• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әлем 22 Шілде, 2019

Аштық қыспағындағылар азаймай тұр

784 рет
көрсетілді

Біріккен Ұлттар Ұйымы әлем бойынша 820 млн адам аштықтың қыспағында қалғанын айтып дабыл қағып жатыр. Бұл мәселе БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы, Халықаралық ауыл шаруашылығын дамыту қоры, Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы ұйымы және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бірлесе әзірлеген баяндамада айтылған.

Әлем халқының 17 пайызы тойып тамақтанбайды

Аштыққа ұшырағандардың саны бойынша Африка елдері көш бастап тұр – Қара құрлық халқының әрбір бесіншісі ішерге ас таба алмай отыр. Онан кейінгі орындарды халқының 7 пайыздайы тойып тамақ ішпейтін Латын Америкасы мен Кариб өңірі бөліседі. Ал Азияда бұл көрсеткіш 12 пайызды құрайды.

Сарапшылардың пайымдауынша, бұл үдеріс жалғаса беретін болса, БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының екіншісі саналатын 2030 жылға қарай аштықты жою бағдарламасын орындау мүмкін болмай қалады. 

– Климаттың өзгеруі, табиғаттың тосыннан соғатын құбылыстары, қа­ру­лы шиеленістер – аштықтың басты себептері. Алайда баяндамада бұған экономикалық даму қарқы­ны­ның бәсеңдеуі де әсер еткені көрсе­тілді, – дейді Халықаралық ауыл шаруа­шы­лығын дамыту қорының президенті Гилберт Хоунгбо.

Баяндамада 2015 жылы дүниеге келген 20,5 млн баланың салмағы аз боп туғаны атап көрсетілген. Алайда, соңғы алты жылда өсуі кешеуілдеген балалар саны 10 пайызға кеміген. 

Сонымен қатар көбіне дұрыс та­мақ­танбаудың салдарынан болатын артық салмақ дерті мен семіздікке душар болғандар есебі әлемнің барлық өңірлеріне тән қатер болып отыр. 

БҰҰ баяндамасында 2016 жылы әлемде артық салмақты 2 млрд ере­сек адам мен 338 млн баланың есеп­те тұрғаны көрсетілген. Ресми жария­лан­ған деректерге қарағанда, семіздік дерті мектеп жасындағы оқушылар арасында кең таралып келеді. 

– Бұл қауіпті құбылыстармен күрес неғұрлым пәрменді және ауқымды болуы тиіс, біздер осы салада ынтымақ­тас­­ты­ғымызды күшейтуіміз керек, – дей­ді халықаралық ұйымдардың бас­шы­лары. 

Халықаралық құжатта аштықтың әлеуметтік теңсіздік өскен елдерде анағұрлым көбейгені көрсетілген. Мұн­дай елдерде қоғамның әлеуметтік осал өкілдері кедейліктің қамытынан шыға алмай, экономикалық дағдарысты еңсеруге қауқарсыздық танытып ке­леді. Сондықтан да халықаралық ұйымдар енді сіңірі шығып, кедейленген адамдарға арналған жобаларды көптеп қолға алмақшы. 

Баяндамада 1,3 млрд адамның, яғни әлем халқының 17 пайызының күнделікті дұрыс тамақтануға жағ­дайы жоқтығына мән берілген. «Бұл адам­дар аштықтан зардап шекпесе де, то­йып тамақ ішпейтіндіктен денсау­лық­тарына залал келіп жатыр», делінген баяндамада.  Қысқасы, соңғы үш жылдықта әлем бойынша аштықтың қыспағында қалғандар саны мүлдем азаймай отырса, семіздік дертіне ұшырағандар көбейіп келеді екен. 

Аш жүргендер Еуропада да көп

Халықаралық ұйымдар басшы­ларының баяндауларына қарағанда, азық-түлік қауіпсіздігінің сақтал­мауынан ерлерге қарағанда әйелдердің зардап шегу қаупі басым. Бұндай алшақтық көбіне Латын Америкасында байқалуда.

