Алмас Нұрғожаев – бүгінгі қазақ бейнелеу өнерінде өз мәнерін қалыптастырған жас суретші. Оның туындылары өзі айтқандай ішкі әлемі мен жан толғанысының боямасыз бейнесі. Алмас шығармаларын тамашалағанда ең алдымен көзге түсетіні – күрделі қозғалыс пен ракурсқа құрылған экспрессияға толы тылсым композициялар. Туындыгердің кенебін көмкерген кейіпкерлер мәңгілік қозғалыста.
Ә.Қастеев мұражайының қабырғасынан суретшінің «DEBUT» атты шығармашылық көрмесі ашылды. Осыған дейін талай байқауларда топ жарып, талай көрменің көрігін қыздырып жүрсе де Алмас үшін кең ауқымда ұйымдастырылған тұңғыш жеке көрмесінің маңызы зор. Көрмеге суретшінің ұстаздары мен қаламдас-қанаттастары кіл жүйрік картиналар деп бағалаған үздік шығармалары ұсынылған. Қылқалам шебері натураны жалпылау мен монументализациялауға жақын. Ол негізгі бейнені шынайы жазу үшін ғана емес, сонымен қатар оның жасырын ішкі мағынасын көрсетуді мақсат тұтқан.
Алмас шығармаларында көшпелі халқымыздың тұрмыс тіршілігі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы кеңінен көрініс табады. Тұяғымен ор қазып, ауыздығымен алысқан тұлпар да, жауына жебедей атылған хас батыр да, самалмен жарысып іңкәріне жан сөзін айтуға асыққан бозбала да, тіршіліктің тынымсыз қозғалыстар мен үздіксіз күрестерден тұратынына үңілдіреді, философиялық тереңдікке тартады. Ең бастысы, шығармаларының рухынан халқымызға тән мінез байқалады.
– Алмас өзінің кескіндемелік туындыларында детализациядан саналы түрде алшақтап, композицияның монументалдығына ұмтылады. Ол өзі мен кенептегі бейненің ара қашықтығын сақтай отырып жалпылыққа қол жеткізеді. Яғни, суретші сыртқы тұрмыстық суреттеуден гөрі философиялық ойлауға талпынады. Оған автордың «Әке қанаты», «Диалог», «Ауыз бекіту», «Сырласу», «Келісім алдында» композициялары жақсы мысал бола алады. Мұнда қылқалам шебері басты бейнені ауқымды етіп көрсетсе, жазықтық бетіндегі заттар мен фигуралар үшін кенеп көлемі әрқашан тарлық ететіндей әсер қалдырады.
Ал «Автопортретінде» әр кезеңде де өз дәуірінің қаһарманы болып табылатын суретші бейнесін күрделі қозғалыста барынша айшықты етіп жазады. Мұндағы суретшінің басты қарулары – қылқалам мен палитра. Сонымен қатар «Ояну», «Қызыл кітап», «Жаңа әуен», «Суретшінің жолы», «Шарықтау» кенептері тұрмыстың шиеленісін, шығармашылықтың тынысын, сезім мен ойдың драмалық диалогын көрсетеді. Нұрғожаев шығармашылығында заманауи қазақ бейнелеу өнеріндегі жаңа ізденістер мен талпыныстар көрініс табуда, – дейді көрме жетекшісі өнертанушы Самал Мамытова.
Суретшінің қаламына іліккен тақырыптардың желісі кең. Әке мен бала, махаббат, қоғамдағы өткір мәселелер, сондай-ақ ең бастысы адам және оның өмірмен немесе өзімен күресі. Бұл бейнелердің әрқайсысы ғаламдық тебіреніспен көмкерілген. Олар өткір жағыстар мен монохромды түстер үйлесімінде күрделі ракурста шешіліп, дене-бітімдеріне ерекше мән беріле бейне бір мүсінші секілді саз балшықпен емес, түс арқылы сомдалады. Жұмақын Қайрамбаев, Өмірбек Жұбаниязов секілді ұстаздардың шеберханасында шыңдалған Алмас Нұрғожаев та бүгінгі таңда О. Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде шәкірт баулып жүр.
АЛМАТЫ