• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Әдебиет 05 Тамыз, 2019

Фариза мен Фарида (эссе)

9788 рет
көрсетілді

Қазақ руханиятының екі биік бегімінің дегдар, бекзат болмысы есіме түскен сайын кеудем қоңыр күйге толып, бір мөлдір мұң иектеп алады. Бірі өлең-шерден шедевр жасап, мұң мұхитына батырса, бірінің сахнада көз жасы құрғамай өтті.

Шерден шедевр жасағандар

70-80-жылдарда ең көп оқылған ақынның бірі Фариза Оңғарсынова деседі. «Деседі» емес, шыны сол. Бүгінде суық дүние түкпірінде жатқан Оралханды таныған Шерағаңның күреңбайлығы сонау айшылық жердегі Атырауда жүрген Фаризаға келгенде де жаңылмады. Есесіне, «қазақ қыздарынан журналист шықпайды» деген ұғымды Фариза келмес­ке кетіріп, «Лениншіл жастың» Атырау (бұрынғы Гурьев) облысындағы меншікті тілшісі атанды. Мақтанатындай жөні бар, сірә, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш меншікті тілші осы кісі болса керек қой.

Сол жылдардың ең «күрделі» ақыны болған Фаризаға жоғары жақ көбіне ренішті болатын. Орталық Комитеттің хатшылығында Фаризаның жырларын талдап, «бұл қызды біз редактор қойдық, неге қамығып, қайғыра береді, өлеңдері неге бұлай, неге?» деп шала бүлінетін шенеуніктер.

Фариза ақын әрине, қай кезде де қызметті емес, өлеңді – өнерді бәрінен де биік қойды. Елін де, өзін де мұратына жеткізетін тек қана асқақ, өршіл өнер деп ұқты. Қызметтің де уақытша екендігін білді, халқының өзегіндегі дертті өнермен ғана емдеуге болатынын, рухи дүние ғана адастырмайтынын терең бағамдады. Ол бар қанағатты тек өнерден ғана тапты. Мәселен былай:

Дара күндерімнің,

нала түндерімнің

серігі болғаның үшін,

сенімі болғаның үшін

мен сені аялаймын.

 

Біреудің пасықтығынан,

біреудің жасып мұңынан

жүрегім сыздаған кезде,

жаным мұздаған кезде

мен сені саялаймын.

 

Біреудің күлкісін көріп,

бақыттының түр-түсін көріп,

шаттанып қалған шағымда

жеткендей арман-сағымға,

қуанышпен дірілдеп денем,

алдыңа күлімдеп келем.

 

Ажалмен айқасқан сәтте

қыршын жас көз ілгенін көріп,

өткінші сезімдерді көріп,

кешегі доспын дегеннің

минутта жерінгенін көріп,

кімнен өшімді аларымды білмей,

кімдерге кінә тағарымды білмей

алдыңа лапылдап келем,

жарылуға жақындап келем.

 

Өмірдің өткелдерінен

қиындық көп көргеніммен,

өртеніп от басқаныммен,

өзіңмен қоштаспадым мен.

Күлкімді, жайлы күнімді,

азапты, қайғы-мұңымды

өзіммен бөліскенің үшін,

қатем мен жеңістерім үшін,

менің мынау қиындау тағдырым болып

о баста көріскенің үшін,

өлең, мен сені аялап өтем!

Сірә, өнер дегеніміз жалғыздық болар. Ендеше сол жалғыздықпен өзіне де, өзгеге де жылу, өмір беріп, биік мұратынан айнымаған да Фариза еді. Ол бар сырын, мұңын, шерін, мұратын өлеңмен айтып, өлеңмен ғана өсті, өнді. Өлең – өнер оның өміріне, перзентіне айналды. Сол поэзия – перзентін халқының алақанына салды. Ал өз кезегінде халқы оны аялады, сол алақанның жылуы оны өз биігіне шығарды. Кешегі күні өмірдің бар саласынан тек қана жақсылықты көргісі келген, жалғыздықты, қасіретті басым жырлайтын өлеңшісін жақтыра бермейтін, өнерпазын ықтырып алғысы келсе де, өнердің киесінен қорыққан шенеуніктер де қазір өзін бақытты санайтын шығар. Оңғарсынованың өнердегі егіз стихия­сы қуаныш пен қасірет болса, көбіне екінші жағына – қасіретке көп бейім болатыны да халқының көкірегіндегі шерді айтпасқа аппақ арының жібермегендігі еді. Шерсізден шайыр шықпайды. Шерден шедевр жасағаны да содан ғой. Бүгінгі батыр боп жүргендер сол кездегі Фаризаның өрт өлеңдерін оқыса ұялса керек-ақ еді.

