• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
24 Шілде, 2019

Интернеттегі теріс идеяларға тосқауыл қоюдың маңызы

1832 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда ғаламдық деңгейде ақпараттық технологиялар мен ақпараттар тарату мүмкіндігінің қауырт дамуынан соңғы онжылдықта Интернетте деструктивті идеялардың насихатталуы күрт өсіп отыр.

Мұны деректер де растайды. Ғаламтор желісіне қатысты зерттеулер жүргізумен айналысатын Internet World Stats (IWS) ұйымының мәліметінше, 2019 жылғы ақпан айында әлемдегі интернет пайдаланушылардың көрсеткіші 4 млрд. 339 мың адамды құраған. Осы орайда, интернет пайдаланушылар санының өсу үрдісін басқа жылдармен салыстырар болсақ, осы саладағы үлкен өзгерістер анық көрінеді. Мәселен, 2000 жылы әлемдегі  интернет пайдаланушылар саны 300 млн. адамның төңірегінде болса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 1.7 млрд. адамды құраған.

Осы ретте, Интернеттің үлкен шығынды талап етпейтіні, әлемнің кез-келген бұрышында қолжетімділігі, мемлекеттік құрылымдардың толық қадағалауына түсе бермейтіні, коммуникациялық мүмкіндіктері мен анонимділігі оны пайдаланушыларға үлкен  мүмкіндіктер беретіндігін радикалдық, экстремистік және террористік ұйымдардың өз мүдделеріне ұтымды пайдалануға ұмтылатыны белгілі. 

2010 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 65 сессиясы барысында қабылданған «Халықаралық қауіпсіздік желісіндегі ақпараттандыру мен телекоммуникация саласындағы жетістіктер» атты қарарда әлемдік қауымдастық тарапынан ақпараттық салада өсе түсіп отырған қауіп-қатерлерге алаңдаушылық білдірілген болатын. 

Соңғы жылдары БҰҰ, ШЫҰ, ЕҚЫҰ тәрізді халықаралық ұйымдар мен басқа да бірлестіктер осы мәселе бойынша мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған тұғырларды мақсатты түрде қалыптастыра бастады. Әлемнің көптеген елдері ұлттық деңгейдегі өздерінің құқықтық тетіктерін жетілдіріп, басқа елдермен үйлесімді ынтымақтасуға түсуде. Атап айтқанда, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы (бұдан әрі - ЕҚЫҰ) 2005 жылдан бері адам құқығының сақталуын қамтамасыз ете отырып, Интернетті террористік мақсаттарда пайдалануға қарсы іс-қимылдарды жасақтау бойынша пәрменді шараларды жүзеге асыруға белсенді түрде қолғабыс көрсетуде.  Бұл жұмыстар ұлттық және аймақтық деңгейлерде   жан-жақты сұхбат орнату мен ынтымақтастықты тереңдете түсуге бағытталып, шетелдік сарапшылармен тәжірибемен және қол жеткізген нәтижелермен алмасуды қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр.  ЕҚЫҰ-ның 2012 жылы желтоқсан айында терроризммен күресу мақсатында қабылданған жинақталған тұжырымдамалық базасы Интернетті террористік мақсаттарға пайдалануға қарсы іс-қимылды Ұйымның және оған мүше-мемлекеттердің стратегиялық басымдықтары қатарына жатқызды. 

Қазіргі күнде Интернет пен әртүрлі әлеуметтік желілер оны пайдаланушылар лезде және жасырын жағдайда ақпарат тарататын және бөлісетін балама шынайылыққа айналуда. Әртүрлі деструктивті діни  ұйымдар мен ағымдардың идеологтары өз қатарларына жаңа жақтастарды тарту және өздерінің теріс идеяларын тарату үшін әлеуметтік желіге жаппай бет бұрды. Біз ондай жұмысты үкімет әскерлері мен халықаралық коалицияның күшімен бүгінгі күнде толық дерлік талқандалған ДАИШ террорлық ұйымының 2013-2015 жылдары Сириядағы «гүлденген шағындағы» кәсіби БАҚ-тары мен интернет-қызметінен көре аламыз. Аталған ұйым сол жылдары осындай ақпараттық мүмкіндіктер арқылы өз идеяларын насихаттайтын жүйелі жұмыстарды жүзеге асыра алды.

Осы орайда, ғаламдық желінің өзіндік ерекшелігі мен динамикалық сипаты халықаралық терроризмге ұлттық деңгейде қарсы іс-қимыл жүргізуге айтарлықтай қиындық туғызатынын айта кету керек. Мемлекеттердің экстремистік, радикалдық мазмұндағы сайттарды мониторингтеу мен тосқауыл қоюға бағытталған әрекеттері бар кезде оңды нәтиже бере қоймайды, өйткені деструктивті және террористік ұйымдар мен ағымдардың Интернет-ресурстары мен веб-порталдары өз форматтарын жиі өзгертіп, идеяларын басқа тақырыптар арқылы таратып, жаңа домендер құрып, сөз бостандығын пайдалана отырып әр елдердің хостингтерін пайдаланып отырады. Мұндай сайттардың провайдерлерінің шетелдерде болуы да көп жағдайда мәселені қиындата түседі. Әрбір мемлекеттердің ұлттық заңнамаларының өзгешеліктеріне байланысты бір мемлекеттің басқа елдің аумағында тіркелген деструктивті сайттарды жаптыруға дәрмені жетпейтін жағдайлар да осы мәселеге біршама тосқауыл болуда.

