Аталмыш ұйымға қатысты 1964 жылы 8 мамырда Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтында комсомол активтерінің қатысуымен жабық жиналыс өтеді. Жиналысты төраға ретінде В. Мельник басқарып, В.Гудзик, В. Токарь, С. Власюк, Л. Журба т.б. хатшылық міндет жүктеліпті.
Күн тәртібіне, ұлтшылдық бағыт ұстаған «Жас қазақ» ұйымын құрушылар: Омарбеков Мақсым, Сауғабаев Кәрім, Әдикәримов Совет, Спаин Аманжолдың мәселесі талқыланыпты. Жиында сөз алған Қарағанды қалалық комсомол комитеттің хатшысы М. Достемесов: «Бұл шын мәнінде жағымсыз оқиға. Егер мұндайға жеке басқа табыну кезінде жол берілсе, онда бұл адамдармен сөйлесіп, жиналыс жасап жатпай-ақ, бірден түрмеге жіберер еді. Омарбеков 7-8 сыныптарда оқып жүрген кезінде-ақ ұлтшылдық сипатқа бой алдырған...» деп жастарды қаралай сөйлепті.
Осында аты аталған Мақсым Омарбеков 1957 жылы Қайнар ауылдық орта мектебінің 9-сыныбында оқып жүргенде, 57 оқушысының қолын қойдырып Қазақстанның Оқу министрлігіне петиция жазып, кейін мақсатын орындау үшін өз ауылында «Жас қазақ» ұйымын құрады. Бұл ұйым партия немесе қозғалыс болмағанымен, кеңестік биліктің жүргізіп отырған солақай саясатын әшкерелеуге ұмтылған жастардың көзсіз ерлігі екені шындық.
Осылай қазығы Қайнарда қағылып, томағасы Қарағандыда сыпырылған «Жас қазақ» ұйымы жайлы архивте: «...Бұл ұйым жетекшісі – Омарбеков. Бұлардың әрқайсысы осы әрекеттері бойынша жазалануы тиіс. Омарбеков «Социалистік Қазақстан» газетіне өзінің наразылығы туралы мақала жолдап, орта мектепте оқып жүргенде Оқу министрлігіне де хат жазған. Ал келесі тұлға Сауғабаев болса, өзінің қабілетімен ерекшеленбейді. Ол тілге шорқақ. Онымен қоймай жыр жазады. Мұндай ұлтшылдық идеямен өмір сүруге болмайды. Бұл адамдар ешқашан ақын-жазушы болмайды. Ақын-жазушы дегеніміз адал, идеалды коммунист болуы тиіс..» деп сипаттама берген екен сол тұста факультет деканы Қ.Жуасов мырза.
Бұдан біз «Жас қазақ» ұйымының негізін Мақсым Омарбекұлы қаласа, оны қолдаушылар қатарында Кәрім Сауғабаев бастаған студент жастар болғанын аңғарамыз. Бұл жастар өздерінің мақсат-мүддесін әйгілеп Алматыдағы қазақтың атақты адамдары Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ермек Серкебаевтарға арнап «Социалистік Қазақстан» газетіне ашық хат жолдапты.
«Сол кездегі Қазақстандағы партияның бас газеті «Социалистік Қазақстанға» жолдаған бұл ашық хатымызда, біз ұлттық тіл мен дәстүр-салтымыздың тығырыққа тірелген ауыр тағдырына қатты алаңдаушылық білдіріп, егер бұл жағдай осылайша созыла берсе, ұлтымыздың болашағына қауіп төндіретінін еске салдық» дейді Мақсым Омарбеков.
Жас жігіттер мұнымен шектеліп қалмай «Жас қазақ» ұйымының идеясын тарату үшін үнпарақ әзірлейді. Осы оқиға жайлы Кәрім Сауғабаев: «Бұл 1961 жылдың 10 қазаны болатын. Біз табан аудармастан 10 күн бойы әрқайсымыз 200 листовка-үнпарақ жазып, 2 қараша күні таңертең сағат 6.00-де қаладағы барлық институттардың аудиторияларына, киім ілетін жерлерге таратуды қолға алдық. Менің үлесіме Ленин даңғылы бойындағы өзім оқитын оқу орны тиді. Институттың сыртқы есігі таңғы 5.00-де ашылады. Үй сыпырушылар сағат 9.00-ге дейін барлық қабаттың едендерін жуып шығады екен. Мен №1 листовканы қолыма ұстап тұрып «О, Жасаған ием, өз рухым үшін өмір бойы күресуге бармын» деген сөзді айтқанымда, көзімнен ыстық жас төгіліп тұрды. Бірінші листовканы оқытушы отыратын үстелдің үстіне қойдым. Қалған 9-ын Мақсым айтқан шенқұмарлар отыратын үстелге тастадым. Сөйтіп, бір сағаттың ішінде 200 листовканы таратып, жатақханаға қайттым» деген еді.
«Жас қазақ» ұйымының атынан таратылған үнпарақтардың жазылуына нендей оқиға себеп болғаны жайлы бізге Кәрім Сауғабаевтың жары Майра Ақашқызы айтып берді. «Сол тұста тың және тыңайған жерлерді игерумен бүкіл қазақтың жері жыртылып, мал шаруашылығына зор әсер етті, қазақ мектептері мен балабақшалары азайды. Осының бәрі халқын сүйген, жанымен түсінген Кәрім мен Мақсымдай азаматтарға әсер етті. Листовка таратуға сол заманның өзі итермеледі» деді Майра апай.
Расында, ол кезде адамдар өздерінің көлеңкесінен қорқатын қара бастың қамын ойлап жүрген заманда ұлт тағдырын ойлау дегеніміз соғыстағы ерлікпен пара-пар оқиға екені анық. «Жас қазақ» ұйымының мүшелері үнпарақтар таратудан басқа, жастарды ұлттық құндылықтармен тәрбиелеу мақсатында Қарағанды қаласында: «Жас қалам» атты әдебиет және өнер бірлестігін құрған; Қазақ тілінде ай сайын «Болашаққа жол» атты газет шығарып тұрған; Мазмұнды-мәнді әдеби кештер өткізген; Институтта қазақ студенттерінің үйірмесін ұйымдастырған т.б.
Оның сыртында М. Омарбеков өзінің студенттік өмірден жазған «Мазасыз махаббат» атты екі бөлімнен тұратын пьесасын институт сахнасында қойған. Бұдан біз «Жас қазақ» ұйымы мүшелерінің қайраткерлік қызметтері қарағандылық студент-жастар арасында ұлттық ояну, патриоттық серпіліске алып келгенін көреміз. Бірақ бұл жастардың ұлтшылдық бағыттағы ісін басқалар аяқсыз қалдырмады. Оқуын бітіруге бірнеше ай қалғанда Мақсым мен Кәрім оқудан қуылды.
Әділет БАУЫРЖАНҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының аға оқытушысы,
Гүлден АМАНКЕЛДІҚЫЗЫ,
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің магистранты