Сейсенбі, 14 мамыр 2013 2:03
Осымен қатарынан алтыншы рет өткізілгелі отырған Астана экономикалық форумының халықаралық сахнада беделі барған сайын артып келеді. Жылдан-жылға бұл халықаралық форумның талқылайтын тақырыптарының ауқымы да қомақтанып, қаралатын мәселелерінің маңызы да жаһандануда.
Сейсенбі, 14 мамыр 2013 2:03
Осымен қатарынан алтыншы рет өткізілгелі отырған Астана экономикалық форумының халықаралық сахнада беделі барған сайын артып келеді. Жылдан-жылға бұл халықаралық форумның талқылайтын тақырыптарының ауқымы да қомақтанып, қаралатын мәселелерінің маңызы да жаһандануда.
VІ Астана экономикалық форумының шеңберінде 2013 жылғы 22 мамырда «Әлемдік рынокқа шығу жолында көлік инфрақұрылымын және Каспий теңізіндегі халықаралық бағыттарды дамыту» атты тақырыпта панельдік сессия өткізіледі. Бұл панельдік сессияның негізгі мақсаты – Қазақстанның транзиттік және логистикалық мүмкіндіктерін анықтау, халықаралық көлік инфрақұрылымына белсенді араласу мақсатындағы еліміздің көлік-коммуникациялық кешенінің әлеуетін арттыру. Сессияға қатысушылар Еуразия құрлығының жаһандық көлік-коммуникациялық инфрақұрылымдағы рөлін ескере отырып, жаңа сауда бағыттарын ашу мүмкіндіктерін қарастырады. Панельдік сессия жұмысына Автомобиль көлігі халықаралық одағының (IRU) Әуе жолдары халықаралық ассоциациясының (ИАТА), Түркітілді мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің, ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысады.
Халықаралық форум күн тәртібі бойынша, 23 мамыр күні «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ «Қазақстандағы кәсіпкерлік: тәуекелдер және мүмкіндіктер» атты панельдік сессия өткізеді. Бұл отырыстың мақсаты – Қазақстанның шағын және орта бизнесінің халықаралық рыноктағы рөлін айқындап, шетелдердегі озық тәжірибелерді өндіріске енгізу болып табылады. Панельдік сессияның қорытындысы бойынша, әлемдік озық тәжірибелерді сараптай отырып, Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың жаңа мүмкіндіктері қарастырылады. Осы бір маңызды халықаралық басқосуға Кореяның орта және шағын бизнес корпорациясының президенті Парк Чеол-Кю, Бүкіләлемдік әйел-кәсіпкерлер ассоциациясының президенті Даниэль Лафон, Германия әйел-кәсіпкерлері одағы басқармасының мүшесі Карин ван Мурик және басқа бизнес әлемінің белгілі тұлғалары қатысады деп күтілуде.
Сонымен бірге, форум аясында 24 мамыр күні «Astana Invest 2013» деген тақырыппен Халықаралық инвестициялық форум өткізіледі. Бұл форумның мақсаты – Астана қаласының инвестициялық ахуалын жақсарту және қала экономикасының отандық және шетелдік инвестицияларды тарту, халықаралық рынокта «Астана – Қазақстанның елордасы» брендін қалыптастырып, дамыту. Форум жұмысына еліміздің орталық және жергілікті атқару органдарының, ұлттық компанияларының, даму және қаржы институттарының басшылары, Астана қаласының бизнес өкілдері және шетел компанияларының өкілдері қатысады.
Нияз ЖЫЛҚЫБАЕВ.
АСТАНА.