым­дастырылып тұратын студенттердің келесі Универсиада ойындары 2021 жы­лы Қытайдың Чэнду қаласында өтеді.