Сарапшылар еліміздің экономикалық саясатындағы ашықтықты қаржы саласынан, Ұлттық қордың жұмысынан бастау керек деген пікірде. Оны кешіктіруге болмайтынын да айтып отыр.
Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қор активтерінің бір бөлігін алтынға ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. «Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасына» сәйкес Қор портфелі қайта қаралмақ. «Жинақ қоржынының активтерін стратегиялық бөлу активтерді әртараптандыру саясатын жалғастыруға және ұзақ мерзімді күтілетін кірістілікті арттыруға бағытталған консервативті бөлуден (облигациялар – 80%, акциялар – 20%) теңгерімді бөлуге (облигациялар – 60%, акциялар – 30%, баламалы құралдар – 5%-ға дейін және алтын – 5%-ға дейін) өтуді көздейді. Алтынның бір бөлігі Ұлттық банктің алтын-валюта резервтерінен аударылады», делінген құжатта.
Ұлттық банктің сайтында бұрын жинақ портфелінің активтері мынадай пропорцияда бөлінгені анық жазылған: Облигация – 60%, акциялар – 35% және баламалы құралдар 5%-ға дейін.
Жалпы, көпшілік алтын-валюта резерві еліміздің Ұлттық банкінде сақталуда деп ойлайды. Шын мәнісінде, олай емес екенін қаржыгер Ілияс Исаев бізге түсіндіріп берді. Оның айтуынша, біздің алтын резервіміз Англияның Орталық банкінде сақтаулы. Ең сенімді алтын нарығы осы елде. Лондон алтынның тазалығын кепілдендіріп, сертификат берсе, бағалы металл кез келген нарықта ақша орнына еркін айналымда бола алады. «Алтын нарығы – Англия. Әлем нарығын ұстап тұрған валюта мен алтынды АҚШ пен Англия басқарып отыр», дейді қаржыгер.
Сарапшы Ұлттық қор активтерінің бір бөлігін алтынға ауыстыруға геосаяси факторлар себеп болып отырғанын айтады.
«Бұған тек ішкі емес, сыртқы факторлар да әсер етіп отыр. Ресей мен АҚШ, Батыс елдері, АҚШ пен Қытай арасындағы текетірестен кейін әлемнің назары АҚШ долларына емес, алтынға ауа бастады», дейді І.Исаев.
АҚШ-тың долларға қатысты саясаты өзгерді
Мамандар АҚШ-тың экономикаға ақша салуды азайту арқылы доллардың құнын өсіруді көздейтін саясаты өзін өзі ақтағанын айтады. Әлем алдағы уақытта АҚШ долларының жетегінде жүре бергісі келмейтінін АҚШ-тың өзі аңғарды. Бірақ оған балама болатын фактор туралы біржақты шешімге келген жоқ. Ұлттық қордағы қазынасының 60 пайызын АҚШ долларымен сақтайтын Ресей қазір оны 20 %-ға дейін азайтты.
Сарапшылар мұндай жағдай әлемдік экономиканың баяулауына және дүние жүзінің долларға деген тәуелділігінің артуына әкеліп соғады деп отыр. Экономикасының 60%-ы АҚШ долларына тәуелді Қазақстан үшін мұның қаншалықты қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Қазынадағы алтын-валюта қоры азайған елдің ұлттық валютасы құнсызданатыны белгілі жайт. Сондықтан сарапшылар Президент Жарлығы теңгені құнсызданудан қашанға дейін сақтай алатынын дөп басып айта алмай отыр.
Экономиканы доллардың құрсауынан құтқарудың қажеттілігі туралы әңгіменің үкіметтік деңгейде көтеріле бастағанына екі-үш жыл болған. Банк депозиттеріндегі салымдардың басым бөлігі АҚШ доллары немесе басқа да шетелдік валюта түрінде сақталды. Мұндай жағдайда Ұлттық банктің монетарлық, қаржы-несиелік саясатының тиімділігі аз. Төмендеп кетуі де мүмкін. АҚШ долларын баспадан басып шығару құзыреті Ұлттық банкте жоқ. Сондықтан Ұлттық банк теңгенің пайыздық мөлшерлемесін жоғарылату, АҚШ долларының пайыздық мөлшерлемесін төмендету арқылы ішкі нарықтың беталысына әсер ете алмады. Қалай болса да ендігі үміт Президент қол қойған құжатқа байланып тұрғандай.
Соңғы жылдары теңгенің тұрақтылығына төнген қауіп іште де, сыртта да еселеніп кетті. Сарапшылар бұл ретте ішкі қауіп бізге қатер төндіріп тұрғанын айтады. Мамандардың пікірінше, Ұлттық банк қазіргі жағдайдан табыс тауып қалуға тырысып жатқандарға тосқауыл қоюы керек. Біздің қаржылық жағдайымыз, экономикамыз Ресейге байланып тұрған жоқ. Рубльге қатысты доллар бағамы 42-44 рубльге түсіп кетсе ғана алаңдауға болады. Бізде алтын-валюта қоры жеткілікті. Яғни, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қор активтерінің бір бөлігін алтынға ауыстыру туралы шешімі Ұлттық қорға аз уақытқа болса да қосымша тыныс, күш алуға мүмкіндік береді. Қолма-қол ақша айырбасы алғашқы жартыжылдықпен салыстырғанда 4 пайызға қысқарды. Сондықтан алаңдауға себеп те, негіз де жоқ. Долларға деген қажеттілік байыпты жолмен өтелсе, жұрт сабасына түседі деген үміт бар.
