• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Руханият 26 Шілде, 2019

Азамат жолы айшықты

369 рет
көрсетілді

Бүгін әңгімелегелі отырған кейіпкерім жөнінде айтпас бұрын өткен ғасырдың 1995-1996 жылдары жас тәуелсіз мемлекетіміздің өмірінде болған тарихи оқиғаларды еске түсірудің реті келіп тұр. Өйткені ол оқиғалар кейіпкеріміздің бұдан кейінгі тіршілігімен тікелей астасып жатыр. Атап айтқанда, 1995 жылғы 30 тамызда еліміздің жаңа Конституциясы қабылданса, сол жылдың желтоқсан айында Парламент сайлауы өткізіліп, елімізде қос палаталы жоғары заң шығару органы тұңғыш рет дүниеге келді.

Әрине, қос палаталы Пар­ла­­­­менттің қалыптасып, ая­ғы­­нан тік тұрып кетуі оңай шаруа болған жоқ. Мұн­дай үл­кен жетістікті ең алдымен республиканың тәуел­сіз­­­дігімен байланыстырамыз. Тәу­ел­­­сіздікті жариялағаннан кейін еліміз біртіндеп еңсесін тіктеп, өзінің бұдан былайғы алар биігін еркін әрі дұрыс таңдаудың жарқын жолына түсті. Соның бірі әрі ең бас­ты­сы – билік тармақтарының жұмысын реттеу болатын. Атқарушы билік, заң шығару билігі және сот билігі өз өкі­лет­­тіктері шегінде бір-бірімен өзара тығыз қарым-қатынас жасай отырып, дербес жұмыс істей білуге тиіс еді.

Осындай келелі мақсатты жүзеге асыру үшін құрылған жоғары заң шығару органына сайланып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген су жаңа депутаттар 1996 жылы қаңтар айында сол кездегі ару астанамыз Алматы қала­сын­дағы Парламент үйіне жиналып, ел тарихына шежіре болып енген заң шығару жұмы­сын бастап та кетті.

Жалпы, Қазақстанның тәуел­­­­­сіздігі жылдарында тұң­­­ғыш деген сөздің жиі қол­­­­да­нылатынына құла­ғы­мыз үй­ренді. Өйткені бәрі де тұң­ғыш рет жасалып жатты ғой. Пар­ламентте де солай болды. Қос палаталы тұңғыш Парла­мент. Мәжіліс пен Сенаттың тұңғыш төрағалары, жаңа заң шығару органына тұңғыш рет сайланған депутаттар... Міне, осы тұңғыштардың арасында біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ермек Жиеншеұлы Жұмабаев та бар еді.

Сенаторлық орынға жай­ғас­­қанға дейін белгілі бір дәрежеде өмір тәжірибесінен өтсе де Парламент табал­ды­­ры­ғынан аттаған кезден бас­­тап Ерекеңнің өзін үлкен бір емтиханның алдында тұрғандай сезінгені бар-ды. Бір есептен оның себебі түсі­нік­ті де шығар. Тәуелсіз елдің ең жоғары заң шығару органында жұмыс істеу, рес­пуб­лика егемендігін бекемдей түсуге атсалысар заңдар қабылдау жауапкершілігі кім-кімді де толғантпай, тол­қыт­пай қоймайтыны анық.

Ол бір ұмтылмас кездер-ді. Ерекең өзі бес жыл сту­дент­тік қызықты жылдарын өткіз­ген, кейін туған жерге оралса да әсем де сұлу көркі кө­кейі­нен кетпеген аяу­лы Алма­­тыға араға жылдар салып қыз­мет бабымен келемін деп ойла­маған да шы­ғар. Асқақ Алатаудың бау­райындағы бұл қаланың кел­­бетіне көз тойған ба. Шір­кін, Алматының, көрікті бой­­жет­кен­дей кербез қалпы жү­рек қылын шертіп, жан тебі­рен­туден жалықпайды-ау.

Бір жағынан сүйікті қала­сына қызмет бабымен тұ­рақ­­тайтынына, екінші жағы­нан билік тармағының ең жо­ғары органының бірі – Пар­ламентке депутат болып сайлануына марқайған көңілі қуаныш сезімімен астасып та жатқан-ды. Шынында да, «Алғашқы сезімді екінші рет бастан өткізе алмайсың» деген ағылшын мәтеліне сүйене айтсақ, қайсыбір оқиғалар адам зердесінде өмір бақи естен кетпестей болып қа­лып қояды емес пе? Ермек Жиен­шеұлы мұны Сенатқа Павло­дар облысынан депутат болып сайланған кезде өз басынан өткізді.

Осы арада сәл шегініс жа­сап, Ерекеңнің Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламенті Сенатына депутат болып сай­лан­­ғанға дейінгі өмірін қыс­қаша шола кеткенді жөн көріп отырмыз.

