Ұлттық музейде ашылған «Шарайна» көрме-залына аяқ басқан жанды арыстандай арқыраған ректор, от ауызды, орақ тілді айтыскер, қарагердей кісінеген ақын, жем-шөбіне ие бола алмай аузы шүршиген министр, әншілігімен елді аузына қаратқан билікшіл ханым тік тұрып қарсы алады. Бұрынғы және соңғы жылдары салынған 100-ге тарта карикатура жанрындағы туындыларынан автордың отыз жылдық шығармашылығының эволюциясын көруге болады. Орындау техникасымен бірге тақырып тұрғысынан да әр алуан сипатқа ие жұмыстарының алғашқы кезеңі миниатюрлы келсе, кейінгі қолтаңбасы түрлі-түстілігімен ерекшеленеді. Суретшінің айтуынша, түс мінезді жақсы жеткізуге көмектеседі.
«Қасым Қайсеновпен танысуға барғанда, атымды естіген ағамыз «Қазақ әдебиетіне» шығып жатқан сен бе? Міне, сенің альбомыңды жасап қойдым» деп, газетке шыққан суреттерімді қиып, оқушы дәптерін толтырып, альбом жасап қойыпты. «Керек болады. Кітап шығарып, көрме өткізесің» деп алғаш айтқан сол Қасым аға болатын. Әйтпесе, сурет салына бастағанда осы жанрдың етегінен түпкілікті ұстаймын деп ойлаған жоқпын», деп еске алады суретші. Өзінің айтуынша, жас суретшінің талантын алғаш таныған «Балдырған» журналының бас редакторы Мұзафар Әлімбаев болса, редакторлардың редакторы атанған Шерхан Мұртаза, сын сардары Қалтай Мұхамеджанов бағыт-бағдар беріп, карикатура жанрымен жүйелі түрде айналысуына елеулі ықпал еткен. Осылайша Еркін Нұразханның жанқияр еңбегі турасындағы ағалар лебізі келешек өрісіне жол ашып беріп, қазақ бейнелеу өнеріндегі кенже қалған карикатура жанрын өмірлік мақсат-мұратына айналдырды. 1982 жылдан бері қызметтік ортада жүздес болған белгілі тұлғалар мен қаламгер ағаларына шарж жасап, «Қазақ әдебиеті» газетінің соңғы бетінде әзіл мен эпиграммалардың шырайын ашатын суретші еңбегіне арналған арнайы рубрика ашылады.
Жауынгер жанр саналатын шарж – адамның сыртқы ұқсастығын айнытпай берумен қатар, ішкі жан-дүниесін ашып көрсетуде әзіл-қалжыңға арқа сүйейді. Әр алуан кейіптегі ыржия күлген кейіпкерлер хоры қоғамның боямасыз шындығын шырқайды. Күлкі ету ғана емес, мұнда жүрек түкпіріне терең үңілу бар. Бірде жазушы Асқар Сүлейменов өзі бейнеленген шарж-портретті қолына алғанда мінезі қияңқы, көп нәрсені жарата бермейтін айна-қатесіз болмысын көріп таңғала «Мені айнытпай салыпты. Ну что же? Ұқсап тұрғаннан кейін амал не? Бір қарағанда мыстан кемпір сияқты екенмін. Еркін біздің қасиетімізді де, қасиетсіздігімізді де көрсетіп тұр ғой», деп мейірлене жымиып алыпты. Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбай оның шығармашылығына деген айрықша лебізін «Карикатура королі» деп ризашылықпен білдіруі бояуы қанық, болмысы анық талант иесін жазбай танығаны болса керек. «Карикатура – мен үшін біздің тұрмыс-тіршілігімізге деген көзқарас, жанымызды ауыртқан дертке дауа іздеу. Карикатуралық суреттер аудармашыны қажет етпейді. Ол көпке ортақ тілде сөйлейді. Ащы сын жеке бір тұлғаға қарата айтылмауы мүмкін, сөйте тұра өз иесін табары да сөзсіз», деген карикатура королі күлкінің ар жағында жазалау емес, жанашу жатқанын түсінсе дейді.