Ақмола облысының ювеналды полиция қызметкерлері «Жұмыспен қамту» республикалық акциясы аясында рейдтер ұйымдастырып, бірнеше заңсыз әрекеттерді әшкереледі.
Тәртіп сақшылары бала еңбегін пайдалануы мүмкін деген мекемелерді сүзіп шықты. Қазақстан Республикасының Еңбек туралы Кодексіне сәйкес, балаларға 14 жастан бастап жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Тек, олардың жұмыс уақыты аптасына 24 сағаттан аспауға тиіс. Ал, 16 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдердің жұмыс уақыты аптасына 36 сағаттан аспау керек. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға түнгі уақытта жұмыс істеуге, ауыр, қауіпті еңбек жағдайларына байланысты жұмыстарды орындауға тыйым салынады.
Осы мәселелерді бақылауда ұстау, кәмелетке толмағандарға қатысты елеулі құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың жасалуына жол бермеу үшін полицейлер бірқатар көлік жуу орындарын, дәмханаларды, ойын-сауық мекемелерін тексерді. «Жұмыспен қамту» рейді барысында түнгі уақытта ойын-сауық орындарына барған кәмелетке жасы толмаған жеткіншектердің ата-аналарына заң талаптары түсіндірілді. Мәселен, компьютерлік клубта 2002 жылы туған жасөспірімдердің отырғаны анықталып, нәтижесінде осы мекеменің иесіне әкімшілік жаза тағайындалды.
Үстіміздегі жылдың жеті айында кәмелетке толмағандарға ішімдік ішкізген 11 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жиырма бір жасқа дейінгі жастарға алкоголь өнімін сатқаны жайлы 28 хаттама толтырылған. Жасөспірімдердің түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол бергені үшін 46 хаттама толтырылып, балаларды қоғамға жат іс-әрекеттер жасауға итермелегені үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 133-бабы бойынша 85 азаматқа айыппұл салынды.