Иә, сонымен Парламент Сенатына Павлодар облысы­нан бір емес, қатарынан бірнеше рет сайланып, мәр­те­белі мекеме қабыр­ға­сын­да табандатқан 18 жыл тер төгіп, оның бақандай тоғыз жылында Сенаттағы жетекші комитет қатарынан саналатын, атауы уақыт талабына сай өзгеріп отыратын Заңнама комитетіне басшылық жасап, егемендігімізді бекем­дей түсетін жүздеген заң­дар­ды ой елегінен өткізіп, Конс­титу­цияға өзгерістер мен түзетулер енгізудің басы-қа­сында жүріп, қысқартып айтқанда, қыруар іс тындырып, құрметті демалысқа шыққан Ерекең Парламентке депутат болып сайланудан бұрын-ақ өз мамандығына әбден ысылған, заңгерлікке қатысты тиісті мектептерден өткен жан еді.

Мысал үшін айтсақ, өмір жолын өзі туып-өскен Пав­ло­дар облысының Шарбақты ауданындағы Шал­дай ауылында орта мектепті тәмам­да­ғаннан кейін осы облыстың Лебяжі ауданына қарасты Шақа ауылындағы, содан соң Шарбақты ауданына қарасты Жаңа зауыт ауылындағы мектепте мұғалім болудан бас­та­ған Ерекең ел алдындағы әскери борышын өтегеннен кейін жүрек қалауымен заң­гер­лік мамандығын алуға тал­пынып, Алматыға аттанды. Зердесі мықты, зерек та­лап­­кер көп ұзамай С.М.Ки­ров атындағы ҚазМУ-дің (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) заң факультетінің студенті атанды. Университет қабырғасынан заңгер маман­ды­ғын алып шыққаннан кейін Павлодар облысының прокуратура органдарында еңбек жолын бас­тады. Баянауыл аудандық прокуратурасының тергеушісі, облыс про­кура­ту­расының аға тергеушісі, Пав­лодар қаласындағы Ин­дус­­триалдық ауданы про­ку­р­орының орынбасары, Екі­бастұз, Май, Железин аудан­да­рының прокуроры болып абыроймен еңбек етті.

Көріп отырғанымыздай, Ерекең облыстың заң саласын дамытуға 20 жылдан астам уақытын арнапты. Осы жылдар ішінде оның облыстың қай ауда­нына бармасын өз ісін мінсіз атқаруы басшылықтың да, қарапайым халықтың да үнемі назарында болды. Бұл арада әңгіме прокурордың атқарып жүрген тірлігіне басшылық тарапынан да, жұртшылық тарапынан да көрсетілетін ризашылық туралы болып отыр. Біздің ойымызша, бұл – сирек кездесетін жағдай.

Әдетте заңгерлердің, оның ішінде прокурорлардың жұ­мысы басшылыққа жақ­қа­нымен, жұртшылыққа жақ­пай­тын жайттар жиі кездесіп жата­ды. Мұның себебі басшылар жоғары жаққа берген есебінде жергілікті жер­дегі жағдайды, оның ішін­де заңдылық мәселесін ойда­ғы­дай етіп көрсетуге бүйрегі бұ­рып тұрады. Алайда, көпші­лік болған соң мәселенің бар­лық уақытта бірдей тап-тұй­нақ­­тай болмайтыны және бар. Міне, осындай сәттерде про­ку­рордың қырағылығы, соны­мен бірге мәселеге әді­лет­­­тілік тұрғысынан қарай білуге бейімділігі сынға түсе­ді. Яғни қызмет бабында біржақтылыққа ұрынбау, адам­­дармен жұмыс істей білу, олар­ға заң актілерін түсін­діру, түрлі тәртіп бұзушы­лық­тар­дың алдын алу мақсатында халық арасында әңгімелер жүргізу тәрізді шараларды қолдану оң нәтижесін береді. Түптеп келгенде осындай нәтижелі жұмыстардың арқа­сын­да тәртіп күшейеді, заң бұзушылық азаяды, демек басшылар тарапынан жоғарыға жалған ақпарат берудің де жолы кесіледі.

Ерекеңнің өз мамандығы бойынша мінсіз қызмет атқа­руының қыр-сыры да осында жатыр. Жоғарыда айтқанымыздай, заңдылық тәртібін қатаң сақтау, әділдікті мұрат тұту, оның үстіне қай жерде де, қандай жағдайда да заң тілінде шешен сөйлеп, ойын, пікірін жұртқа да, басшыларға да, әріптестеріне де ұғынықты етіп жеткізе білу Ермек Жиеншеұлына тән қасиет. Бұған Парламент Сенатының аппаратында қызмет еткен жылдарымда мен де куә болдым.