Шерхан Мұртаза бірде теледидардан мынадай мазмұнда сөйледі:

«Фариза – ақын, халықтың ұғымында үлкен әріппен, алтын әріппен жазылатын ақын. Мен бұл сөзімнің дәлеліне таяу­да Көкшетауда болғанда тағы да көз жеткіздім. Фаризаның тойына келген жұрт кең сарайға сыймай кетті. Соларды ешкім айдап келген жоқ қой. Демек, қазіргі кезде халықтың рухани өмірі жүдеп тұр деген түсінікке бұл едәуір қарсылық еді. Фариза халықтың есінде, жүрегінде екен».

Қашанда таланттарға қамқор болып, бұлақ көзін ашып жүретін Ғаникамал Бибатырованың былай дегені де есте.

«Фариза қуаныш пен қасіретті қатар жырлады. Бірақ «қасіреті» басымдау болды. Осыған қарап ақынды кейбір сырт көз қатыгез, қатал деуі де мүмкін. Ал оның жанына үңілсеңіз, бұл ойдың бәрі жоққа шығар еді».

Халқы қасіретті болғанда, оның қасіретті болмауға хақы жоқ еді. Фари-за бүгінгі «жалаңаш батырлар» шықпай жатқанда халқының мұңын елден бұрын айтқан ақынның бірі де бірегейі. Содан да болар, халқы оны екі мәрте Мәжіліске депутат етіп сайлады. Мемлекеттік сыйлық берді. Қазіргі заманның сенсацияшыл қалпымен сөйлесек, осы сыйлық жөніндегі бір «сүйкімсіз» әңгімені айтпай кетуге болмас.

Бұл әңгіме, бәлки, Фариза ақынның бір бітеу жарасы болуы да. Сол жараның аузын тырнаудың қажеті де жоқ шығар. Бірақ мынадай бір ойға еркіндік беріп көрсек, қалай болар еді дейміз-дағы...

Бұрынғы «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас Алаш») редакторы Сейдахмет аға бір күні буырқанып келді. Мемлекеттік сыйлық комиссиясында дауыс беру кезінде Мұқағали мен Фариза тартысқа түседі. Әрине, кеше ғана өзіне өлмес жыр арнап, ел аузында аңызға айналып кеткен өлеңнің кейіпкері авторының алдында азаматтық танытып, жолын беруі керек еді. Оны Фариза білмей қалған жоқ, білді. Бірақ адамның өз еркін өзінен тартып алған тағдыр, уақыт солай шешсе Фаризада не жазық? Сол әділетсіздіктің, екі қиын тұлға-тағдырды бір-біріне қарсы қойған түлкібұлаң заманның зымияндығына, қанжардай екіжүзділігіне ақын да жігерін қарсы қойып, өзін-өзі қайрап салған болуы мүмкін ғой. Қазақтың еркегінен ер таппаған, мәрт, мұзарт Мұқағали болса осы сәтте не дер еді? Әділетсіздік туралы әділетсіздікке «қыз баланың жолы жіңішке ғой» дер ме еді, қасқайып. Сейдағаң да кейініректе ашуы басылған соң осы секілді ойларға мойынсұнғандай еді.

Фаризаның Мұқаңа арнаған циклы ақталу емес, талантты таланттың мо­йындауы емес пе еді? Бәлкім, бұл әлгі сыйлықтан мың есе артық болар.

