Шахматтан қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш гроссмейстер (2012 жыл), Қазақстанның жеті дүркін чемпионы Гүлісхан Нахбаева екінші мәрте ана атанды. Бұл туралы шахматшының анасы Айдын Өрісбайқызы Egemen.kz сайтына арнайы хабарлады.
«Сүйінші, қызым Гүлісхан екінші мәрте ана атанып, дүниеге тағы бір гроссмейстер келді. Періштенің есімі – Даяна. Ал, ағайын еліміздің бас басылымы арқылы жақсы жаңалықпен бөліспекпін», – деп хат жолдаған екен.
Айдын Өрісбайқызының айтуынша, Гүлісханның тұңғышының есімі Томирис. Ал Даяна есімі араб тілінен «Құдайдың сыйы» деген мағынаны білдіреді екен.
Естеріңізге сала кетейік, жақында Гүлісхан Нахбаева «Egemen Qazaqstan» газетіне сұхбат беріп, қыздар құрамасында болып жатқан түсініспеушіліктер туралы бүкпесіз айтып берген еді.
Гүлісхан Сайфуллинқызы Нахбаева – 1991 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш гроссмейстер (2012 жыл). Қазақстанның алты дүркін чемпионы. Жасөспірімдер арасында Азияның екі дүркін жеңімпазы (16 және 18 жас). Азияның күміс жүлдегері (20 жасқа дейін). Әйелдер арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Ерлер арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған тұңғыш қазақ қызы (2013 жыл).