«Астана». Еурододалардың соңғы төрт маусымында топтық кезеңде өнер көрсетіп жүрген елорданың «Астана» командасы биыл Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінен өте алмай, Еуропа лигасына түсіп қалды. Тарихқа көз жүгіртсек, «Астана» Еуропа лигасының іріктеуі кезеңінде тек 2014 және 2015 жылғы маусымда ғана ойнаған-ды. Енді араға төрт жыл салып, Еуропа лигасына қайта оралды. Аталған турнирдің екінші іріктеу кезеңінде ел чемпиондары Андорраның «Санта-Колома» клубымен кездеседі. Еуропа лигасының ережесі бойынша, алғашқы матч 25 шілдеде, яғни алдағы бейсенбі күні өтуі керек болған. Алайда, «Астана» ел чемпионатының аясында 26 шілдеде кезекті ойынын өткізетіндіктен, өзара келісім бойынша бірінші матч 23 шілдеде ойналатын болды. Қарымта матч белгіленген уақыт бойынша 1 тамызда «Астана Аренада» өтеді.
«Қайрат». Алматының командасы Еуропа лигасындағы алғашқы іріктеу кезеңін сәтті бастады. Босния және Герцеговинаның «Широки-Бриег» клубымен кездескен «Қайрат» өз алаңында да, сырт алаңда да 2:1 есебімен жеңіске жетті. Екінші кезеңде Израильдің «Хапоэль» (Беэр-Шева) ұжымымен келесі бәсекенің жолдамасын сарапқа салады. «Хапоэль» турнирдің бірінші кезеңінде Албанияның «Лячи» клубымен кездесіп, екі ойын қорытындысы бойынша 2:1 есебімен жеңіп, екінші раундқа өткен болатын.
Екінші іріктеуде «Қайратқа» оңай қарсылас тап келді деп айта алмаймыз. «Хапоэль» 2014/2015 жылғы маусымнан бері Еурокубок ойындарына қатысып келсе, соның ішінде 2016/2017 және 2017/2018 жылғы маусымда Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсеткен. Тіпті топтық кезеңнің алғашқы маусымында екінші орын иеленіп, плей-офф кезеңіне дейін жеткен. Былтыр Еуропа лигасының үшінші айналымында Кипрдің АПОЭЛ командасынан жеңіліп, жарыстан ерте шығып кетті. «Қайрат» та былтырғы маусымды үшінші кезеңнен аяқтауға мәжбүр болған-ды. Чехияның «Сигма» клубымен кездесіп, екі ойын қорытындысы бойынша 1:4 есебімен жеңілді. Биыл екі ұжымның мақсаты – Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығу. Екі команда арасындағы алғашқы кездесу 24 шілдеде Израильде, қарымта матч бір аптадан соң Қазақстанда өтеді.
«Ордабасы». Шымкеттің клубы араға бір жыл салып Еуропа лигасына қайта оралды. Былтырғы маусымға қаржылық жағдайына байланысты қатыса алмай, орнына Павлодардың «Ертіс» командасы ойнаған болатын. «Ордабасы» Еуропа лигасының алғашқы іріктеу кезеңінен еш қиындықсыз өтті. Грузияның «Торпедо» клубымен кездескен жерлестеріміз, екі ойынның қорытындысы бойынша 3:0 есебімен келесі кезеңге жолдама алды.
Шымкенттің командасы екінші кезеңде Чехияның «Млада-Болеслав» командасымен кездеседі. Еуропа рейтингінде Чехияның жоғары орында тұруына байланысты бұл елдің командалары іріктеуді екінші кезеңнен бастайды. «Млада-Болеслав» өз елінде титулды команда саналмайды және Еурокубок бәсекелерінде де нәтижесі жақсы емес. Жоғарыда айтқанымыздай, іріктеу сатысын үнемі екінші кезеңнен бастап, үшінші кезеңнен әрі аса алмай келеді. Қос команда арасындағы алғашқы кездесу 23 шілдеде Чехияда, қарымта матч 1 тамызда Қазақстанда өтеді.
«Тобыл». Қазақстандық командалар арасындағы ең нашар нәтиже көрсеткен және бірінші айналымнан аса алмаған Қостанайдың «Тобыл» командасы болды. Люксембургтің жартылай кәсіпқой командаларының бірі «Женнес» клубын жеңе алмады. Сырт алаңда 0:0 есебімен тең ойнап, «Астана Аренада» өткен қарымта матчта да 1:1 есебімен тең түсті. Қонақтар сырт алаңда соққан жалғыз голының арқасында келесі кезеңге жолдама алды. Кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында «Женнес» бас бапкері Николас Хейсман клубтың жылдық бюджеті 500 мың еуро екенін, тіпті футболшылары күндіз қосымша жұмыс істейтінін айтты. «Біздің бюджетіміз «Тобылдан» алты есе кем деп ойлаймын. Себебі біздің жылдық бюджетіміз 500 мың еуро. Біздің команда осыдан 13 күн бұрын жиналып жаттығу жұмыстарын бастады. Олардың көбісі күндіз өз жұмыстарында жүреді де, кешке жаттығуға келеді. Сондықтан да бізде «Тобылға» қарсы дайындалуға көп мүмкіндік болмады», дейді ол.
Осылайша, «Тобыл» футболшылары өздерінен төмен деңгейдегі команданы жеңе алмай, бүкіл Еуропаға және қазақстандық жанкүйерлерге масқара болған жайы бар.