Әдебиет пен көркемөнерді айтпағанда, аталған тақырыпқа театрлардың да тым-тым жиі қызығушылық танытуының бірден-бір себебі тұлға айналасынан өрбитін тылсым мен жұмбаққа толы осы тартыс болса керек. Иә, бұған дейін драмалық театрлар сахнасынан түрлі форма мен мазмұнда қойылған «Шыңғысхандарды» көріп жүргенімізбен, бұл – би тілінде сыр тарқатқан аңыз тұлғаның ақиқатына алғаш рет талпыныс жасауымыз екен.
Жақында Бейбітшілік және келісім сарайы сахнасында тұсауы кесілген «Наз» мемлекеттік би театрының «Шыңғысхан» хореографиялық қойылымын тамашалай отырып, сан түрлі ойдың жетегіне ергеніміз жасырын емес. Қазақстанда тұңғыш рет Жастар жылы аясында қойылған спектакльдің режиссер-хореографы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хадиша Ағымбаева болса, қоюшы хореографы – Моңғолия мемлекетінен арнайы шақырылған маман Тугсуу Тумурхуяг. Айтулы жоба «Наз» мемлекеттік би театрының 20 жылдық мерейтойы құрметіне сахна төріне шығып отыр.
Қойылым Азиядағы тұңғыш біртұтас мемлекет құрушы, өз заманының аса ірі әскери және мемлекет қайраткері Шыңғысханның (Темүжін) өмірі мен ерен еңбегіне арналады. Аңыз-әңгімелерге сүйене отырып құрылған оқиға желісі негізінен Шыңғысханның бала кезінен бастап, ержетіп, ел билеген кезеңдерін қамтиды. Әскери талантының арқасында кең-байтақ территорияны басып алып, жарты әлемге билік жүргізгені хореография тілінде көркем бейнеленеді.
Режиссер-хореографтың айтуынша, бұл Шыңғысханды өзге Шыңғысхандардан даралайтын басты ерекшелік – қаһарынан күллі адамзат қаймыққан қаһан, жаһан жаулаушысы ретінде ғана емес, қойылымда ең әуелі оның қарапайым адам, пенде ретіндегі ішкі толқыныстарына баса назар аударылуында екен.
– Шыңғыс хан – әлемдік маңызы бар тұлға. Даңқты қолбасшы тақырыбына қатысты талас та, тартыс та көп. Тұлға тағдырынан әркім өз шындығын, ақиқатын тапқысы келеді. Мәселен, Моңғолияда Шыңғысхан есімі қасиетті әрі қадірлі. Олар Шыңғысханды моңғолдың қолбасшысы десе, біздің тарихшылар да қазақ тарихының көрнекті өкілі деп жазады. Және ол солай да. Оған куә ұзақ уақыт бойы қазақ хандығын Шыңғыс әулеті басқарып келді. Әрине, бұл біреулер үшін даулы тақырып болуы мүмкін. Бірақ қалай десек те, ол құрған мемлекет те, оның ру-тайпалық құрамы да, Алтын Орданың мемлекеттік тілі де – қазіргі қазақтың төл шежіресі. Оны тарихымыздан алып тастай алмаймыз. Сол себепті қойылымның көркемдік деңгейі ғана емес, мазмұндық мәніне де жіті мән беріп, барынша жан-жақты қырынан саралауға күш салдық. Осы мақсатта елімізге белгілі түрколог ғалым, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлын қойылымның ғылыми кеңесшісі ретінде бекітіп, жұмысымызда сол дәуірдің тынысы барынша қанық суреттелуі үшін Моңғолия мемлекетінен хореограф Тугсуу Тумурхуяг мырзаны арнайы шақырып, бірлесе жұмыс істедік. Ізденісіміз бен талпынысымыз көзіқарақты көрермен көңілінен шығады және өзінің лайықты деңгейдегі бағасын алады деп сенеміз» – дейді «Наз» мемлекеттік би театрының көркемдік жетекшісі Хадиша Ағымбаева.
Режиссер атап өткендей, екі жылдан аса жүргізілген дайындықтың жемісі шын мәнінде көңілге құрмет орнықтырады. Шымылдық ашылған сәттен-ақ көзді де, көңілді де баурайтын, әрине, сценограф Қанат Мақсұтовтың ерекше суреткерлік қиялының жемісі – сұлулық тұнған сахна мен композитор Бямбасүрэнгийн Шаравтың құлақтан кіріп бойды алған таңғажайып музыка сарыны. Әуен арқылы түркі әлемінің тарих қатпарларында жасырынып қалған құпиясы бар сырын ақтарып, бейнебір сайрап кеткендей жан дүниеңізді әлемтапырық күйге бөлейді. Өзіне бірден баурап ала жөнеледі. Бұлай болуы заңды да. Өйткені айтулы спектакль Шыңғыс хан тақырыбына арнайы жазылған музыка негізінде сахнаға шығып отыр. Моңғол елінің өнер майталмандары – композитор Бямбасүрэнгийн Шарав пен хореограф Тугсуу Тумурхуягтың тандемі спектакльдің қазақы бояуына моңғолдық сарын үстеген. Ол тек музыка мен қимылдан ғана емес, костюмдер үлгісінен де айқын аңғарылады. Сөйтіп жалпы қойылым өрнегі бауырлас екі ел мәдениетінің ерекшеліктерінен өзінше бір синтез түзген. Бұл – тұңғыш рет көрерменімен қауышып отырған хореографиялық қойылымның визуальды штрих-детальдары сыйлаған алғашқы әсер ғана. Оқиға өрби, шиеленіс ширыға келе әлгі сезіміміз сан түрлі бояумен қалыңдай, күрделене түсті.