Әдетте өлмейтін бір-ақ нәрсе бар. Ол – өнер. Әрине, шынайы өнерпаздың ойынан туған өнер – өлең. Біз қазіргі мазасыз күннің жетегінде жүріп жазылған бұл мақаламен Фаризаны ақтап алайық деп отырған жоқпыз. Ол өзін-өзі ақтайды. Шын өнерпаз ғана өзін-өзі өресіз ойлардан арашалап шығады. Содан да болар, жұрттың бәрі жазғыш, айтқыш боп кеткен қазіргі замандағы Фариза өлеңдері онсыз да биігінен түспесі хақ. Суреткердің қоғамға деген ішкі қарсылығы түрлі формада көрініс тауып жатады ғой. Өзі айтқандай, талантты адамдардың талантсыздардың арасында өмір сүруі қаншалықты қауіпті болса да, ол маздап, жанын күйдіріп бара жатпаса да махаббатты жырлаған болып, сол қоғамның жер-жебіріне жетті. Бақыттан басы айналған совет адамы айтпауға тиіс сөздер өріп жүретін оның жазуында.

Қайсыбір жылы Астанада «Егемен Қазақстанның» 90 жылдығы өтті. Сол салтанаттан ертерек шығып бара жатыр едім, желке тұсымнан: «әй, Қалимысың» деген дауыс естілді. Шынымды айтсам, селк ете қалдым. Апайдың дауысы екенін бірден білдім. Астанада ол кезде қазіргідей ықтасын жоқ. Аяз қарып барады. Көп тұрған жоқпыз. «Аман жүр айналайын, бар жақсылығыңа тілектеспін» деді де одан әрі ыңғай бермей, көлігіне мініп кете барды. Қас-қағым сәт. Құйын. Мінездің адамы ғой. Бұл жолы да сонысын сездірді. Кейін ойлаймын ғой. Әу бастан қанымызға сіңіп қалған ұяңдық па, қазақы тәрбие ме, осындай мінезді, ірі кісілерді көргенде, жастау күнімізде үрке соқтап, қашыңқырап жүретін әдет болды ғой. Сондай тұста сәлем бермей қалдық па деген ұшқары ой да келді басыма. Дейтұрғанмен де, соның алдындағы бір жағдай есіме сап ете қалды. Соңында бірдеңе айтуға бейімделгендей, әңгіменің соңы неге шорт үзілгенін енді аңғарғандай халде едім. Соның алдында ғана бір тойда бір белгілі ағамыз маған БАҚ саласындағы Президент сыйлығының қалай берілгенін есіме салды. Әлгі кісінің айтуынша, Шерағаң бастаған комиссия мүшелері бірден қолдап, апай ғана қарсы болыпты-мыс. Әрине, оған сол сәтте мән берген жоқпыз. Енді ойлануға тура келді. Апай ірі мінездің, көңіл күйдің адамы ғой. Ондай болған шығар. Болмаса қарсы шығатындай негіз де жоқ қой. Бірақ Арқаның аязды күніндегі сол жолғы ұлылыққа бергісіз сәттік кішілік менің есімнен әлі күнге кетпейді. Әлі күнге дейін маған әлгі кісі айтпақ болған «өз шындығына» тұздығын көбірек қосып жібергендей көрінеді.

Қайсыбір жылы апайдың 70 жылдығы Алматыдағы опера және балет театрында өтті. Сонда бір құшақ дала гүлдерін апарғанымда «айналайын» деп айрықша ықылас білдіргені де қайтіп естен кетсін.

Өмірден озарынан бірнеше ай бұрын Алматыға келіп, телефон шалды. Сондағы айтқан сөзі әлі күнге жадымнан шықпайды. Кейде бір мерейлі жиындарда сөз сөйлегенде мен сол әңгімені көп пайдаланамын. Былай деп еді:

«Айналайын, менің өлең кітаптарым көп шықты ғой. Ал мына кітабым мақала, сұхбаттардан тұрады. Осы кітапты шы­ға­руға аса ықыласты болмап едім. Бірақ көп ойландым. Бұл өмірде бәріміз де бірден биікке шыққанымыз жоқ. Соның бәрі жақсы адамдардың, саған тілеулес болған жандардың арқасы. Мына кітап та сол адамдарға айтқан алғысым еді. Айналайын, жақсы адамдар туралы жиірек жазыңдаршы».

