Қазақстанда үш агрополигон бар
Бірінші вице-министр Айдарбек Сапаров мемлекетіміз агроөндірістік кешендердің алдына осы бес жылда заманауи агротехникаларды қолдана отырып, еңбек өнімділігін арттырып, өңделген азық-түлік экспортын 2,5 есеге ұлғайтуды міндеттеп отырғанын еске салды. Елбасының пәрменімен 2018 жылы министрлік Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығымен бірге жер өңдеу, механикаландыру, өсімдік және су шаруашылықтарымен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарының үлесін біріктіре отырып, Қаскелеңдегі тәжірибелік шаруашылығында «Оңтүстік агропаркін» ұйымдастырған болатын. Қазірдің өзінде агропарктің жұмысы көңіл тоғайтады. Тәжірибе алаңында еңбеккерлер егіс дақылдарының өнімділігін екі-үш есеге арттырып, жүгері, соя, бидай, арпа, басқа да дақылдардың жүздеген жаңа сұрыбын өсіріп отыр.
Тамаша ғылыми тәжірибелер жүргізіліп жатқан агропарктің нәтижесі өте жақсы. Мәселен, облыста астық өнімділігінің орташа көрсеткіші гектарына 2 тоннадан айналса, бұл жерде – 4 тонна. Ал өңірдегі алқаптарда жүгерінің түсімі 10 тоннаға жетеғабыл болса, агропаркте 16 тоннадан асады. Мұндай көрсеткішке жетуге жаңа технологиялар арқылы қол жеткізіліп отыр.
Мұнда комбайншысыз жүретін комбайндар, егіс алқаптарын әуеден суарып, тыңайтқыш себетін дрондар қолданылады. Бұл құрылғының ерекшелігі – қай жерге су жетпейтінін GPS технология арқылы өзі анықтайды. Енді мамандар осындай құралдарды барлық шаруа қожалықтарына енгізіп, ел бойынша еңбек өнімділігін екі жарым есеге арттырмақ. «Агропарктегі жаз» көрме-жиынына келген шаруа қожалықтары мен ірі агрокешендердің өкілдері осының бәрін өз көздерімен көріп, қажетті техника, технологиялармен танысып, биологиялық тыңайтқыш түрлерін көрді.
– Қазір елімізде осындай үш полигон бар. Біреуі Қостанай облысында, үшіншісі Ақмола облысында. Осы Алматы облысындағы полигонға ауыл шаруашылығы саласындағы ең озық технологияларды әкелдік. Соның арқасында егістік жұмыстарын дер кезінде жүргізіп, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге болатынын көріп отырмыз. Бүгін еліміздің әр шалғайынан жиналған шаруашылықтар осының бәрін көріп, тиімділігімен танысып отыр. Өз алқаптарында қолданса болады, – дейді бірінші вице-министр Айдарбек Сапаров.
Оның айтуынша, «Оңтүстік агропаркі» ауылшаруашылық өнімдерін өсіруде заманауи озық агротехнологияларды қолданылатын өзіндік демонстрациялық алаң. Бұл агротехнологияларды еліміздің агроөндірістік кешендеріне кеңінен тарату үшін «Оңтүстік агропаркі» базасында ұдайы имидждік және үйрету, оқыту шаралары ұйымдастырылады. Оның бірі осы «Агропарктегі жаз» атты Егістік күні. «Оңтүстік агропаркі» құрылғаннан бері бұл жерге АӨК-нің 3 мыңға жуық маманның жолы түскен. Сондай-ақ агропаркке ҒЗИ ғалымдары, еліміздің аграрлық оқу орындарындағы жас мамандары мен магистрант, докторанттары жиі келеді.
Цифрлы технологиялар жұмысты жеңілдетеді
Қысқасы, бастама баянсыз емес, мүдделілік танытқан тараптармен 50-ден астам мәмілеге қол қойылған.
