Шығармашылық адамы үшін табиғаттан асқан тәлімгер ұстаз жоқ. Ол әсіресе қиялымен жарысқа түскен қылқалам иесі үшін таптырмас шабыт қайнары десек, артық айтқандық емес. Табиғат-Ананың қылау түспеген тұма сұлулығын жан әлемімен түйсініп, көкірек көзімен көре білген сұңғыла сырлы бір топ талантты суретшінің ортақ тақырыпқа орайластырылған «Азия шыңдары» атты халықаралық сурет көрмесі сөзімізге айғақ.
Елорданың Достық үйінде қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен өткен Еуразиялық шығармашылық гильдеясының (Лондон) айтулы жобасы қылқалам тілін түсініп, құпиясын оқи білген әр тамашалаушы үшін өнердің үлкен тартуы болғаны сөзсіз.
«Азия шыңдары» – Назира Женішбекова-Барриионуэва (Париж), Guli Bost (Лондон) және Бибігүл Смақова (Алматы) сынды суретшілердің бірлескен жобасы. Бас шаһар тұрғындарын Еуразиялық шығармашылық гильдеяға мүше суретшілер тобының өнер өрісімен таныстыру және жас таланттарды қолдау мақсатында ұйымдастырылған шараның ашылу салтанатында сөз алған көрме авторларының бірі, алматылық белгілі қылқалам иесі Бибігүл Смақова әсерімен бөлісіп, жалпы көрменің мазмұнын таныстырып өтті.
– Бүгін суретшілер қауымы үшін ерекше оқиға. Нақтырақ айтсақ, бұл көрмеде сіздер бояу болмысын ұғуға ұмтылған нәзікжанды қылқалам иелерінің Іле Алатауы мен Ыстықкөлге барған сапарының шығармашылық жемісіне баға бересіздер. Қазақ пен қырғыз елі суретшілерінің қиял қарымын бір бағыт пен ортақ арнада тоғыстыруды көздеген айтулы пленэр-жоба бауырлас халықтардың өнер қоржынына үлкен олжа салды деп білеміз. Шілде айының 1-і мен 6-сы аралығында Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауларына шығармашылық сапармен барған едік. Сол сапар біз үшін өте жемісті болды. Табиғаттың сұлу көріністерінен таусылмас шабыт алғанымыз соншалық, бірден білек сыбанып жұмысқа кірістік. Нәтижесі – міне, көз алдыларыңызда. Араға тура бір ай уақыт салып, Іле Алатауы сілемдерінен алған ұмытылмас әсерімізді көрмеге шығарып отырмыз. Авторлардың бірі өзім болғандықтан, ақылдаса келе аталған көрменің тұсаукесерін Қазақстанда да өткізуді ұйғардық, – деді суретші пленэр сапарының айшықты әсерімен бөлісіп.
Қылқалам иесі атап өткендей, айтулы пленэрлік сапар – табиғат атмосферасын мейлінше сезініп, оны қалай дәл және жанды жеткізу керегін түсіндіруге негізделген жоба. Яғни, табиғаттың тірі түсіндірмесі. Соның арқасында суретші мен табиғаттың арасында барынша шынайы байланыс орнап, өнер туындыларына деген көзқарас көкжиегі кеңіп, тың тәжірибелерге баруға жан-жақты жол ашылады. Бұл дегеніңіз – қиял қанатында қалықтаған суретшілер үшін таптырмас рухани азық.
Біз тамашалаған көрме расымен де өзінің шынайы һәм табиғаттың өзіндей жандылығымен, көз тартарлық сұлулығымен есте қалды. Көрмеге ең жас суретші 9 жасар Айбике Кубанычбекованың «Сүйікті жаз», «Сарқырама» картиналарымен бірге, осы қатардағы ең егде қылқаламшы Мәруа Байтұрсынованың да үздік жұмыстары қойылды.
– Біздің арамыздағы Мәруа Байтұрсынова деген суретші 60 жасында алғаш рет қолына қылқалам алған. Ол әуелі ғаламтор арқылы картинаны лентамен кестелеуді үйренді. Бүгінгі көрмеге «Дала әуені» атты циклды жұмысы қойылды. Онда суретшінің анасы – он үш бала өсіріп, жүзден астам немере сүйген абзал жан Қымбат апайдың аналық келбеті, жалпы қазақтың барлық ұлттық болмыс, салт-санасы шынайы бейнеленген. Мәруа анасының бейнесін картинаға түсірерде киіз, лента, кескіндеме сынды бірнеше техниканы пайдаланған. Бұл да айтулы жұмыстың ерекшелігін еселей түседі, – деп жоба авторы Бибігүл Смақова көрмеге қатысқан суретшілердің адами және қолтаңбалық ерекшеліктеріне де тоқталып өтті.
Аталған суретшілерден бөлек, көрмеде сонымен қатар Әсия Бекішева, Гүлнәр Табанова, Аделя Серәлиева, Нұрым Қиназбеков, Гүлсейім Тоқбаева, Әлфия Мұхамедьянова сынды талантты суретшілердің жұмыстары да көпшілік назарына ұсынылды. Суретшілер өз картиналарында адам мен қоршаған орта арасындағы тіні үзілмес берік байланысты, жалпы табиғаттың сөзбен айтып жеткізгісіз таңғажайып әсемдігін бедерлі бейнелейді.Тұмса табиғат сыры сезіммен суреттелген көркем галереяны Қырғызстан Суретшілер одағының мүшесі Сырға Сараркиева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ханым Айдаш, этнодизайнер Ырза Тұрсынзада бастаған қылқалам мен дизайн әлемінің мамандары да тамашалап, жоғары бағалады.
Көрмеге келушілер Іле Алатауының сұлулығын, «Манас тостағаны», «Аққайнардың шашырауы» және «Барыстың көз жасы» сарқырамаларын, Барскоон тау шатқалдарын, Жеті өгіз сынды қасиетті мекендер мен табиғи орындарды суретшілердің көзімен көруге мүмкіндік алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алда «Азия шыңдары» көрмесінің ауқымын кеңейту жоспары қолға алынып, алғашқы жобалары жүйеленіп те үлгеріпті. Осы мақсатта қазан айының 12-13 жұлдызында көрмені Париж қаласындағы Қазақстанның елшілігінде көрсету жұмыстарына дайындық қызу жүріп жатыр. Жоба авторлары пленэрлік сапарын Қырғызстанмен ғана шектемей, келешекте Ташкент пен Минскіде жалғастырмақ ниетте.
Өнерсүйер қауым сұлулық пен шынайылыққа бай жаңашыл көрмені елордалық Достық үйінен екі ай бойы тамашалай алады.