Сейсенбі, 28 мамыр 2013 2:30
Сан мен сапа
Елімізде еттің тоннасы бидайдың тоннасына қарағанда 5 есе қымбат екенін түсінгелі бері мал шаруашылығын дамыту, әсіресе, қой өсіру кешенді түрде қолға алына бастады. Үкіметтің қолдауымен алдағы 10 жылда қой санын 20 млн.-ға жеткізу көзделіп отыр. Оның ішінде аналық-саулықтардың үлес салмағын қазіргі 56%-дан 64%-ға көтеріп, ал асыл тұқымды мал санын қазіргі 12,7%-дан 22%-ға жеткізуге мүмкіндік бар дейді мамандар.
Сейсенбі, 28 мамыр 2013 2:30
Сан мен сапа
Елімізде еттің тоннасы бидайдың тоннасына қарағанда 5 есе қымбат екенін түсінгелі бері мал шаруашылығын дамыту, әсіресе, қой өсіру кешенді түрде қолға алына бастады. Үкіметтің қолдауымен алдағы 10 жылда қой санын 20 млн.-ға жеткізу көзделіп отыр. Оның ішінде аналық-саулықтардың үлес салмағын қазіргі 56%-дан 64%-ға көтеріп, ал асыл тұқымды мал санын қазіргі 12,7%-дан 22%-ға жеткізуге мүмкіндік бар дейді мамандар.
Алла жұттан сақтасын делік. Бірақ, сан қуып, сапаны жоғалтып алуға болмас. Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Төлеухан Садықұлов Қазақстанда қой санын 20 миллионға жеткізудің қажеттілігі шамалы. Жылына бізде 15 млн. бас аналық саулық болса, соның өзі жеткілікті. Әлемдік рынокта қазақ қойына сұраныс жоқ емес, бар. Ет қашанда керек. Мал шаруашылығын бүгінгі күні әлем бойынша азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі десек, артық айтқандық емес, дейді. Демек, «бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» деп бабалар айтқан даналық түбі шындыққа айналар.
Мал баққанға бітеді
Ресми дерек көздеріне сүйенсек, қазір Қазақстанда 18 млн. қой бар. Оның 80 пайыздайы құйрықты қой болса, шамамен 1 959 мың қой 580-дей асыл тұқымды шаруашылықта өсірілуде. Сондай-ақ, әлемде 600 қойдың тұқымы болса, біздің елде соның 15 түрі бар. Мамандардың айтуынша, әлемдік деңгеймен салыстырғанда бұл аз емес. Қазақ қойының етін әлем рыногына шығару қолдан келеді.Қазақтың ұлан-байтақ даласы мал жайылымына өте қолайлы. Біздің жайылымдарда жайылып жүрген құйрықты еділбай, арқар-меринос, етті-майлы сарыарқа, жартылай биязы жүнді дегерес қой тұқымдарының еті әлем бойынша ең жоғары сапаға ие. Сондықтан сапалы қазақ қойының етін жылына 24 мың тонна қой етін қажет ететін Иран мен 13,3 мың тонна ет жейтін Ресейге және 76 мың тонна қой етіне зәру Қытайға сату Қазақстан үшін тиімді.Алайда, алдымен елімізде қой шаруашылығын барынша дамытып, тұқымын асылдандырып, ішкі рынокты толықтай қамтып, содан кейін ғана етін, сүтін, жүнін экспортқа көптеп шығаруға болады. Ол үшін алдымен шопандарға мемлекет тарапынан шаруашылықты дамытуға жан-жақты көмектің болғаны құба-құп. Осы орайда жыл сайын ауыл шаруашылығының барлық салаларына дерлік мемлекеттік субсидия беру дәстүрге айналып келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаментінің директоры Қанат Ыдырысов өткен 2012 жылы қой шаруашылығы бойынша етке – 32 618,0 мың теңге, биязы жүнге – 77 036,0 мың теңге, сүтке – 407 241,0 мың теңге субсидия бөлінген болса, 2013 жылға мемлекеттік бюджеттен қой тұқымын асылдандыру мен өнімнің өнімділік сапасын арттыру бойынша бір қойға 8000 теңге, етінің келісіне 100 теңге, сүттің сапасына қарай литріне 10-25 теңге көлемінде субсидия бөлінді, дейді. Алайда, мамандар бұл қаржы қолында азын-аулақ малы барларға тиесілі емес екенін айтады.Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Төлеухан Садықұлов еліміздегі қойдың 85-90 пайызы жеке меншіктің қолында.10-15 қойы мен екі-үш сиыры барларға субсидия берілмейді. Мұндай жағдайда мал тұқымын асылдандыру өте қиын, дейді.Мәселен, Аршалы ауданы, Ақбұлақ ауылдық округінің Батпақкөл бөлімшесінде дүние жүзіндегі қой тұқымдарының ішінде өзінің салмағы, жылдам өсіп жетілетіндігі жөнінен бірінші орында тұрған 250 еділбай қойын өсіріп, 9 адамды жұмыспен қамтып отырған жас кәсіпкер Қайрат Әбжан мемлекет тарапынан ешқандай көмек алмайды. Субсидия берсе алар едім, бірақ бізге оған қол жеткізу оңай емес, талаптары қарапайым шаруаға сәйкеспейді, дейді жас кәсіпкер Қайрат Сағидоллаұлы.
