Шыны керек, алпыс жылға жуық көк базардың алдында тұрған ескерткіштің тозығы жеткен. Бірақ ескі ескерткішті де қоқысқа лақтырып тастаған ешкім жоқ. Тек оны қайтадан жөндеуден өткізіп, тиісті жерге орнатудың мүмкіндігі қарастырылып жатқан болатын. Алайда «Біткен іске сыншы көп» дегендей, Жамбыл ескерткіші өңірдің бас ғимаратының алдына орнатылған күннен бастап әңгіме көбейді. Бұл бастаманы құптағандар да, құптамағандар да табылды. Әсіресе әлеуметтік желілерде Жамбыл ескерткішіне қатысты дау өршіді. Көп жағдайда желі белсенділері ескерткіштің өз орнында қалуын талап етіп жатты.
Бұл мәселенің дүбірі тек Жамбыл өңірінде ғана емес, республика бойынша да белгілі болды. Тіпті кейбір азаматтар бұл мәселеге қатысты ақынның ұрпақтары не дейді екен деген әңгімелерге де барған еді. Жуырда жыр алыбының шөбересі Мұратхан Жамбылов өңірге келіп, облыс әкімі Асқар Мырзахметовпен кездескен болатын. Ақынның ұрпағы өз сөзінде бұл бастаманың өте орынды екенін, сондықтан да Жамбыл әулетінің атынан алғыс айтатынын жеткізді.
Мұратхан Жамбылов Тараз қаласына алғаш рет жеті жасында келіпті. Содан кейін де жолы түскенде келіп жүрген. Ол өз сөзінде көк базар маңындағы Жамбыл ескерткішін алғаш көргендегі естелігімен де бөлісті. «Әлі есімде, сонда ескерткіштің айналасы құжынаған халық. Алды көк базар. Абыр-сабыр таңнан қара кешке дейін бір басылмайтын. Сонда ескерткіштің көлеңкесінде есінен айырылғанша ішімдік ішіп, көлеңкесінде ұйықтап жатқандарды да көргенмін. Ал қазір бабамыздың ескерткіші өз орнын тауып, облыстың бас ғимаратының алдында менмұндалап тұр. Бізге, баба ұрпақтарына бұдан асқан қандай бақыт керек», дейді ол. Бұл орайда Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов те өзінің пікірін білдірді. «Егер ескерткіштің жағдайы жақсы болса, бүтінді бүлдіріп неміз бар. Мәселен, облыстық қазақ драма театрының алдындағы Бауыржан Момышұлының ескерткіші жарамды болғандықтан сол күйінде «Жеңіс» саябағына қойдық. Ал Жамбыл Жабаевтың ескерткішінің тозығы жеткендіктен ауыстыруға тура келді. Бұл асығыс жасалған қадам емес. Алдымен барлығы жан-жақты зерделенді», дейді әкім.
Ел болған соң түрлі пікірлер де болады. Кезінде Американың бір газеті «Қазақстан дейтін елде, Жамбыл дейтін жерде ашаршылыққа арналып ескерткіш қойылыпты. Қолында қасығы бар бір шал алақан жайып тұр екен», деп жазыпты дегенді де естігенбіз. Сонда Жамбыл ақынның қолындағы домбыраны қасық деп, қолын сермеп тұрғанын алақан жайып тұр деп жазыпты деген де сөз болған. Енді бүгінде Жамбыл ескерткішіне байланысты мынадай дау шықты. Әрине, ескерткіштің орнын ауыстырғаннан ештеңе өзгермесе де, ескіні жаңалауды құптаған жөн. Ендігі жерде бұл даудың нүктесі қойылды деген үміт бар.
Жамбыл облысы