Естеріңізде болса, Халықаралық Олимпиада комитеті бокстан ерлер арасындағы 10 салмақ дәрежесін сегізге дейін қысқартып, қыздар боксына екі салмақ қосқан болатын. Биылғы Президент кубогы ХОК-тың бекіткен жаңа салмақ дәрежесі бойынша өтті. Ерлер арасындағы сегіз салмақтың жетеуінде қазақстандық боксшылар бас жүлдені иеленді. Тек 63 кило салмақта үндістандық Шива Тапа жеңіске жетті.
52 килода Сәкен Бибосынов, 57 килода Рустам Рустамов топ жарды. 69 кило салмақта команда көшбасшысы Абылайхан Жүсіпов өз мықтылығын тағы бір дәлелдеді. Ал биылғы Азия чемпионы Тұрсынбай Құлахметке (75 кг) ешкім тең келген жоқ. 81 килода жеңімпаз атағы Ерік Әлжановқа бұйырды. Василий Левит (91 кг) финалда жас боксшы Айбек Оралбайды жеңіп, чемпион атанды. Аса ауыр салмақта команда капитаны Қамшыбек Қоңқабаев қарсылас шыдатқан жоқ.