– Бұл – өте дұрыс шешім. Енді жаңа министрлік экологиялық мәселелердің оң шешімін табуына үлес қосады деп сенеміз, – деді облыс әкімі Болат Бақауов Достық үйінде өңірдегі экологиялық ахуал жайында өткен облыстық қоғамдық кеңестің отырысында.
Аталған жиынға қатысқан «Экологиялық ұйымдар қауымдастығы» басқарма төрайымы Айгүл Соловьеваның айтуынша, қауымдастық қызметі жүйелі экологиялық бастамалар арқылы елімізде экологиялық таза өмір салты мен экологиялық білім беруді насихаттап, ұлттың экологиялық этикасы мен мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Қазақстанда «Жасыл деңгейлі экономикаға» өту үшін жаңа заманауи әдістер енгізілуде. Елбасы Н.Назарбаевтың БҰҰ саммитінде «Жасыл экономика» және «Жасыл көпір» тұжырымдамасы туралы бастамалары халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдауға ие болды. Мұның барлығы қазақстандықтардың қоршаған ортаға көзқарасын жақсарту және табиғат-анаға түсетін ауыртпалықты азайту үшін қолға алынды.
А.Соловьеваның айтуынша, елімізде энергия үнемдеу жөнінде жүзеге асырылып жатқан төрт жобаның екеуі Павлодар облысында орындалуда. Қазір әлемде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жаңғырмалы энергия көздерін дамыту маңызды саланың бірі. Сол себепті былтыр Қазақстанда «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар» орталығы ашылды. Мақсат – еліміздің «Жасыл экономика» жолына жылдам өтуіне, сондай-ақ қоршаған ортаға тарайтын зиянды қалдықтар көлемін азайтуға мүмкіндік беретін технологияларды зерттеу. Бұл күндері өңіріміздегі 11 кәсіпорынды зерттеу жұмыстары басталды.
Жиын барысында облыстық экология басқармасының басшысы Данияр Әлиев ауаға тарайтын зиянды қалдықтар көлемінің арта түскенін жеткізді.
– Бұл кәсіпорындардағы өндіріс көрсеткішінің көбеюімен байланысты. Мәселен, соңғы үш жылда «Екібастұз 1-МАЭС» ЖШС өндірген электр энергиясының көлемі 211 пайызға артқан. Ал «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ-да бұл көрсеткіш 15,4 пайызға көбейген. Сонымен бірге «Қазақстан алюминийі» АҚ өңдейтін боксит сапасының нашарлауына байланысты шығарылатын зиянды қалдықтар көлемі 60 пайызға артты, – деді басқарма басшысы.
Қоршаған ортаға шығарылатын эмиссияға заманауи стандарттарды енгізу ғана аталған мәселенің алдын алуға көмектесе алады. Сондықтан қоршаған ортаға шығарылатын қалдықтарға лимиттерді белгілеу құзыретін облыстық мәслихаттарға тапсыру қажет, дейді экологтар.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі кәсіпорындар тарапынан ерікті түрде болғанымен, жауапкершіліктің ең бастысы – экология екені, өндіріс орнының қоршаған ортаға қалай әсер ететіні үнемі қоғамның қадағалауында болуы керек.
Былтыр Павлодар облысының әкімдігі «Экология жылы» аясында өңірдегі «Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы» 15 ірі кәсіпорынмен меморандум жасасты. Олардың қатарында Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы, «Қазақстан алюминийі» АҚ, Павлодар мұнай-химия зауыты, «Нефтехим LTD», «Каустик» АҚ, «KSP Steel» ЖШС, «Майкубен-Вест» ЖШС бар. Меморандум аясында өндірістік кәсіпорындар атмосфераға мониторинг жүргізу үшін автоматтандырылған стансаларды орната бастады. Мысалы, «Қазақстан алюминийі» АҚ санитарлық қорғау аймағының шекарасында оптикалық мониторинг жүйесін құрды. Қазіргі таңда станса сынақ режімінде жұмыс істеуде. Кәсіпорындарда мұндай жұмыстар 2020 жылдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Санитарлық-қорғау аймақтарының шекарасын арнайы белгілеп, экологиялық жасыл белдеу құрылады. Биыл кәсіпорындар аумағында 30 мың көшет отырғызылады деп жоспарлануда.
Алайда Экологиялық технологиялар орталығының басшысы Ақан Өмірбектің айтуынша, өңір кәсіпорындарының ауаға шығаратын газ фракцияларының көлемі жылдан-жылға артып келеді.
– 2017 жылы бұл көрсеткіш 4,8 мың тоннаға жетті, – деді Ақан Өмірбек. – Соңғы жылдар ішінде облыс кәсіпорындары тозаңды ұстап қалатын сүзгілер орнатуды қолға алды. Бұл зиянды заттардың қоршаған ортаға таралуын едәуір кемітті. Бірақ күкірт, азот пен көміртегі тотығы ауаға шыққан соң жауын тамшылары, қармен араласып, жерге түседі. Газ фракцияларының зияны, міне, осы.
Тағы бір күрделі мәселе, өңірде жарты ғасыр бойы жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындардың негізгі құрал-жабдықтары тозды. Бұл – «Жасыл» технологияларды қолдануда басты кедергі. Яғни кәсіпорындардағы пештердің сүзгісі немесе басқа құрылымдарды ауыстыру қажет. Жалпы, көптеген шет мемлекеттерде Экологиялық кодекс болмайды, Жер, Су, Ауа тазалығы туралы заңдар ғана қатаң сақталады. Ал елімізде биыл жаңадан Экологиялық кодекс қабылданбақ. Қазір үкіметтік емес ұйымдар өкілдері тікелей қатысып, қоғамдық талқылаулар жүріп жатыр. Кәсіпорындардың, мемлекеттің, қоғамның, тұрғындардың әрқайсысының қорғайтын жеке мүдделері бар. Бұл орайда экология баршаға ортақ мәселе екенін ұмытпаған ләзім.
Павлодар облысы