• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Экономика 07 Тамыз, 2019

Жанармай экспорты Бұл мәселеде Қазақстан Ресеймен бәсекелесе ала ма?

295 рет
көрсетілді

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, биыл елімізде 89 млн тонна мұнай өндірілмек. Жылдың алғашқы 5 айында өндірілген «қара алтын» көлемі – 36,5 млн тонна. Қазір мұнайшылар тәу­лігіне 400 мың баррель мұнай өндіруде. Өндіріс пен өңдеу көлеміне орай биыл елі­мізде АИ-92, АИ-95 маркалы бензиндердің профициті байқа­лыпты. Сарапшылар қазір «бензин өндірісі ішкі сұраныстан 20-30 %-ға артық» деген жағымды бол­жамдарды алға тарта баста­ды. Бұл орайда Қазақстанға мұ­най өнімдерінің экспортын ұлғай­туға мүмкіндік туып отыр.

Бүгінгі таңда АИ-92 маркалы бензиннің бөлшек саудадағы бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,9%-ға арзандап, 147,6 теңгеден сатылып жатыр. АИ-95/96 мар­калы бензиндер де 3,8%-ға ар­зандап, 168,6 теңгеге тұрақ­тады. Энергетика министрі Қ.Бо­зымбаев Үкімет отырысында Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз кеніштерінде жүргізілген күр­делі жөндеу жұмыстары мұнай өндірісінің қарқынын күшей­тетінін, Қашағанда жөндеу жұмыстары мерзімінен 10 күн бұрын аяқталғанын тілге тиек етіп, қазіргі өндіріс көлемі ре­кордтық көрсеткішке – тәулігіне 400 мың баррельге жеткенін хабарлады.

– Теңіз кен орнын кеңейту жобасы аяқталғанда өндіріс көлемі тағы ұлғаяды.  2024 жылға қарай Теңіздегі мұнай өндіру көлемі қазіргі 27 млн тоннадан 39 млн тоннаға жетеді. Қашаған кен орнынан биыл тәулігіне  370 мың тонна шикізат алынса, 2024 жылы  450 мың баррель мұнай өндіру жос­парланып отыр. 2025 жылға қарай көрсеткіш жылына 104 млн тоннаға жетуге тиіс.  Теңіз кен орнын кеңейту жобасы жалғаса береді. Бұл бастамаға 37 млрд АҚШ доллары жұмсалады.   Қазақстанда 2018 жылы – 90 млн, 2017 жылы 86,2 млн тонна мұнай өндірілді, – деді министр.

 

Төртінші МӨЗ керек емес пе?

Қ.Бозымбаевтың жағымды ақ­па­раттарды таратуының себебі ке­йінірек белгілі болды. Оның сө­зіне қарағанда, Қазақстанға төр­тін­ші мұнай зауытының керегі жоқ. 

– «ҚазМұнайГаз» нарықты, мүм­кін­діктер мен трендтерді зерт­теуге қауқарлы компаниялар­ды жалдап, соның нәтижесі бойын­ша мәселенің мән-жайын анық­тап, мұнай өнімдерін тұ­ты­ну көлемінің балансын қайта зер­деледік. Сөйтіп, осындай шешімге келдік, – дейді Қ.Бозымбаев.

Отандық БАҚ-тарда еліміз­дегі 3 МӨЗ-дің қуаты толық іс­ке қо­­сылмай келе жатқаны жиі кө­те­­рі­летіні белгілі. Бұл сауалға да министрдің жауабы дайын екен:

– Толық қуатымен жұмыс іс­темесе де 3 мұнай зауыты өндіріс кө­лемін артығымен орындап отыр. Осы тұрғыдан алғанда да біз­ге мұнай зауыты қажет емес, – деп сөзін бір түйіп өтті Қанат Бо­зым­баев.