Таяуда әкемтеатрда 60 жылдығымды өткізудің ең басты сыры да осында еді. Сонда апайдың осы сөзін пайдаландым. Сен көрген жақсылығыңды әркімге сыбырлап айтып жүрмейсің ғой. Сен олардың кейбірінен тікелей қамқорлық көрмессің. Бірақ олардың көрсеткен өнегесі, үлгісі бәрінен де биік, соны қатты сезініп қанаттанып, рухтанып өсесің.

Ар ісінің азабын арқалағандар

Қайсыбір жылы «Алматы ақшамының» бірінші бетінде мерейлі жасына орай Фарида Шәріпова туралы «Парасат падишасы» деген шағын мақалам жарияланды. Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов қабылдап, актрисаға көлік мінгізді. Ертесіне бір адуын апамыз телефон шалып: «Қарағым-ау, мынаны падиша деп сонша көкке көтергенің не, қасында Елбасының суреті мен сөзі тұр. Ол кісі көрсе не дейді, қалай қабылдайды?» деп кейіс білдірсін. Қапелімде не дерімді де білмей: «Апа, бізде Фаридалар көп емес қой, мен артық кеткенім жоқ, қайта жеткізе алмай жатырмыз ғой» дегенім есімде қалыпты. Апамыз телефонды тас­тай салды. Шынында да өнері де, өзі де өзгеше, қиын тағдыр кешкен актриса жөнінде айта алмай, жаза алмай жатсақ, ол енді біздің арымызға сын еді.

Бұл жолы да сол аяулы актрисаның көңіл кеңістігін бұлт шалған кейбір сәттері, ешкімге ұқсамайтын бітім-болмысы туралы еске түсіруге тура келіп отыр. Әрине, актриса жөніндегі сөз оның өмірлік қосағы, ел есінде мәңгілік батыр бейнесінде қалған КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреа­ты Ыдырыс Ноғайбаевсыз бастау алмасы хақ. Ыдекеңнің өзі жиі айтатынындай, олар «ғажап екі өмір сүрді». Сахна мен отбасын айтқаны ғой.

Алғаш екеуін табыстырған Ш.Айтма­тов­тың «Жәмиласындағы» Жәмила мен Данияр. Тұңғыш перзентінің атын да Шыңғыс қойып, ол кейіннен бояулары буырқанған суретші болды. Жәмила мен Данияр болып қосылып, Сыбанқұл, Толғанай болып есейді. Арада Қобыланды, Қарлыға болып «қағысты», Есен, Еңлік болып «ерегесті», ол дана Абай, бұл аяу­лы Ажар, Ақбалаға қамқор Қаленді сомдады. Чеховтың «Ваня ағайында» Астровтың рөлінде Елена Андреевнаға өліп ғашық болды. Қ.Мұхамеджановтың «Біз періште емеспізінде» Н.Сәрсенов, бұл Сейфуллиннің әйелі Асылды ойнап, азаматтық, парасаттылық жөнінде ой толғады, сыр шертті. Бір жылады, бір күлді, бір шаттанды, бір мұңайды. Бұл кей-кейде сол бейнелерді көз алдына келтіріп отырып, үлкен ой теңізіне шомады. Өнерге шын сүйген жүрек қана керек. Соны ойлағанда, бұл өнер мен өмірдегі махаббаттың таңғажайыптығына, соншалықты үйлесімділігіне, кере­мет­ті­гі­не бас иіп отыратын күндері де аз болмайтын.

