Бүгінде еліміздің қай қаласына барсаңыз да алдыңыздан букмекерлік кеңселер самсап шыға келеді. Әрине, бизнестің бұл түрі мен қызметінің заңдық-құқықтық негізі бар. Тіпті аталған құрылым иелерінің мүдделерін қорғайтын арнайы қауымдастық та құрылған екен. Букмекерлік кеңселердің әлеуметке тигізетін пайдасы қандай? Қорғасындай салмақты сауалға біржақты жауап қайтару оңай емес секілді. Рас, республикамызда шағын және орта бизнесті қолдауға қатысты нақты шаралар белгіленген. Мұндағы мақсат айқын. Яғни осы арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, мемлекеттің салықтық әлеуетін көтеру көзделген.
Букмекерлік кеңселер осындай асқақ, әлеуметтік міндетті атқара ала ма? Мүмкін, арнайы лицензиясы алынған әрі тіркелген бизнес орындары мемлекет қоржынына кіріс, табыс түсіруі тұрғысынан келгенде қажет те шығар. Әйтсе де медальдың екі жағы бар дегендей, мәселені екінші бір қырынан қарастырғанда құмар ойындардың бірі саналатын әрі бәс тігіп ойнауға жағдай жасайтын букмекерлік кеңселер қызметінің әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыдан тигізетін теріс әсері де аз емес.
Әрине, кіріс пен пайда, салық түсімдері қай кезде де қажет. Айтайын дегеніміз, Ақтөбе қаласындағы қоғамдық кеңестің өкілдері салықшылардың есептерін сараптай отырып, осы тектес мекемелерде қалыптасқан ахуалға тиісті талдау жүргізген. Сол кезде бұлардың көпшілігі белгіленген заң талаптарын белден басып, тіркелмей әрі рұқсат алмай-ақ өз бизнестерін жүргізіп келгені анықталды. Мұндай жағдайда бюджетке кіріс келтіру туралы әңгіме қозғаудың өзі артық секілді. Мұндай әлеуметтік мәні бар мәселеге қозғау салған «АқтөбеМұнайГаз» АҚ жанындағы Nur Otan партиясы бастауыш ұйымының төрағасы, қоғамдық кеңестің мүшесі, Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Абай Сақтағанов болып отыр. Оның букмекерлік кеңселер төңірегінде қалыптасқан түйткілдерге зер салып жүргеніне үш жылға жуықтапты. Ол содан бері көп жайды көңіліне түйіпті. Қоғамда кереғар көзқарас туғызып жүрген мәселеге қатысты бірқатар деректерді мұқият жинақтапты. Егер оны оқырмандар назарына ұсынсақ, нақты картина төмендегідей болып шығады.
Ақтөбе қаласы бойынша кірістер басқармасынан алған дерекке сүйенсек, 2018 жылы Ақтөбе қаласы аумағында 41 букмекерлік кеңсе ресми түрде тіркелген. Ал басқарушы компанияларда жинақталған мәлімет бұдан өзгеше. Онда қалада 68 ойын бизнесі жұмыс істеп тұрғаны көрсетілген. Сонда бұлардың 28-і заңсыз табыс тапқан болып шықпай ма?
Сондай-ақ партия белсендісінің айтуынша, 2019 жылдың алғашқы айларында ресми түрде тіркелген букмекерлік кеңселер 6-ға азайған. Бұл тәуір дерек секілді көрінгенімен, басқарушы компаниялар қалада заңсыз тіркелген 78 бәс тігу орны бар екенін алға тартыпты. Бұл 41 букмекерлік кеңсе және ойын терминалдары тасада қалып жүргенін көрсетпей ме? Қандай дерекке де дәлдік әрі шындық керек. Сондықтан да қазір Ақтөбеде қоғамдық кеңес мүшелері салыстырмалы талдау жүргізу үшін уәкілетті органдардан алынған деректердің анық-қанығына көз жеткізу мақсатын қойыпты. Бұл ретте олардың тарапынан қаладағы букмекерлік кеңселердің нақты саны мен қызметін анықтауға қатысты Ішкі істер басқармасына бірнеше рет сұраныс-хаттар жолданған. Алайда бүгінге дейін жергілікті құзырлы органдардан ешқандай жауап болмаған.
Елімізде қабылданған заңнамаларға сәйкес ресми түрде тіркелген бұл букмекерлік кеңселерге қандай талаптар қойылған? Осы заң талаптары сақталып жүр ме? «Ойын бизнесі туралы» заңның 11-бабына сәйкес ойын мекемелері, соның ішінде букмекерлік кеңселер тұрғын үй аумақтары мен білім беру орындарынан қашықта орналасуы тиіс. Әйтсе де Ақтөбе қаласында заңның осы бабы сақталып отыр деп айтуға ауыз бармайды. Көп жағдайда мұндай бизнес орындарының біршамасы тұрғын үйлердің төменгі жертөле бөлігінде орналасқан.
Солай бола тұра мұндай нысандарға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» табылмай келеді. Ашығын айтқанда олардың тиісті заң шеңберінде жауапқа тартылу тұтқалары бар. Айталық, Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы кодекстің бірінші бөлігі 445-бабына сәйкес белгіленген заң талаптарын бұрмалағандарға әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салу тәртіптері белгіленген. Алайда заңның осы тармағы орындалмай келеді.