Жалпы, Қазақстанда төртінші мұнай зауытын салу туралы әңгі­менің тарихы 2014 жылдан баста­лады. Сол кезде таңдау Ақтау­ға түскен-ді. Бұл идеяны қолдау­шы­лар Ақтаудың шикізат қорына жақын орналасқанын, Маң­ғыстау мен Түркіменстан ара­сындағы темір жол арқылы Парсы шығанағы елдеріне, Ақтау, Құрық теңіз порттары арқылы Кавказға, Ресей мен Еуропа елдеріне өнімді экспорттауға болатынын алға тарт­қан еді. Бірақ мұның бәрі кейін жүзеге асырылмай, бос сөз болып қалды.

Министрлік ұсынған мәлі­мет­ке сенер болсақ, Беларусь, Қыр­ғызстан елдері біздің бензинге қы­зығушылық танытып отыр. Қазақстан жағы бәсекелестіктің алдын алу үшін оларға реэкспорт жасамау туралы шарт қойған.

– Біз серіктестеріміздің Қазақ­станның мұнайы мен мұнай өнім­дерін үшінші елдерге реэкспорт жасағанын қаламаймыз. Келіссөз сәтті өтеді деп үміттенеміз, – деді Қ.Бозымбаев.

Бұдан біраз бұрын Энергетика министрі Қазақстан болашақта Қыр­ғызстан, Армения, Беларусь, Өз­бекстан, Тәжікстан және Ауған­стан елдеріне бензин экспорттайтынын мәлімдеген болатын.

Қазақстанның көмірсутегі мен дайын өнімдерінің үшінші ел­дерге экспортталуы бізге эко­но­микалық жағынан тиімді. Бірақ оның кері әсерлері де бар деп санайды сарапшылар. Экономист Константин Смирнов бізге берген сұхбатында Қазақстан жанар­май экспорттамақ елдерге дәл қа­зір жанармайды Ресей жеткізіп отыр­ғанын да ұмытпау керек дейді.

– Алдағы күзде, жиын-терім жұмыстары басталған кезде на­рықтың осы сегментіндегі бәсеке Ресей мен Қазақстанның арасында өтеді. Сол себепті Мәскеу Ас­танаға бензин бағасын алдағы уақытта қазіргі деңгейден түсіруге жол бермеуі мүмкін. Біз көрші елдерге бензин сатуды бастағанда өзімізде баға көтерілуі мүмкін. Өйткені біздің нарық профициттен, яғни артық бензиннен арыла бастайды, – дейді Константин Смирнов. 

2025 жылы Еуразиялық эко­номикалық одақ аясында бірыңғай энергетикалық нарық пайда болады. Бұл мұнай-газ және мұнай өнімдерінің бағасын теңестіреді. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл да қазақстандықтардың қалтасына салмақ түсіреді.

Сарапшылар Энергетика ми­нистрлігі баға арзандайды деп қоғамды ерте қуантып қоюы да мүмкін екенін айтады. Үкі­мет 2015 жылы жанар-жағар­май тап­­шылығының алдын алу үшін АИ-80 маркалы бензиннің ба­ғасын реттеуден бас тартып, еркін айналымға жіберу туралы шешім қабылдаған болатын. Сарапшылар бұл шешімге нарықтың заңымен жүру қажеттілігі себеп болғанын, Үкімет бағаны нарықтың өзі реттеп отырады деп үміттенгенін а­йтады. 

– Бірақ Үкімет ішінара қате­лесті. АИ-80 маркалы бензинді қал­та­лылар емес, орта тап пай­дала­нады. Мұнайлы ел бола тұра жыл сайын дизель отынын Ресей­ден аламыз. Ол жетпесе, ірге­дегі Қытайдан тасимыз. Ресейде мұ­най өнімдерінің бағасы сәл көте­рілсе, біздегі баға аспанға ұшып кетеді, – К.Смирнов.

Сарапшы бізбен әңгімесінде осыған дейін «төртінші мұнай өнімдерін өңдейтін зауыт салу керек» деген ұстанымның кенеттен трендтен түсіп қалу себебін түсін­діріп өтті. Оның пайымдауынша, жаңа зауытқа шикізат керек. Біз оны қайдан аламыз? Жұ­­мыс іс­теп тұрған зауыттардың өзі ши­кізаттың тапшылығын жиі се­зініп жүр. Мұнай өңдеуші за­уыт­тардың мүмкіндігі 17,4 млн тонна «қара алтын» өңдеуге жетеді.