Осынау аңызға айналған алып актермен 28 жыл жұп жазбай ғұмыр кешті. Отағасы өмірден озғанда оның қабірінің басына қандай ескерткіш қоюы жөнінде көп ойланды. Әлгінде айттық қой, ол халқының есінде қаһарман бейнесінде қалды. Зираты да атақты батыр атасының жанынан орын алды. Сөйтіп, батыр мен батыр бас түйісті. Өзінің, ұжымның ұсынысымен өз қаражатына басына қалқанына сүйенген Қобыланды рөліндегі бейнесі қойылды. «Ол бір мезет қалғып кеткен эпикалық кейіпкер сияқты көрінеді маған» дейтін апайдың өзі. Өзі де Қобыландыны өте жақсы көріп, батыр бабаларымыз-ай деп дүр сілкініп отырады екен. Сөйтіп, өмір мен өнердің ауыртпалығын көтеріп шаршаған жанның бейнесін көрсетсек деген ойды белгілі мүсінші Т.Досмағамбетов тамаша шеберлікпен жүзеге асырды.

Егер өнер тарихына үңілетін болсақ, мұндай жағдай ертеректе ағылшынның (атын ұмытып отырмын) Аттиланы – Еділ патшаны бейнелеген атақты актерінің басында да болған. Ол өзінің зиратына Аттила образындағы бейнесін қоюын өтінген екен.

Фарида апай арабша жазатын еді. Бірде ауруханадан шығып, ауыр спектакль «Медеядан» соң («Жүрегіне жылан жұмыртқалаған әйел образын жасады» – Ә.Нұрпейісов) шаршаңқырап отырған күні кездестік. Арабша жазуына көзім түскенін байқап қалды ма, «Ыдырыс, Фарида сен арабша тез жазасың ғой, бір ойларым бар соны қағазға түсірші дейтін, шаршап отырған сәтінде» деп бір күрсініп алды. Маған апайдың сол күрсінген сәті бір образға еніп отырғандай көрініп кетті. Ол сондай сәттерімен де айрықша сұлу көрінетін. Өмір бойы қарапайым өмірде де сол образдан шыға алмай кеткен адам ғой. Мені бұл актрисаның дауыс мәнері айрықша қызықтыратын. Оның дауысына түскенде кез келген ортанқол шығарманың сөзінің де өзі сәуле шашып, бағы жанып жүре беретін. Ал енді демде күлу, жылау секілді драма өнерінің жанындай егіз стихияның бұл кісіден соң айы оңынан туғаны, сәтті шыққаны әлі күнге есімде жоқ. Сахнада көз жасы құрғамай өтті ғой. Кейде өзі де «осы менің сахнада жыламайтын рөл ойнамайтын кезім болмайтын шығар» деп күліп те алатын. Өнер үшін төгілген жас еді ол. Оның жылауы мен күлуінде титімдей жасандылық, фальш болмайтын.

Дауыс демекші, мектепте жүргенде, тіпті әлі күнге дейін сүйсініп көретін «Менің атым Қожадағы» Қожаның да­уысын салған осы кісі екенін біреу білсе, біреу білмес. Талантқа дауа бар ма?!

Таяуда әкемтеатр «Қобыландының» жаңа нұсқасын сахналады. Өсіп келе жатқан жастар, ізденіс бар. Сол қойылым үстінде Ыдырыс аға да еске түспей қалған жоқ. О, олар барда әкемтеатрдың сахнасы дүр сілкініп жататын, күнде рух оянатын еді ғой. Рух солардың бойында жүретін, тіпті солармен бірге түнейтін.

Сәбира. Бикен. Шолпан. Фарида...

Сахнаның сәулесі, сәулетшісі еді бұлар. Бәлкім, аңыз болар, осылар ойнаған күні театрға «жедел жәрдем» келіп тұратын деп те еститінбіз. Шынында да «Ана–Жер-Ананы» көргенде осы ойдың шындығынан бір елі ажырамай отыратын едік. Әуелде Сәбира мен Бикен апалар ойнайтын бұл топқа кейінірек Фарида қосылды. Оның да өз тарихы бар. Актриса әуелде жүрексінген деседі. Тіпті, «кемпірдің рөлін беріп мені құлатайын деп жүр ме» деген екіұдай ой болған да көрінеді. Алайда айтқан бетінен қайтпайтын Әзекең – Әзірбайжан Мәмбетов Фариданы дайындап шығарды. «Әуелде қатты қиналдым. Психологиялық тұрғыдан өте ауыр соғатын образ ғой. Жаспыз ғой, тез жүріп кететін болуым керек, Толғанайдың ілбіп келе жататын жерін келтіре алмай, Әзекеңнің талай ашуы­на қалып едім. Алайда, ол кісі тапқыр ғой. Бір күні маған 45-размерлі үлкен керзі етікті алып келді де, дәу шұлғау беріп «ки мынаны» деді. Содан әлгіні киген соң жүрісім мүлдем өзгерді» деп еді бірде апай.