Субсидия кімдерге тиесілі?
Байқағанымыздай, мемлекет қаржысын жұмсаудың өзіндік шарттары бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаментінің директоры Қанат Ыдырысов қой өсіріп, пайдасын көргісі келген шаруа үшін қойылатын талаптарды биылғы «Мал шаруашылығы өнiмiнiң өнiмдiлiгi мен сапасын арттыру мақсатында субсидиялау қағидаларын бекiту туралы» Үкімет қаулысы негізінде былай түсіндіріп берді.Ең алдымен, шаруаның қолында 2 жастан ересек 600-ден кем емес саулығының болуы, күтіп-бағуға арналған жайлы жасақталған қораның және қойдың тірідей салмағы 42 келіден кем емес, қырқылған жүннің физикалық салмағы 3,2 келіден кем емес болуы және 60-64 деген стандартты сапа бойынша зертхана берген анықтамамен расталуы міндетті. Ал қой етін есептік код бойынша арнайы сою цехында сойып тапсыруы тиіс. Сүт өндiрiсiмен айналысатын тауар өндiрушiлер селекциялық және асылдандыру жұмыстарының бiрыңғай ақпараттық базасына тiркелуі тиiс. Осы талаптарға жауап бере алатын кез келген шопан бюджеттің қаражатына қарық болмақ.Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданындағы «Жеңіс» асыл тұқымды қой шаруашылығының басшысы Болатбек Нұрмағанбетов шаруашылықта 11,5 мың-12 мың қой бар. Оның 8000-дайы асыл тұқымды. Мемлекет тарапынан берілетін субсидияны жылда алып отырамыз. Меніңше субсидияның шаруа үшін көп пайдасы бар. Еттің келісіне, сүттің литріне арналған арнайы мөлшер бар, сол талапқа сай шаруаны реттей білген адамға бүгінде үкіметтік қолдау көп көмегін тигізіп отыр, дейді.
