• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 25 Шілде, 2019

Мейірімді суретшінің «Мегаполисі»

644 рет
көрсетілді

«Мен шығармашылығымда негатив бермеуге, керісінше мейірім қосуға тырысамын. Ашық түстерді пайдалануға бейіммін. Бала күнімде әкемнің оюларына бояу жағатынмын. Ашық түстерді қол­дану сол бала күнгі естеліктерден қалған», дейді белгілі қылқалам шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Суретшілер одағы мен Дизайнерлер одағының мүшесі Сұлтан Иляев.

Елімізге танымал суретші Ғани Иляевтың ұлы ғана емес, оның өнерін де жалғастырған мұрагері Сұлтан Ғаниұлы жуырда Шымкент қаласында жеке шығармашылық көрмесін өткізді. Көрменің құрметті қонағы болған белгілі қылқалам шебері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ерболат Төлепбай: «Сұл­танның әрбір туындысы тол­ғануды қажет етеді. Кескіндеме өнерінде композициялық шешім деген болады. Суретші туын­дыл­арының басым бөлігінде өте сәтті композициялық шешімдер бар. Өнер жолында бірден үлкен дәрежеге жете қою қиын. Оған сатылап жетеді. Ал Сұлтан­ның кейбір жұмысында өте сәтті шық­қан дүниелері бар екен», деп пікірін білдірді. 

«Мегаполис» атты көрмеге ав­тор­дың соңғы жылдары салын­ған 100-ден астам туындысы қойыл­ған. Атап айтқанда, «Ауыл», «Алтын ай», «Арнау», «Ағаш көлең­кесінде», «Қалыңдық», «Бесік», «Теңіздің жағасында», «Ұшу» сынды 28 полотно мен «Балалық шақ», «Бала түсі», «Идиллия», «Ұшу», «Ояну», «Күн мен түн», «Әуен», «Күн астындағы үй», «Балық­тар мен құстар» сияқты гра­фи­калық кескін­демелер бар. Қыл­қалам шебер­лерінің бағалауынша, С.Иляев өнеріне символдар мен таңбаларға толы кескіндемедегі ерекше форманы тапқан суретші. Ол өз картиналарына этно­мә­дени сипатқа толы құрақ, шаңы­рақ сынды қазақтың сәндік-қол­данбалы өнерінің элементтерін кіргізген. Өнертанушылар су­рет­­ші шығармаларының басты тұжы­­рымы – қасаң шеңберді бұ­зып, қарапайым адамдар бай­қай бермейтін әлемге, кез келген кескінге жаңа күй сыйлауы­мен даралану екенін айтуда. Көп­шілік жоғары деңгейде ұйымдас­ты­рыл­ған көрмеге жақсы баға беріп, өнер иесіне алғысын білдіруде. 

Айта кетейік, суретшінің жұ­мыс­­тары бүгінде Алматы, Мәс­кеу, Таш­кент, Сочи қалаларындағы музейлерде және әлемнің түрлі қалаларындағы жеке галереяларда сақтаулы. 

Шымкент