Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласынан кейін Ақмола облысында мәртебесі елден ерек биіктеген, әр төбесі мен әр белесінің астында бұғып жатқан тылсым тарих жаңадан жинақталып, жарыққа шығып жатқан құйқалы өңірдің бірі – Бұйратау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі.
Тоқ жарау аттар тұмағыңды алшақ кигізердей жіті аяңдап келеді. Ат үстіндегі отырыстарына қарағанда бұрын-соңды жылқы мінген жамағат емес тәрізді. Шынында да солай болып шықты. Бұл жолы сайын даланың төсіндегі сары сағыммен астасып жатқан өткен шақтың сұлбасын анықтап танымаққа, көркем табиғаттың келбетін көкіректеріне көшіруге ынтыққан топ іргедегі Ресейден екен. Жалғыз Ресейден ғана емес, арасында америкалықтар да, француздар да бар.
Ерейменнің етегіндегі қалың елді аралап, Бұйратаудың бауырындағы тамаша табиғатты, көне тарихтың көмбесін көздерімен көрмекке ұмтылған салт атты саяхатшылар Нұр-Сұлтан, Қарағайлы, Балықты, Алғабас, Кардон, Қарағаш бағытын бетке алыпты. Бұрынғының «атың барда жер таны, желіп жүріп» дегені ып-рас. Желмен жарысқан жүйрік көлік мінсең, даланың дидарын аңғара алмас едің. Бұл жолы салт атпен жер шолуды мақсат тұтқан саяхатшылар Ерейменді бойлай отырып, Қарағанды аспақ. Ұзын-ырғасы он күн. Жолшыбай «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде ат тізгінін іріккен. Сөз арасында таяу маң түгіл, шетелдіктердің өзін қызықтырып отырған Бұйратау туралы бір ауыз сөз айта кетелік. Ұлттық бақтың флористикалық құрамында өсімдіктердің 450-ден астам түрі бар. Бұл жерде Орталық Қазақстандағы үстірттің айрықша маңызды флорасының бестен бір бөлігі қаз-қалпында сақталған. Флораның құрамына қандыағаш, қырыққұлақ, қалампыр шөп, көктем жанаргүлі, жаушымылдық, жабысқақ, мысықот, геснер қызғалдағы тәрізді аса сирек кездесетін өсімдіктер енеді. Ал фауна туралы әңгіме одан да әсерлі. Сүтқоректілердің бақандай 45 түрі бар. Арқардың саны 200-ден асқан. Марал да жыл сайын өсіп келеді. Құс дегенің тіпті жыртылып айрылады. Бұл жерде оның 227 түрі бар. Төңірегіңе жіті көз салсаң, жалбағай, сұңқылдақ, ақбас үйрек, дуадақ, безгелдек, тарғақты көрер едіңіз. «Қызыл кітапқа» енген құстардың саны – 13. Айтпақшы, өзіміз ұната қоймайтын шыбын-шіркей де «Қызыл кітапқа» енгізілген екен ғой. Оның да 17 түрі бар.
Саяхатшылар міне осындай мол дүниенің қызығына батып, көңілдері тоят тауып асықпай сапар шеккен. Әйтсе де, жер танабын қуырған жылқы баласы жол ұзартсын ба? Күніне 50-60 шақырым қашықтықты еркін еңсеріп отырыпты. Құлақтарына көне дәуірдің күмбірі естілсе, көздеріне қонақжай өлкенің ұлттық мінезі іліккен. Ондағысы қонақжайлылығы. Қай жерге қонып, қай жерге түстенсе де, жергілікті жұрт құшақ жая қарсы алған. Тіпті ұзын-ырғасы отыз адамнан тұратын саяхатшылар тобын еш ауырсынбаған.
– Олжабай батыр ауылдық округіне қарасты Кардон шатқалында меймандарға арнайы дастарқан жайылды,–дейді ұлттық парктің басшысы Талғат Сағындықов. – Шетелдіктер біздің елден көрген кереметтерді санап тауыса алмай, ауыздарының суы құрып отыр.
Бар ғұмырын ат үстінде өткерген ата-бабамыздың бағзы дәстүрі Елбасы мақаласынан кейін қайта оралып, замандастарымыздың бойындағы қалғып кеткен қасиетке жан біткендей. Ендігісі алыс-жақын шетелдерден келген саяхатшыларды қазақ даласының қатпарлы тарихымен, ғажайып табиғатымен таныстыру, атты туризмді дамыту. Осы істі қолға алсақ, аталған мақаладағы міндеттің парасын атқарғандығыңыз болмақ.