Жайылым тарылып, шабындық азайып барады
Ал субсидия талаптарына сай емес азын-аулақ қойы бар ауыл тұрғындары қолдағы малды мемлекеттік стандартқа сәйкес асылдандыруға қауқарсыз. Тіпті, жазда қойын жаюдың өзі ауыл тұрғыны үшін «бас ауруға» айналып барады. Жердің бәрі жеке меншікке өтіп кеткендіктен, қарапайым ауыл тұрғыны жайылымға да зар болып отыр. Сондай-ақ, жеке шаруа қолдағы қойын анау айтқандай қымбатқа сата алмайды. Кейбір ғалымдар «Біз еттің қымбаттағанынан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Әлі де болса халықтың 50 пайыздайы ауылдық жерде тұрады. Оның 80 пайызы өзіміздің қазақтар, демек, етті рынокқа шығаратын да, одан пайда түсіретін де қарапайым тұрғындар», дейді. Алайда, Астананың іргесіндегі Талапкер ауылының тұрғыны Аятолла Қайыржанұлы базарда ет қымбат болғанымен, біз қолдағы малды рынок бағасына сай сата алмаймыз. Арадағы делдалдар етті шопаннан арзанға алып әбден дәндеп алған. Қымбатқа алмайды. Мысалы, делдалдар бір тоқтыны мал иесінен 9-10 мыңға әрең сатып алатын болса, қалаға апарып, 15-20 мың теңгеге дейін сатып жатады. Өзіміз апарып өткізу де тиімсіз, сатушылардың өз есебі бар. Кез келгеннің малын ала салмайды, дейді. Кейде мал өсіріп, өнімін сатып, пайда табамын деп армандағанша, алыпсатар болған дұрыс па деп те ойлаймын. Өйткені, қой азығы жем-шөп өте қымбат, су тапшы. Шөпті де кез келген жерден шауып ала алмайсың. Бұрынғыдай иен жатқан жер жоқ. Қазақтың ұлан-байтақ даласынан ұлтарақтай жайылым бізге бұйырмайтын түрі бар. Қойың сәл жамырай жайыла бастаса, жеріме рұқсатсыз ауыз салдың деп әкіреңдеп шыға келетін қожайын көбейген. Бұл да А.Қайыржанұлының пікірі.– Жер жеке меншікте болғандықтан, мал жайылымының көлемі күрт төмендеген. Әсіресе, қала маңына жақын аудандарда бұл мәселе ушығып тұр. Мал басын өсіру үшін, ең алдымен, жайылымды реттеу керектігін естен шығармауымыз қажет. Бұл – бір. Екіншіден, әрбір аймақта жоғары деңгейде сапалы өнім беретін жемазықтық дақылдардың егістік көлемін көбейту керек. Қазақстан – аграрлы мемлекет, – дейді ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, академик Рахымжан Елешев.Айтса айтқандай, жердің жеке меншікке өтіп жатқаны басқа әңгіме. Ал, мал азығының қымбаттығы шопан үшін де, мемлекеттің мал шаруашылығын дамытуы үшін де ең өзекті мәселе.
Азық болмаса, арман ақталмайды
Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Төлеухан Садықұлов егер малдың азығы нашар, құнарсыз болса, оның генетикалық әлеуеті төмендей береді. Қазір біздегі қой шаруашылығында генефонд жаман емес. Тек күтіп-бағу ісіне жаңаша көзқарас пен саясат ұстануымыз қажет. Малдың барлығы дерлік жеке меншікте болғаннан кейін біреу бұған жақсы көңіл бөлсе, енді бірі құнарлы азық беруге шамасы келмейді, дейді.Сенат депутаты, Табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Қуаныш Айтаханов та «Мал азығы құнарлы болуы тиіс. Жоңышқа, соя, жүгері, рапс және тағы-тағыларды араластырып беретін құрама жем болуы тиіс. Бұрын Қазақстанда құрама жем өнеркәсібі болса, қазір тұсаулы тұлпар секілді, дамымай жатыр. Құрама жем үшін керекті дақылдардың бәрі суармалы жерде ғана өседі. Сондықтан, суармалы жердің көлемін ұлғайтпаса болмайды. Мал азығы жүрдім-бардым қарайтын мәселе емес, бұл – үлкен ғылым», екенін жеткізді. Демек, Үкімет тез арада жем-шөп базасын жасау үшін өңірлерде жем-шөп цехын салуды ғылыми тұрғыда қолға алуы керек. Жоғарыда айтқанымыздай, жер иелерінің пайда болуы салдарынан қазір жайылым тарылып, шабындық та азайған. Қарапайым шаруалар күз салқыны сезіле бастағаннан-ақ, балаларының аузынан жырып, мал азығын сатып алуға қалтасын қағып тұрып, қолда бар қаржысын санап береді. Азын-аулақ малы бар кез келген ауыл тұрғыны мұны жоққа шығармайды. Айналып келіп қой өсіргісі келген әрбір ауыл азаматы, мемлекеттік қолдауға иек артпасқа амалы жоқ. Ал ауыл шаруашылығы атқа мінерлері мемлекет бюджетінен бөлінген миллиардтарды судай сапырып, ақы иесі малшыларға шашаусыз үлестіріп беруге іштарлық танытып қана қоймай, биік мінберлерде сан соғуға шебер.Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ.–––––––––––––––––––––––––Суретті түсірген Алмас МАНАП.