Біз, Сенат аппаратының қыз­мет­керлері, негізінен де­пут­ат­тардың сапалы заңдар шығаруына қолғабыс жасаймыз. Қажетіне қарай, реті келген жерде комитеттердің, Сенаттың отырыстарына қаты­са­мыз. Міне, сондай тұстарда қабылданғалы тұрған заңға байланысты әртүрлі талас-тартыстар туындайды. Осындай пікірталастар барысында кей­бір заң жобаларының шикі тұстары айқындалып, ол қай­та пысықтау үшін кейінге қал­ды­рылып жатады. Мұндай пікірталастарға Ерекең белсене араласып, шешен тілмен баян­далған бұлтартпас дәлел­ді тұжырымдарымен әріп­тес­те­рін тәнті етеді.

Ерекеңнің бойындағы жал­пы­­ жұрт мойындаған осын­дай өз ісіне жетіктігіне, білік­ті­лігіне, бұған қоса ойын дә­лел­­деу бағытында көсіле сөй­­лейтін шешендігіне көпші­лік­пен бірге сүйсінуші едік. Кейін білсек, мұның да арғы жағында өзіндік сыры бар екен. Ерекеңнің әкесі, Ұлы Отан соғысына қатысып, әлденеше медальдармен, ордендермен марапатталған, көп балалы отбасының отағасы (екі ұл, бес қыз) Жиенше Қамзаұлы Ерекең мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ ұлының аяқ алысын сырттай бақылап, орайы келген кезде асықпай, бабымен сөйлейтін әдетімен: «Балам, ұқыптылыққа, тия­нақ­­тылыққа осы бастан үй­рен. Біздің арғы-бергі әуле­тімізде іс-әрекетімен, көпшіл мінезімен ұрпаққа үлгі-өнеге қалдырған аталарың аз болмаған. Соның ішінде әсіресе сенің түп нағашың Темір­ғали Түйтеұлы Нұре­ке­нов­тің халқына сіңірген еңбегін жұрт осы күнге дейін аузынан тастамайды. Әне сондай аяулы жандардың атына кір келтірмейтіндей тірлік жасау керек. Ұқыпты, тиянақты бол дейтінім сон­дық­тан» деп түйіндейтін.

Кейін есейіп, бұғанасы қат­қан кезде Темірғали Түй­те­ұлының өз заманының озық ойлы қайраткері бол­ға­­нын, сол кезде Ресей қара­ма­ғындағы Қазақстанның Семей губерниясынан топ жарып, Ресей Мемлекеттік Дума­сы­ның депу­таты атанғанын, туған хал­қы­ның теңдігі жолында жан аямай қызмет еткенін толығырақ, тереңірек оқып білген тұста кеудесін мақтаныш сезімі кернеумен бірге қазіргі атқарып жүрген жұмысындағы жауап­кер­шілікті сондай аяулы ата­лардың аманатындай түй­сін­ге­ні бар.

Расында да, тектіден текті туады, тектінің жолын қуады демекші, бір кезде Темірғали Түйтеұлы тәрізді аталары хал­қы­ның мұң-мұқтажын өздері тәуелді болып отырған елдің жоғары мінберінен айтып, елінің еңсесі езілген жағдайын шамасы келгенше жеңілдетуге күш салған болса, Ерекең жер бетіндегі терезесі тең елдердің біріне айналған Қазақстанның ең жоғары заң шығару органының депутаты бола жүріп халқымыздың өз елімізде де лайықты өмір сүріп, шет мемлекеттермен де қарым-қатынас жасауды жолға қоюда ешкімге жалтақтамай, өзіне тән бағытпен ілгері жыл­жуына септігін тигізетін заң­дар шығаруға үлес қосты.

Бұл арада біз Ермек Жиен­­ше­ұлының 18 жылдық де­пут­ат­тық қызметте атқарған қыр­­уар шаруаларын жіпке тізіп баяндауды мақсат етіп отыр­ған жоқпыз. Ол – ұзақ әңгіме. Сондықтан бір сәт те толастамайтын заң шығару қызметінен бөлек, Парламент аясын­дағы ондаған іс-шара­лар­мен шұғылданғанын атап өтейік. Ол Сенаттағы «Өңір» депутаттық тобына жетек­ші­лік етті, Ұлттық Ке­ңе­сінің, Президенті жа­нын­дағы Заңдар жинағын шығару жөніндегі Ұлттық комис­­сияның, Жоғары Сот Кеңе­сінің мүшесі болды. Халықаралық деңгейдегі жұ­мыс­­тарға Парламент атынан өкілдік етті. Қазақстан аты­нан Парламентаралық одақ­тың құрамына; Ұлы­бри­та­ния Біріккен Корольдігі мен Солтүстік Ирландия Парла­мент­терімен ынтымақтастық тобына; Жапонияның Кеңес­ші­лер палатасының құра­мына кірді, сондай-ақ Сауд Арабиясының Консуль­та­­тивтік Корольдігімен де осын­дай бағытта ынтымақтаса жұ­мыс істеді.