 

Стандартты көтеру керек

Биыл еліміздегі тіркелген ав­то­көліктердің саны 7 млн 150 мың­ға жетіпті. Олардың 2015 жыл­дан бері қарай шыққандарына Еуро-4 стандартына сай жанар-жағармай қажет. Ал біздегі зауыттар Еуро-2 санатына жататын өнім өндіреді. Ал Ресейдегі мұ­най өңдеу зауыттарының басым көпшілігі 2015 жылдан бас­тап Еуро-4 стандартына сай жанар-жағармайға көшті. Яғни, МӨЗ-дердің технологиясын Еуро-4 стандартына бейімдеу керек.

Бұл туралы экономист К.Смир­­нов:

– Алдағы бірер жылда Қазақ­стан­дағы барлық жаңа көлік Еуро-4 стандартына көшеді. Себе­бі 2015 жылдан бастап 10-15 жылдық тарихы бар ескі кө­лік­терді утилизациялау басталды. Енді бірер жылда бізде Еуро-2 стандартындағы бензинді тұ­ты­натын көлік қалмайтыны белгілі. Сол себепті зауыттарымызды Еуро-4, Еуро-5 стандарттарына алдын ала бейімдеуіміз керек, – дейді.

 2018 жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталды. Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстары да жақында аяқталады. Демек, МӨЗ-дердің Еуро-4, Еуро-5 стан­дартындағы жанармай шы­ға­ратын кезі жақындап қалды.

Мамандардың айтуынша, 1 тонна мұнайды өңдеудің өзіндік құны – 60-65 доллар. Ал бір тонна мұнайдың тек 16 пайызы ғана Еуро-2 стандартындағы бензин шығаруға жарамды. Егер,  Еу­ро-4 немесе Еуро-5 стандарты­на көшсек, бұл көрсеткіш 9-11 па­йызға түсіп қалуы әбден мүмкін. Сол кезде үш зауыт шикізат тап­шылығын көруі мүмкін. Ма­мандар сол үшін МӨЗ-дерді жартылай болса да Еуро-4, Еуро-5  стандартындағы бензин өндіруге бейімдей беру керек дейді.

Тәуекелдерді бағалау тобы­ның жетекшісі, саясаттанушы Досым Сәтпаев бағаның қым­баттауына нарықты шектен тыс монополиялау мен мұнайды аз өңдеу әсер етіп отырғанын, бұл біздің ғана емес, Ресейдің де басындағы жағдай екенін айтады. Сол себепті алдағы жылдар туралы мәліметтерді біріздендіру өте қиын. Олай болатыны, мұнай өнімдерін сату бағасы Қазақстан жанармай қауымдастығы тарапынан бақыланады да, мем­лекеттік формулаға сәйкес рет­теліп отырады. Еліміздегі 3 МӨЗ-де мемлекет үлесінің бо­луы­­ның өзі жанар-жағармай на­ры­ғындағы лоббистердің қар­­сы­­лығын күшейтіп жіберуі әб­ден мүмкін. Ондағы әрбір күмән­­ді келісімшарт ел ішіндегі түрлі әңгіменің отын лаулатып жібер­мейтініне де кепілдік жоқ.

– Ақпараттық соғыста бұған дейін мұнай трейдерлері мен жа­­нар-жағармай трейдерлері же­ңіс­ке жетіп келді, – дейді Д.Сәт­паев.

Д.Сәтпаев масайрауды тоқ­та­тып, барынша салқынқанды жә­не біз үшін тиімді шешім қабыл­дайтын кез келгенін айтты. Нақты әрекетті  мұнай-газ секторындағы өз үлесімізді көбейтуден бастай­тын уақыт келді. Енді кері шегі­нетін жөніміз де, жолымыз да жоқ. Оның пайымдауынша, Қазақ­стандық үлесті арттырмайын­ша, мұнай-газ секторындағы ақпа­раттың ашықтығына қол жеткізе алмаймыз. Ал ақпарат ашық айтылмайтын ортада орындалмайтын уәделер өтімді болады.

 

АЛМАТЫ