• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 12 Тамыз, 2019

Британия ғалымдарға виза беруді жеңілдетпек

274 рет
көрсетілді

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон осы жылдың аяғында ғалымдарға виза берудің жеңілдетілген жолы іске қосылатынын мә­лімдеді.

Британия үкімет басшы­сы­ның айтуынша, аталған жаңа жүйе Ұлыбританияның «ғылыми супердержава» мәртебесін сақтап қалуына мүм­кіндік бермек. Жаңа режім­ қабылданса, Лондонға зерт­теу­шілер мен ғалымдар, инженерлер мен технология сала­сының үздіктері көшіп келеді деп күтілуде. Бұл бір жағынан «Брекситтен» кейін мемлекеттегі ғылым мен зерттеу сапасының төмендеуінің алдын алу шаралары секілді.   

Визаны жеңілдету, олар­ға жақсы жалақы мен әлеу­меттік қолдау көрсету арқылы ғалымдарды жұмысқа шақыру басқа мемлекеттердің де тәжі­рибесінде бар. Тіпті, Гол­ландияға виза рәсімдеу кезінде «мемлекет экономикасына үлес қосатын азаматтар» деген бөлек категорияны толтыру арқылы инвесторлар, ғалым­дар мен зерттеушілер визаны жылдам ала алады. Бұл тәжірибе Еуропаның Испания, Франция, Германия сияқты бірқатар елінде де қолданылып келеді. Science ғылыми журналы жүргізген сауалнама нәтижесінде, ғалымдарды жақсы ынталандыратын мемлекет Солтүстік Еуропа екені белгілі болды. Сауалнама халық арасында жүргізілген, яғни ғалымдарды үкімет емес, қарапайым халық та жоғары бағалайтынын көрсетті.

Ал Канада үкіметі мемле­кетке биолог, гене­тик, фармаколог, токси­колог­тар­дың қажет екенін ашық жария­лаған. Аталған саланың мамандарына жоғары жалақы төленетінін, жақсы ғылыми орта мен басқа да мүмкіндіктер беретінін ашық айтып келеді. «Білікті жұмысшы федералды бағдарламасы» арқылы визаға тапсырыс беріп, ғылыми дәре­жесі мен зерттеулері туралы қосымша ақпаратты көрсету арқылы визаны жеделдету бірнеше жылдан бері қолға алынған.

Шетелден ғалымдар мен зерттеушілерді шақырту бір мемлекет үшін тиімді болса, дамушы мемлекеттерге үлкен шығын. Өйткені бір ғалымның білім алуы, ғылым жолында қалыптасуы, өсіп-өркендеуі үлкен қаражатты талап етеді.

Негізінен, ғалымдардың өз елінен кетуі Ұлыбритания үшін де таңсық емес. Өйткені Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін ағылшын ғалым­дары Солтүстік Америкаға қоныс аударған-ды. Ал соңғы 50 жылда 3 млн-ға жуық бри­таниялық зерттеуші шетелге кө­шіп кеткен. Халықаралық миграцияны зерттеу институты ғалымдардың өз елінен көшуі 1990-2000 жылдар арасында қалыпты жағдайға айналғанын жазады. Бүгінде әлем елдері шетелдегі ғалымдарын елге қайтару үшін мемлекеттік бағдарламаларды қолға алып, жоғары айлық тағайындап жатыр. Мәселен, Ресей Феде­рациясы 2015 жылы жаңа бағ­дарламалар нәтижесінде 70-ке жуық ғалымын қайтарып алды. Халықаралық миграцияны зерттеу институтының мамандары миграцияның бұл түрі келешекте күшейе түсетінін болжайды. Олар­дың айтуынша, мемлекеттер экономикаларындағы айыр­ма­шылық азаймайын­ша, ға­лымдардың көшуі тоқта­май­ды.