Егістік күніне еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы ауылшаруашылық тауарларын өндіретін кәсіпкерлер ғана емес, алыс-жақын шетелдерден жүздеген маман арнайы ат басын тіреп отыр. Мұның өзі аграрлық сектордың маңызын айғақтап, аталған салаға деген қызығушылықтың өсіп келе жатқанын байқатады.Қалай десек те цифрлы технологияларды пайдалану агробизнес жүргізуді айтарлықтай жеңілдетіп, түсімді молайтып, төгілген терді ақтайтынына бұл жобаға атсалысып отырғандардың көзі әбден жетті.
Аграрлық кәсіптің айналасында жүргендер биылғы маусымдағы бақша өнімдерінің бейімделген, сынақтан өткен сұрыптарын көрді. Бұл арада ауыл шаруашылығында қолданылатын жаңа техникалардың да маңыздылығы бір мысқал кем емес. Мәселен «John Deere» фирмасының комбайндары, жаңа «МТЗ-95», «МТЗ-80», 165 класты трактор, тұқым сепкіш, культиватор, чизельді соқа, «CLAAS MEDION» комбайнының мүмкіндіктерін шаруа адамдары көріп отыр.
Әлемде екінші «жасыл төңкеріс» жүріп жатыр
– Қазір әлемде ауыл шаруашылығы саласында екінші «жасыл төңкеріс» жүріп жатыр. Бұл төңкерістердің негізгі драйверлері – ауыл шаруашылығы өнімдерін сұрыптауда генетикалық әдістер мен заманауи агротехнологияларда биопрепараттарды қолдану. Әлемдегі ірі Байер, Сингента, БАСФ, Кох, Яра сынды трансұлттық химиялық компаниялар ауыл шаруашылығындағы биопрепараттар мен биотехнологияларға үлкен қызығушылық таныта бастады. Ресейдің минералдық тыңайтқыштар шығаратын Еврохим, Фосагро, Уралхим, Акрон, Авнуст, Щелковоагрохим сияқты ірі компаниялары да осы мүдде аясында әрекет етіп отыр. Бұлар соңғы жылдары 8 миллиард доларға биотехнологиялық компанияларды сатып алды. Және олар микробиологиялық тыңайтқыштар, гумин қышқылдарын, өздері сататын тұқымдарға бейімделген, өсімдіктерді қорғайтын препараттар өндіріп, ТМД мен Қазақстан нарығына шығара бастады, – дейді ҰҒА академигі Абай Сағитов.
Академик Абай Сағитов Өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты сынақтан өткізген Экстрасол, Актофит, Ларвибакт сияқты өсімдіктерді қорғау құралдарының нәтижесі туралы баяндай келе, еліміздегі ірі шаруашылықтар мен фермерлері аталған ҒЗИ сынақтан өткізген агротехнологияларды қаперде ұстап, санаулы жылдарда Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында революциялық өзгерістер жүретінін нақты мысалдармен дәйектеді.
Алқаптағы алқалы жиында қатысушылар No-Till технологиясы, яғни жерді жыртпай-ақ өңдеу, заманауи ирригация, мұнаралық құрылымдар, күн энергиясын пайдалану, жылыжайлардың тиімділігі туралы өзара пікір алмасты. Фермерлер вице-министрдің бұл келісін пайдаланып, мінберге шығып, көкейлерінде жүрген сауалдары мен арыз-мұңдарын ортаға салды. Мәселен, қазір егіс тұқымдарына субсидия беру тоқтатылған. Сол сияқты жүгері өсіретіндер де егіс алқаптарын кеңейтіп, техникалар алуға қаражат қат болып отырғанын алға тартып, өздеріне субсидия беруді сұрады. Өйткені қазір оларға да несие берілмейді. Ал күріш егетіндердің бірқатары құжаттарын дер кезінде даярлап үлгермегендіктен, биыл егін егу басталғанша субсидия алуға үлгере алмай қалған. Бұл ретте Айдарбек Сапаров агробизнеспен айналысатындарға осы саладағы жаңалықтар мен өзгерістерден үнемі хабардар болып, құжаттарды дайындауда арқаны кеңге салып жүріп алмауды ескертті.
Бірінші вице-министр агроөндірістік кешендерді, шаруа қожалықтарын мемлекет тарапынан қолдауда әлі де бірлесіп, ақылдаса отырып шешетін мәселелер бар екендігін айтты. Алматы облысы, Қарасай ауданы