Сондай-ақ жоғарыда аталған ойын бизнесі туралы заңда ойын ұйымдарының қызметкерлері 21 жасқа жетпеген жеткіншектерге қызмет көрсетуіне тыйым салынған. Бұл тәртіптің де сақталмай жүргені байқалып жүр. Партиялық бақылау комиссиясының жетекшісі Абай Сақтағанов бұл ретте кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі жөніндегі полиция инспекторларының қызметін ширату қажет деп есептейді. Әрине бұл мәселеде түнгі уақытта балаларын бақылаусыз жіберген ата-аналар да тиісті жауапкершілік арқалауы тиіс. «Егер осы бағыттағы жұмыстар өз деңгейінде болса, біз келешек ұрпақтың болашағына теріс әсері мен ықпалын тигізетін зиянды әдеттерден арашалап қала аламыз», дейді ол. Сондай-ақ оның ойынша, букмекерлік кеңселер мен әртүрлі ойын терминалдарына қатысты қалыптасып отырған проблемаларды шешу кешенді сипат алуы қажет. Бұған әртүрлі деңгейдегі мәслихаттар мен Парламент депутаттары да үн қосып, мәселенің оң бағыт алуына өз үлестерін қосатын болса, артықтық етпес еді деп түйіндеді ойын Nur Otan партиясының өкілі.
Ойдан ой туады. Айталық, бұған дейін еліміздің барлық өңіріндегі казинолар Қапшағай мен Шучье қаласына көшірілгені мәлім. Ақтөбедегі зиялы қауым өкілдерінің мәлімдеуінше, салыстырмалы түрде казино ойындары орта жастағы адамның даму үрдісіне айтарлықтай теріс әсерін тигізе алмайды. Өйткені оған келетіндердің дені жігіт ағасы жасының о жақ, бұ жағындағы, табысы жеткілікті адамдар.
Ал букмекерлік кеңсеге кез келген жастағы балалар мен жасөспірімдер, тіпті бастауыш мектептердегі оқушылар бас сұға алады. Мұның қауіптілігі де осында. Олардың қалтасында айтарлықтай мол ақша болмайтыны түсінікті. Азын-аулақ теңгесі мен табысын бәс тігуге жұмсап, одан ұтылған жастың көңіл күйі өзгеріп, әртүрлі психологиялық дертке ұшырауы да мүмкін. Ең қауіптісі, мұндай шеңберге кіретін жастар қатарының аса ауқымдылығы әрі букмекерлік кеңсе қызметі мен әртүрлі ойын терминалдарының кез келген жастағы қоғам мүшелеріне қолжетімді екендігі. Ендеше мұндай дерттің алдын алу қажеттігі де айқын көрінеді.
Біз бұған қандай жолмен қол жеткізе аламыз? Бұл үшін ең алдымен аталған бизнес құрылымдарына лицензия беру тәртібі мен талаптарын күшейту қажет. Сондай-ақ ойын терминалдары мен клубтарының жұмыс күнін шектеу қажеттілігі де айқын көрінеді. Осы орайда букмекерлік кеңселердің тәулік бойы, яғни 24 сағат есіктері ашық тұратынын айта кеткен жөн. Сонымен бірге лицензиясы жоқ заңсыз, жасырын жұмыс істейтін ойын мекемелері анықталған жағдайда олардың қызметтерін тоқтату ісі де қоғам мүшелерінің ортақ парызына айналғаны жөн секілді.
Казинолық ойын алаңдары мен бұйымдары Қапшағай, Шучье қалаларына көшірілгені секілді, құмар ойындар бизнесінің бір түрі, оның «жиені» іспеттес, букмекерлік кеңселерге қатысты да осындай шешім қабылдаудың қажеттігі бар ма? Мұндай қадам жасалған жағдайда аталған ойын бизнесіне тәуелді болып қалғандар саны кемитініне кепілдікті кім береді? Қалай дегенде де бүгінде букмекерлік кеңселердің қызметіне ашықтық пен жариялылық қажет екендігі ешқандай талас туғызбайды.
Сөз соңында қоғамның жас мүшелеріне тигізетін пайдасынан гөрі теріс ықпалы басымырақ букмекерлік кеңселердің қызметі республикалық телеарналардан жиі жарияланып жүргеніне қатысты да екі-үш ауыз ой-пікірімізді ортаға тастағымыз келеді. Мәселенің мәнісі мынада. Тәубе, елімізде футбол ойындарын теледидардан тамашалайтын спорттың осы түрінің жанашырлары мен жанкүйерлері жеткілікті. Осы матчтар көрсетілген кезде, яғни ойынның арасындағы үзілістерде «Олимп» және «Париматч» букмекерлік кеңселерінің жарнамалары жарқ етіп шыға келетінін қолдай алар ма екенбіз?!
Орыс халқында «кто платит, тот заказывает музыку» деген сөз бар. Сол секілді сол күнгі теледидар бағдарламасының демеушісі аталған букмекерлік кеңселердің иелері болуы себепті, олар өз жарнамаларын ашықтан-ашық әрі тікелей жариялауға құқылы. Өз кезегінде бұл жарнаманы ел-жұрт, соның ішінде елдің жас қауымы, яғни оқушылар мен жеткіншектер көретіні әрі еститіні анық. Осы жайттарды ескерсек, аталған жарнама құлақтарына кірген кәмелеттік жасқа жетпегендер бұдан соң букмекерлік кеңселердің алдын бермей жүрмесе болғаны да.
Міне, құмар ойындардың бір түріне ұйықтай тартып, ашық та жасырын бизнестің табанын қыздыра алатын букмекерлік кеңселер қызметінің зияны осындай. Сіз бұған не дейсіз?
АҚТӨБЕ