Халықаралық кооперациядағы осындай ағаттықтар террористік және экстремистік күштерге өз қызметтерін барлық дерлік елдерде таратуға үлкен мүмкіндіктер береді. Бұған виртуалды құрылғылардың көмегімен интернетте арбаушылардың  құрған торына түсетін адамдардың, оның ішінде жастардың жыл санап көбейіп отырғаны жағдайдың тым күрделі бағытқа ойысқанын көрсетеді.

Қазақстанда бүгінгі күнде басқа да елдердегі тәрізді ақпараттық қауіпсіздік мәселесі айтарлықтай өткір тұр.  Елімізде орныққан тұрақты діни ахуалға қарамастан, қоғамда тұрғындардың белгілі бір бөлігінің арасында діни радикалдану үрдісімен байланысты бой көрсетіп жүрген бірқатар мәселелер бар.  Осы орайда, экстремизм мен терроризм идеяларының интернет-кеңістікте белсенді тарауы тұрғындардың діни радикалдануына өзіндік түрткі болып отырғаны анық. Сондықтан мемлекеттік органдардың алдында осы саладағы қазіргі қауіп-қатерлерді ескере отырып, қоғамда қолайлы рухани ортаны қалыптастыру міндеті тұр.

Қазақстанда жылдан-жылға қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі жетілдіріле түсуде. Осы орайда, мемлекеттік органдардың экстремистік және террористік ұйымдардың жұмысын анықтау мен жолын кесуде, терроризмнің алышарттарына, оның ішінде Интернетте таралуына жол бермеуге бағытталған заңнамалық және ұйымдастырушылық жүйені жетілдіру ісінде айтарлықтай қомақты тәжірибе жинағанын айта кету қажет.

Елімізде 1999 жылдың шілде айында қабылданған «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңында терроризммен күресудің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздері, меншік түріне тәуелсіз мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызмет атқару тәртібі, сонымен қатар азаматтардың құқығы, міндеттері мен кепілдемелері нақты айқындалған. 2005 жылдың 18 ақпанында қабылданған «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңда еліміздің ақпараттық салада қорғалуы көрініс тапқан. Атап айтқанда, аталған заңның 12 бабына сәйкес елімізге экстремистік материалдарды әкелуге, басып шығаруға, дайындауға және таратуға жол берілмейді.

Бүгінгі күнде біздің еліміздегі экстремизм мен терроризмге қарсы жұмыстар экстремизм мен терроризм идеяларын анықтау, алдын алу, ескерту және жолын кесу бағытында жүргізілуде. Осы ретте, деструктивті идеяларды ауыздықтау мақсатында іске асырылып отырған жұмыстардың дені БАҚ пен Интернет кеңістікте жүргізіліп отырғанын айта кету қажет.

Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде іске асырылып отырған Интернетте деструктивті идеяларды дер кезінде анықтау және жолын кесу жұмыстарында мемлекеттік органдармен «Киберқадағалау»  жүйесі пайдаланылуда. Діни радикализм, экстремизм және терроризм идеяларын таратумен және насихаттаумен айналысатын интернет-ресурстардың қызметі сот шешімімен бұғатталып отырады.

Қазақстандағы діни радикализм мен экстремизмнің алдын алуға бағытталған жұмыстарда ағартушылық шараларға үлкен басымдық берілетіндігін айта кету керек. Елімізде тұрғындардың дәстүрлі ислам түсінігіне негізделген сауатын арттыру және діни сипаттағы радикалдық идеяларды әшкерелеу мақсатында «Kazislam» ағартушылық интернет-порталы мен зайырлы және діни мазмұндағы көптеген интернет-ресурстар жұмыс істеуде. Үкіметтік емес ұйымдарды, белсенді блогерлер мен білікті сарапшыларды тарту арқылы бүгінгі күнде жүзеге асырылып отырған осындай кешенді жұмыстар мен шаралардың нәтижесінде  діни сипаттағы радикалдық және экстремистік идеялардың интернет-кеңістікте таралуы күрт азайды деп толық сеніммен айтуға болады.

Жалпы, мемлекеттік органдардың еліміздің тұрғындарын діни радикализм мен экстремизмнен қорғау мақсатында қазіргі күнде жүргізіп отырған табанды әрекеттері, үнемі жетілдіріліп отырған бірлескен және үйлескен шаралары деструктивті интернет-ресурстардың ақпарат таратуына нақты тосқауыл болып отырғаны сөзсіз.

Мейрам Иманбаев, сарапшы