Өнер-өмір жолында кезіккен кейбір келеңсіздіктерді жаны нәзік актриса ауыр­сынып айтатын еді. Бірде Ыдекеңе біреулер: «Әй, сенің әйелің атақтың бәрін сыпырып алып жатыр ғой» деп қалжыңдаған болыпты. Сонда Ыдекең сол баяғы сабырлы қалпымен: «Несі бар, бір үйден бір атақты адам шықса, семьяның да еңбегін бағалағандық» депті. Кейіннен осы атақтарды өзі алғаннан кейін «әй, осы өткендегілердің сөзін біреу естіп қалды-ау деймін» деп бір кеңкілдеп күлгені бар екен.

Таланттың аты – талант. Оны ешқандай бөстекі сөз де, өртенген өсек те құлата алмайды. Бұл буын неге шетінен шебер, жүйрік болды. Өйткені олар чеховшылар, станиславскийшілер демекші, әуезовшілер, Әуезов мектебінен өтіп, ұлы мұхитқа қайық салғандар еді. Олардың бағын ашқан классика. Сол классикадағы күні бүгінге дейін өлмейтіні сөздің құдіреті, әуезі, бояуы. Бұл буын Әуезовте түгелге жуық ойнады. «Әуезовші» деген атақ ұлт өнерін шексіз сүю деген мағынамен мәнзелдес. Олар сол атқа лайық болды. Бұлар ойнаған күні, не кездесулер болсын, бүгінгідей «явка» (адамдарды айдап апару) деген атымен болмайтын.

Ауруханадан шығып отырған апайдың сол бір күнгі күрсінгені кей-кейде есіме түсіп кетеді. Сол күрсінуді әкемтеатрға барған сайын еске аламын. Әп-сәтте жылай салу, іле сыңғырлап күміс күлкі төгу... Фариданың мәңгілік мәнері ғой бұл. Қайталанбас, мәңгілік мәнер. Осылардың әрқайсысының мектебі осы арнаулы оқу орындарында арнайы оқытыла ма екен өзі.

* * *

Фариза мен Фарида. Осылай да жазуға, осылай да ойнауға болады екен ғой дегізген тұлғалар. Осы бір ғазез екі бейнеден көп ұқсастық көремін. Оның құпиясын, сырын түсіндіру азап, қиынның қиыны. Оны түсіндіре алатын тек өнердің тілі. Олар сол азаптың өзінен ғажап жасады ғой. Ар ісінің азабын (З.Қабдолов) арқалағандар еді олар. Жалпы, бұл қасиет осы толқынның өкілдеріне айрықша тән еді. Фарида поэзиядағы Фариза, Фариза драмадағы Фарида болып бірін-бірі толықтырып тұрғандай көрініп кетеді маған.

 

Р.S. Енді осы эссенің жазылуына басты себеп болған жағдайды айтайын. Таяуда мұрағатымды ақтарып отыр едім, осыдан шамасы 30-40 жыл бұрын жазылған өнер адамдарының тізімі, телефондары, мекен-жайы көрсетілген бір дәптерге көзім түсті. Бүгінде оның басым көпшілігі түйе қарап кеткен. Әлгіні парақтай бастап едім, ар азабын арқалаған екі апамның «аман ба, айналайын» деген телефондағы аяулы дауы­сын естігендей болдым.

«Қарағым, шырағым» деген сөз азайып, мейірге шөлдеп жүрген заманда әлгі сөз маңдайымнан сипағандай болып, толқып кеттім.

Рухы шат болсын!

 

Қали СӘРСЕНБАЙ