Белгілі бір кәсіпті игеріп, еңбегіңнің зейнетін көрсең, татқан дәміңнің де тәтті бола түсетіні бар. Ол үшін әрине, уақытша жұмыссыз жүрген адамдарды бағыттап, оң жол сілтеудің маңызы зор.
Шалғайдағы Астрахан ауданында жұмыс көзінің көп еместігі белгілі. Халқы сирек қоныстанған бұл өлкеде жұрт негізінен мал сүмесімен күнелтеді. Ауыл шаруашылығымен айналысатын серіктестіктерде еңбек етіп, нәпақасын тауып жүргендер де аз емес. Көпбалалы аналар мемлекет қамқорлығын көруде. Атап айтатын болсақ, бүгінгі таңда ауданда 200-ге жуық көпбалалы ана атаулы әлеуметтік көмекке ие. Сол аналардың ішінде өз алдына мамандық игеріп, шағын да болса шаруасын дөңгелетуге ұмтылып отырғандарды көргенде разы боласың. Өткен жылы көпбалалы екі ана үш айлық курсты оқып, кәдеге жарайтын кәсіп игеруде. Биылғы жылы үш бірдей ана талпынып отыр.
– Ілгері ұмтылғандардың бірі – Зағипа Абдуллаева,–дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Жанар Мұхамеджанова,–сегіз бала тәрбиелеп отырған ана. Бұл отбасы ай сайын 140 000 теңге көлемінде әлеуметтік көмек алып отыр.
Алдынан жұмыс үркіп отыратын ананың үйдегі шаруасы да шаш етектен. Әйтсе де қарап отырғаннан қарекет еткен жақсы. Осы бір ой қысқа мерзімді курсқа жетектеп әкелген. Сөйтіп, наубайханашы мамандығын игеріп шықты. Нарттай қызыл, дәмі тіл үйіретін нан пісіру таңсық жұмыс емес. Онсыз да сегіз баланың ас-суын дайындауға әбден үйренген көп балалы ана енді ас атасымен тәмам жұртты қамтамасыз етпек.
–Тұңғышым 23-те, кенжеміз бір жастан жаңа асты,–дейді Зағипа Абдуллаева,–жолдасым жергілікті шаруашылықтардың бірінде от жағушы болып жұмыс істейді. Табысымыз аз болған соң мен де бір жағынан шығысып, қарап отырғанша қаражат тапқаным жақсы емес пе? Күз де келіп қалды. Білім ошағына баратын балаларды киіндіруіміз керек. Өз қолдары өз ауыздарына жеткенше көмектеспесе болмайды ғой.
Ананың айтуына қарағанда, атаулы әлеуметтік көмек тарыққан жандардың қос қолтығынан демейтін періштедей. Қазір олар бар тапқандарын баспана салып аламыз деп құрылысқа жұмсап жатыр екен.
Жеткіншектерінің ертең-ақ азамат атанып кететініне күмән жоқ. Сегіз бірдей перзентін өбектеп бағып отырған аналарының жанын жалдап наубайханада жұмыс істегендігін көріп өскен балалар да ана дегеннің қандай құдірет екендігін саналарына сіңіріп өспей ме?!