Сырттай бақылап, сахна тілі арқылы сараптап көргеніміздей, қос мемлекет хореографы – қазақстандық Хадиша Ағымбаева мен моңғолиялық Тугсуу Тумурхуягтың бірлескен жұмысы би тілінің жаңа мүмкіндіктерін аша түскеніне куә болдық. Біз тамашалаған шығармашылық ізденістің бір ерекшелігі – мұнда бірнеше би тілінің стилі, яғни халықтық сарын да, модерн мен классика да бар. Бір арнада тоғысқан сан түрлі хореографиялық өрнек спектакльдің эстетикалық һәм мазмұндық бояуын түрлендіре түскен. Соның арқасында қойылым тек хореографиялық жұмыс емес, белгілі бір деңгейде драмалық спектакльдің де жүгін көтеріп тұр. Оны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Атымтаева, Ержан Құдайбергенов, Гауһар Исмағұлова, Асхат Мәден, Марғұлан Жеңісов, Сағит Дүзбаев, Ұлан Изенаев, Назерке Есейқызы, Айдана Дайрабекова, Айнагүл Тұрсынова, Данияр Жаппасов, Айнабат Науқанова сынды талантты әртістер жұмысы сәтті толықтырады. Әсіресе, қойылымдағы жетекші солистер – Шыңғысхан мен Бөрте бейнесіндегі – Ержан Құдайбергенов пен Гаухар Исмағұлованың рөл сараптаудағы үндескен тамаша тандемі айрықша атап өтуге тұрарлық.
– Әрине, Шыңғысхан қай жағынан келсек те, кесек, күрделі бейне ғой. Бишіні шеберлік тұрғысынан түрлі қырынан ширықтырып, шынықтырады. Сол тұрғыдан келгенде, аздап қорқыныштың болғаны рас. Оның үстіне, өзге елден келген хореографпен жұмыс істеудің өз ерекшелігі болады дегендей. Тугсуу Тумургуяг мырза моңғол елінің халықаралық деңгейде мойындалған біліктілігі жоғары кәсіби маманы. Жас әртіс ретінде бұл мен үшін де, ұжымымыздағы өзге бишілер үшін де үлкен тәжірибе болды. Ал екі елдің би қиымылдарының ерекшелігі өз алдына үлкен бір тақырып. Қанша жерден көшпелі елдердің мәдениеті ортақ дегенімізбен, әр халықтың өзіндік иірімдері болады. Бұл қазақ пен моңғолға, әсіресе қос ұлттың өнері мен мәдениетіне де қатысты. Мәселен, қазақ биінде қолды ұстау, «позициядан» аспау керек деген қағидалар болса, моңғол биінде жалпы әрекетке еркіндік беріледі. Десек те, көшпелі елдің мінез-құлқы, менталитеті тұрғысынан сараптау мәдениеті мен болмыс ерекшелігі үндес, ұқсас. Сол жағынан келгенде моңғол биін аса қатты жатырқай қоймадық. Хореографпен тез-ақ тіл табысып кеттік, – деп Ержан Құдайберген қойылым премьерасынан кейін өз әсерімен бөлісті.
Жалпы, шығармашылық топ қойылымға барынша заманауи леп беруге ұмтылғаны байқалады. Мәселен, сценографтың минимализм мен сахна шарттылықтарына көбірек иек артқаны, сонымен қатар бар оқиғаны символика тілімен ұсынуға деген талпынысын суретшінің сәтті сараптамаларының санатына жатқызуға болады. Бастысы, сахнада басы артық әрекет жоқ, барлығы да нанымды, ақталымды. Костюм дизайны да алыстан көз жауын алып, сахнаның сұлулығына сұлулық үстеуде сәтті қызмет етіп тұр. Осындай орайы табылған ойлы ізденіс көрушісіне де рухани қуаныш сыйлағаны сөзсіз. Әр жұмысына кәсіби талғам һәм үлкен жауапкершілікпен келетін театр ұжымы, сөзсіз, бұл жолы да сол биігінен түскен жоқ.