Оның өзіне жүк­тел­ген жұ­­мыс­қа асқан жауап­кер­ші­­­лік­пен қарайтынын, әрбір мәсе­­­ле­ні ақылға салып, кең ойлап шешетінін, әріп­тес­те­рі­мен де, қарама­ғындағы қызмет­кер­лерімен де тіл табыса жұ­мыс істейтінін, тіпті алдына бірінші рет келіп, шаруа айтып отырған бейтаныс адамның қандай жағдайда да көңілін жықпауға, меселін қай­тармауға тырысатын мі­не­­зін өз тәжірибемнен де байқадым. Ол былай болған еді. Алматыдағы Заң академиясында білім алып жатқан студент баламның астанадағы Әділет министрлігінен тағы­лым­дамадан өтуі керек болды. Ақмолаға Парламент Сенаты аппаратының құрамында көшіп келгенімізге көп бола қойған жоқ. Ешкімді танымаймыз. Оның үстіне аппарат қызметкерлеріне депутат­тарға жеке шаруамен бар­ған­дардың қатаң жазалана­ты­ны ескертілген. Соған қара­мастан, танымасам да тәуе­кел деп Сенатта Комитет төра­ғасы қызметін атқаратын Ермек Жиеншеұлының қабыл­дауына кіруге бел байла­дым. Қас қарайған кешкі мез­гіл еді. Жұмыс уақыты аяқ­тал­ғандықтан, қабылдау бөл­месіндегі қыз кетіп қа­лып­­ты. Қос қабатты есіктің бірін­шісінен өтіп, екіншісін тоқыл­да­тып, рұқсат алып, ішке ендім. Өзімнің осындағы аппарат қызметкері екенімді айтып, бұйымтайымды жет­кіз­­дім. Ермек Жиеншеұлы мені бұрыннан білетін адамдай ашық-жарқын сөйлесіп, шаруамды реттеп, тағы да ха­бар­ласып тұруға тілек біл­діріп, шығарып салды. Міне, бұл Ерекеңнің бойында кейбіреулерге тән қатып-семген қасаңдықтан гөрі адам жанын түсінуге бейім тұ­ра­тын қасиеттің басым екенін көрсетсе керек.

Бүгінде 70 жастың биігіне көтерілген Ерекең тұғырдан тайған жоқ. Заң саласына арналған ондаған кітаптардың авторы, заң ғылымдарының кандидаты ретінде студенттерге дәріс оқиды. Өмір бойы адал еңбек етіп, қайда жүрсе де абырой биігінен көріне білген мемлекет пен қоғамның көрнекті қайраткеріне мемлекет тарапынан талай рет лайықты ілтипат көрсетілді. Павлодар облысының, осы облыстың Шарбақты ауданы­ның Құрметті азаматы, Қазақ­стан Прокуратурасының Құр­метті қызметкері атанды. Елге сіңірген еңбегі рес­публи­ка­ның жоғары наградаларымен «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Құрмет грамо­тасымен, алты медальмен бағаланады.

Отбасындағы жағдай да ойдағыдай еді. Жан жары Үміт­­жан екеуі Құдай берген ұл мен қыздан немере­лер сүйіп, жер ортасына таян­ған шақ­­тарында қызық-қуа­ныш­­­қа кенеліп, марқайып жүретін. Әттең... әттең... Бірік­кен Ұлттар Ұйымындағы Қазақстан өкілдігінде жауап­ты қызмет атқаратын талантты ұлдары Асқардың 35 жасын­да кенеттен көз жұмуы ата-ана­сы­ның қабырғасына қатты батты. Шалғайдағы алпауыт елде туған Қазақстанның сөзін сөйлеп жүрген өрімдей жас­тың қазасына Сыртқы істер министрлігінен бастап, Ере­кеңнің туған-туыстары, жора-жолдастары, әріптес-заман­дас­та­ры түгел күйзелді.

Алайда, Ерекеңнің табиға­ты­нан рухы мықты. Майысты, бірақ сынған жоқ. Өйткені ол, егер бейнелеп айтсақ, бір кезде шағын ғана Шалдай ауылында өсіп-өнген жай терек тәрізді болса, бүгінде тарамданған бұтақтары тереңге тамыр жайып, көкке қол созған саялы бәйтерек іспетті. Сондықтан Ерекең әрбір адамның өмі­рін­де кездесетін осындай қиын­дық­тар­ға төтеп беріп қана қоймай, үрім-бұтағын саясына алып, биіктерге беттеп барады.

 

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,

Қазақстанның құрметті журналисі