Жарық дүние есігін ашқан әрбір оныншы сәби – 15 жасқа толмаған қыздардың перзенті. Көкшетау қаласында 2018 жылы 15 жастан 18 жасқа дейінгі жеткіншектердің 2965-і жыныстық ауруларға шалдықса, 2019 жылы олардың саны 3528 адамға жетті. Облыс бойынша бұл көрсеткіш 9214-ке жетіп отыр.
Облыс орталығындағы перинаталды орталық директорының орынбасары, акушер-гинеколог Айымгүл Маханованың айтуына қарағанда, қазір бұл мәселенің әбден ушыққаны сондай, әрбір оныншы баланы балалар өмірге әкеліп жатыр.
– Қазір не көп? Оң жақта отырып, жүкті болу оқиғасы жиілеп кетті, – дейді ұлағатты ұстаз Рауза Бәйкенова, – бұл ең алдымен отбасылық құндылықтардың олқы түсуінде. Шынын айтуымыз керек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы қоғамымыздағы осындай мәселелерді жойып, ұлтымыздың ұлық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қайта жаңғыртып, сауықтыруға арналған деп түсінемін. Сан ғасыр бойы жақсы мінезін бойына жинаған ұлтымызда отбасылық құндылықтарды дәріптейтін институт болды ғой. Қызға қырық үйден тыйым салдық. Ар-ұят дегенді үйреттік. Обал-сауапты білгіздік. Сол мұра ұрпақтан-ұрпаққа көшіп отырды. Қайын енелерімізден сіңген қағиданы біз қылтиып бойжетіп келе жатқан жас толқынға үйреттік. Бүгінде осы сабақтастықтың тіні үзіліп қалды. Олқылықтың орнын толтыратын – отбасындағы тәрбие. Одан қалды білім ошақтарындағы тәрбие сағаттары. Мен өзім қырық жыл ұстаз болған адаммын. Сондықтан екпін түсіре айтуға хақым бар деп ойлаймын. Әнебір жылдары білім ошақтарында этнопедагогика дейтін факультативтік сабақ жүргізілді ғой. Пайдасы зор еді. Енді не істеуіміз керек? Елбасының өзі нұсқап отырған жолға түссек, жаңылмаймыз. Әрідегі қазақ арлы еді. Егер өз руының, әйтпесе тайпасының бір қызы жаңылыс басса, тәмам ел айыпты болатын. Сүйекке түскен таңба-тұғын. Мұндай сұмдық оқиға орын алған аталас, әйтпесе рулас ағайын ел ішіндегі айт пен тойға бара алмай, бетінен басатын. Қазір ше? Ағайын арланудың орнына күңкілдеп ауылдасын табалайды. Бір кезде осы Көкшетауда мұсылман әйелдер лигасы дейтін ұжым құрдық, тәп-тәуір жұмыс істелді. Уақыт тозаңының астында қалған қаншама асылымызды аршып алдық. Отбасы мен білім ошақтарында олқы түсіп жатқан кемшілікті жоюға атсалыстық. Қазір сондай жұмыстарды қайта жаңғырту керек. Әйтпесе көп ретте ата-ананы емес, мұғалімді кінәлайтын әдет пайда болды. Мұғалім қазір бір емес, екі күнделік толтырып әуре. Тәрбие беруінен қағазбастылығы басым.
Ұлағатты ұстаздың пікірін теріс дей алмасақ керек-ті. Отбасылық құндылықтардың ойсырай жүдеуінің әсері көзге ұрып тұр. Таратып айталық. Статистикалық деректер бойынша бүгінде бой жетпеген қыздардың 5,6 пайызы, ер жетпеген балалардың 19,5 пайызы жыныстық қарым-қатынасқа түседі екен. Ал олардың 17 жасқа жеткендерінің 75 пайызы жыныстық ауруларға душар болған. Дабыл қағатын-ақ мәселе емес пе?!
Осы жылдың алғашқы жарты жылдығында 15 пен 18 жас аралығындағы 79 қыз бала жүктілігі себепті дәрігерлер бақылауына алынған. Жаза басқандардың былтырғы саны – 69. Бір дәтке қуаты – жасанды түсік жасаушылар азайған.
– Бәлкім олар басқа қалаларға көшіп кеткен болар, әйтпесе жекеменшік клиникаларда да жасанды түсік жасатып жатыр ғой, – дейді Айымгүл Маханова, – сондықтан статистикалық көрсеткіштер кей сәтте қалыптасып отырған жағдайды дәл көрсете алмайды.
Бұл мәселеге жеткілікті көңіл аударылмағандықтан аурудың тым көбейіп кеткені алаңдатады.
– Саралап көрелік, – дейді ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының дәрігері Гүлбаршын Жақсылықова, – қазір ВИЧ ауруымен ауыратындардың саны күрт өсіп кетті. 2014 жылы облыс бойынша 66 адам болса, 2018 жылы 148 адамға жетті. 2014 жылы бұл аурумен 26 әйел ауырса, 2018 жылы 52 әйел ауырды. 2014 жылы 14 жастан 29 жасқа дейінгі адамдардың 15-і осы ауруға шалдықса, 2018 жылы 18 адамға жетіп отыр. 2014 жылы осы ауруға шалдыққан бір сәби дүниеге келсе, 2018 жылы 3 бірдей сәби сырқат күйінде жарық дүние есігін ашты. Біз қазір бейкүнә балалардың осындай дауасыз дертпен дүниеге келуінен қорқатын болдық. Кей сәтте дәрі де, дәрігер де дәрменсіз.
Тұлымы желбіреген, жаза басқан жас қыздардың барар жер, басар тауы да жоқ. Мұндайда шарапаты мол «Ана үйінің» жанашырлығын көруде. Бірақ оның өзі жетіскеннен болып жатқан іс емес.
– Жаза басқаннан кейін отбасындағы ахуал белгілі ғой, – дейді аналар үйінің директоры Құралай Жұмабекова, – сондықтан тағдырмен жалғыз арпалыспас үшін қоғамдағы дертке қарсы біз де күресіп жатырмыз. Байғұстардың өздері де әлі бала ғой. Не сәбилі боларын, не перзентінен бас тартарын білмейді. Аналар үйі осы кеселмен күресуге бағытталып отырған жоба. Жобаның ұйымдастырушылары отыз жасқа дейінгі аналарға сәбилі болғаннан соң 18 айға дейін көмек көрсетеді.
Жан ауыртарлық жағдайдың негізгі себебі, біздің қоғамға сырттан келер әсерге сүзгі қойылмауынан. Жақсы әдет пе, жаман әдет пе – үздіксіз тоғытылып жатыр.
– Әсіресе батыстың ықпалы көп, – дейді ел ағасы Қадырбай Жұмабаев, – бұл жайында мың рет айтылып, жүз рет жазылды. Әнебір жылдары экономикалық байланыстар ыдырап, ел дағдарып қалғанда, тәрбие жұмысында да бос кеңістік пайда болды. Оның орнын шетелдің зиянды тәрбиесі басты. Енді сол кеселді ұлт бойынан сылып тастай алмай жатырмыз. Олқылықтың орнын толтыратын жалғыз-ақ дүние – ұлттық намыс. Егер біз кері кетіп бара жатқан кейбір жастың санасындағы сәулесін жағып, намысын қамшылай алсақ қана тығырықтан шығамыз.
Көпті көрген ақсақалдың пайымы осы. Ал сіз қалай ойлайсыз?!.
КӨКШЕТАУ