Жоғарыда айтылғандай, Афри­ка­дағы жағдай расымен де дабыл қағар­лық күйде. Әсіресе Шығыс Африка хал­қының 30 пайызы ашқұрсақ жүр. БҰҰ деректеріне сенсек, 2011 жыл­дан бергі уақытта елдегі экономи­каның құлдырауы немесе өндіріс пен сауданың өрісі тарылып, өсімі тоқтағалы бері халықтың тең жартысы аштықтың қамытын киді десе болады.  Жалпы, БҰҰ-ның бұл жолғы баяндамасы тек азық-түлік қауіпсіздігіне арналғандықтан, өлім-жітім деректері көрсетілмеген. Әйтпесе, аштықтан ісініп бақилық болып жатқандар да аз емес. Тек аштық емес, тойып тамақ ішпеуден бастау алатын түрлі індеттер мен кеселдер де адамзатты аз опындырып жатқан жоқ.  Әдетте аштық пен ашқұрсақ адамды бейнелейтін суреттер баспасөзде жиі жарияланады. Әсіресе, осы сәтте көз алдыңызға қабырғалары ыр­си­ған, қарны ісінген, аяқ-қолдары ши­дей балалардың суреттері келген болар... Ал бұған дейін еш жерде жария­лан­баған мына суреттерді Түркияда білім алып жатқан қандасымыз, әскери журналист Назгүл Кенжетай 2016 жы­лы Сирияның Алеппо қаласының ма­ңында түсірген.  Бұлар – отбасынан айырылған жетім балалар. Н.Кенжетайдың айтуынша, оларды Сирияға кезекті сапарында босқындардың шетелге қашуға ыңғайланып, топтасқан жерінде болған кезінде фотоға түсірудің сәті түскен.  Аталған өңірде аш-жалаңаш, бір үзім нанға зар болып босқан бала­лардың санында есеп жоқ. Тіпті ересектердің өзі бас сауғалап жүріп, әлі келгендері бір бірінің азығын тартып жеп, жүрек жалғап алуда. 

Жуырда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен үш кезеңде жүзеге асырылған «Жусан» гуманитарлық операциясының кезінде елімізге Сирияда қаңғып қалған жүз­деген бейкүнә бала жеткізілгені бел­гілі. Олардың барлығы дерлік ата-ана­ларының қалауымен соғыс аймағына тап болып, бақытты балалықтан күдер үзе жаздап еді. Елге оралар сәтте біздің әскерилер бүлдіршіндерді алдымен тойғызып, тамақтандырып алған. Өйткені қарша бораған оқ пен бомбалаулар кезінде Сирия, тіпті кез келген соғыс аймағында қалғандар азық-түлік түгілі бір жұтым суға зар болатыны рас. 

– Қазір Таяу Шығыс елдерінде аш-жалаңаш, аштықтың зардабын тартып жүргендер өте көп. Әсіресе, Сирия мен Йемен Республикасындағы ахуал халықаралық қоғамдастықты ерекше алаңдатып отыр. Соғыстың, дағдарыстың бетін әрмен қылсын. Мен елімізге келген сайын бейбіт өмірдің, тыныштық пен тұрақтылықтың қадірін ерекше сезіне бастаймын. Кезінде Қазақстанға босып, жер аударылып келген талай ұлттың өкіліне бір жа­пы­рақ нанын бөліп беріп, аштықтан аман алып қалған біздің халқымыздың несібесі мол екеніне күмәнім жоқ. Қа­зір туған Отанымдағы халықтың тұр­мыс жағдайы көп елдерден артық бол­маса, кем емес, – дейді әскери фото­тілші Назгүл Кенжетай.

БҰҰ деректері тойып тамақ жемеу мәселесі қазынасы мол, экономикалық қуатты мемлекеттерді де айналып өтпегенін көрсетеді. Айталық, Сол­түс­тік Америка мен Еуропа халықтарының 8 пайызының тұрақты тамақтануға шамасы жоқ екен.