Ал осы ат әбзелдері мен түлкі тымақты он саусағы жоқ азамат тікті дегенге қалай қарайсыз?! Сенбесеңіз де расы сол.
Қазалы ауданындағы Абай ауылының атпалдай азаматы Оңдашбай Өтеміс бірде қыста жоқ қарап жүріп, аттан құлайды. Жақын жерде көмектесе қояр жан иесі жоқ, атынан айырылған азамат үсікке ұрынады. Кейін дәрігерлер Оңдашбайдың үсік ұрған он саусағын кесіп тастауға мәжбүр болады.
«Он саусағым жоқ, енді өмір осымен бітті» деп қабырғаға жүзін беріп бүк түсіп, өкініштен өзегі өртеніп жататын азаматың Оңдашбай емес. Бұрын да қол ісмерлігімен танылған жігіт тымақтан мәсіге дейін өзі тігіп, жұрттың керегін айыра бастаған. Кейіннен ел ағаларының сөз көмегі дәру болып, кәсіп ашуға бекінді.
Ал кәсіп ашамын, сол арқылы нәсібімді айырамын деген азаматқа арналған мемлекеттік бағдарламалар аз емес.
Осылайша Оңдашбай «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз грантқа ие болды. Грантқа алған 900 мың теңгеге өндірістік тігін машинасын сатып алды. Қанында бар ісмерлік бәрібір тыныш жатқызбайды екен. Өндірістік тігін машинасы қолына тигеннен кейін киіз үйге керекті бар жабдықты тіге бастады. Сонымен қатар Оңдашбайдың тігін шеберханасында жүгеннен бастап тоқымға дейін бар.
«Бала кезімнен құмар ісім болашақта кәсібіме айналар деп ойламаппын, – дейді Оңдашбай. – Бұрын ауылдағылар ғана тапсырыс беретін. Бүгінде аудан орталықтарынан келіп, бұйымтайын айтатындар бар. Адамға қуаныш сыйлаған жақсы ғой. Оның үстіне тегін жасап жатқан жоқпын».
Он саусағынан айырылса да Оңдашбайдың қолынан келмейтіні жоқ. Қыл аяғы ұялы телефоны бұзылғандар да оның үйін табады. Көптің керегіне жараған үлкен бақыт қой.
Тағдырдың тәлкегін көрген кей адамдар өмір сол күнмен біткендей опынып, алға басқан аяғын кері кетіреді. Дүниеден баз кешеді. Ал арманы асқақ, ел алғысын алып жүрген Оңдашбайлар сондай жандарға үлгі болса, қанеки.
Қызылорда облысы