Толғақ кезінде бижутерия бутигі дереу жабылып, оның алдына күзет қойылды. Бәрі де тез, аяқ астынан болғаны соншалық, «Жедел-жәрдем» көлігі жеткенше, сәби шыр етіп, іңгәлап жарық дүние есігін аттады. Бұл кезде Зәурештің ері Арман күн демалыс болғандықтан қаннен-қаперсіз үйінде демалып жатқан-ды. Хабар жетісімен ол да шұғыл жиналып, сауда үйіне жеткен болатын. Бұл кезде Зәурешті медицина мамандары сәбиімен бірге «Жедел-жәрдем» көлігіне отырғызған еді.
Нәрестенің өзге емес, әсемдік бутигінде өмірге келгені де таң қалдырмай қоймайды. Сәби қызға Айлин деген ат қойылды. Зәуре мен Арманның екінші перзенті. Енді олардың 3 жасар ұлының қызғалдақтай қарындасы бар. Жарық дүние есігін аттаған кезде сәби қыздың салмағы 3 кг 400 грамм, бойының ұзындығы 52 см болды. Әрине бұл дерек оның өмірге келгендегі абсолютті денсаулығын көрсетсе керек.
Өздерінің жұмыс орындарында сәбидің дүниеге келгенін ырымға балаған сауда үйінің иелері сәбидің анасына арнайы сый жасады. Сонымен бірге уілдеген Айлинге нәрестеге арналған жиылтық тарту етті.