Қаржыгер І.Исаевтың пайымдауынша, мемлекеттік құнды қағаздардың қай елде болса да бағасы төмен. Шет мемлекеттердің құнды қағаздарына салынған валютамыздың жылдық өсімі 2-3 пайыздан айналады екен.
«Нарықтың жалпы ережесі бойынша әр елдің алтын-валюталық резервінің көлемі 3 айлық импортқа тең болуы тиіс. Қазақстан айына 10 млрд долларға импорт тартатын болса, алтын-валюта резерві 30 млрд доллардан кем болмауы тиіс. Экономика өскен сайын экспорт пен импорт та өседі. Алтын-валюта резервіміз өскеніне сеніп қалуға болмайды. Бұл тек мультипликативті ғана әсер етуі мүмкін», дейді ол.
Сыртқы экономикаға тәуелділік ІЖӨ өсімін шектейді
...Мұндай құбылыс тек біздің елде емес, Қытайда да байқалған. Бірақ соған қарамастан, Қытай бүгінде экономика жағынан әлемде екінші орынға шықты. Көрші елді осындай дәрежеге жеткізген 52 трансұлттық компания, оның 70 %-ы америкалық корпорациялар. Қазір Қытай аумағын сол корпорациялар активтерін алып кетіп жатыр. Қытай юаньді еркін айналымға жіберу арқылы экспорттан түскен қаржыны ішкі экономиканы дамытуға салу керек деген шешімге келіп, АҚШ-тың мемлекеттік құнды қағазына салуды тоқтата бастады. Ресейдің де рубльді еркін айналымға жіберуді барынша жеделдетуінің себебі осында. Ресей нарығын да импорт басып барады, ал отандық өнеркәсіп пен өндіріс өнімдеріне серпін беру үшін осындай батыл қадам керек-ақ. Ресейлік бұл қадам Қазақстан, Беларусь, Украина секілді елдердің тауарына тосқауыл жасауы да мүмкін.
Ал қаржыгер Бейсенбек Зиябеков бізге қаржы саласында құрылымдық өзгерістер керек деген пікірін айтты. Президенттің жалғыз шешімі өзгерістерге себеп бола алмайды. Бұл шетел валютасына деген тәуелділікті азайтуға бағытталған кезекті қадам. Біздің елде мұнайдан түскен түсімге байланысты «айтылмайтын әңгімелер» өте көп. Осыдан келіп ол қажетті нүктелерге жұмсалмай ма деген қауіп бар. Индустрияландыру, экономиканы әртараптандыру мәселесінде жетістіктерге жеттік деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Ұлттық банкте, тым болмаса, ішкі нарықтағы қаржы бағамын реттетудің 5-10 жылдық тәжірибесі болса, жағдай бұлай ушығып кетпейтін еді.
Қаржылық саясат түзу, айқын болса, ішкі нарық валюта бағамындағы құбылмалыққа бейімделеді. Б.Зиябековтің пайымдауынша, бізде ондай тәжірибе болмады. Ұлттық банктің қазіргі әрекеті қолдан реттеуден әрі аса алмайтын буферлік ұстанымға көбірек ұқсап барады. Мұндай ұстаным арқылы ол екі тарапқа да қызмет көрсетіп отыр. «Қаржы нарығындағы трейдерлер барлық елдерде бар. Бірақ басқа елдерде олар өзінің орнын біледі. Ұлттық банк алдағы уақытта оларды бақылауға алмаса, жағдай ушығып кетуі мүмкін. Алдағы уақытта қаперге алып жүретін фактор осы. Сондықтан экономикалық саясаттағы ашықтықты қаржы саласынан, Ұлттық қордың жұмысынан бастайық. Мұны кешіктіруге болмайды. Егер мұнай бағасы алдағы бес-алты жылда көтерілмесе, жағдай қиындайды», дейді Б.Зиябеков.
2020 жылға қарай әлемдік нарықтағы мұнай бағасының бір баррелі 40 долларға дейін құлдырауы мүмкін. Жаңа мұнай кен орындарының көптеп ашылуы әлемдік нарықтағы шикі мұнайдың көбеюіне және мұнайға деген сұраныстың азаюына әкеліп соқтыруда. Бұл туралы Б.Зиябеков: «Бәсеке көбейіп, тұтынушыға талас басталды да, мұнайдың бағасы төмендеді. Алдағы уақытта да мұнайдың бағасы төмендей береді. Бұл экономикасы мұнайға байланған елдер үшін қуанарлық жағдай емес», дейді.
Экономикамыз қалыпты болуы үшін әлемдік нарықтағы мұнай бағасы барреліне 60 доллардан төмендемеу керек. Шикізат құны 50-60 АҚШ доллары арасында құбылып тұрғаны тиімсіз. «Мұнай бағамына қатысты ұзақ мерзімге болжам жасау қиын. Өндірістің жаңа технологиялары пайда болуда. Наноматериалдарды синтездеу арқылы көмір мен ағаштан мұнай алу тәсілін Норвегия қолданысқа енгізді. Қазақстанды қиындықтар күтіп тұруы мүмкін. Рубль мен теңге жұбында қазір құнсыздану басым. Теңгені құнсызданудан отандық өнім өндірушілерді қолдау ғана құтқарады. Осы уақытқа дейін біз отандық өнім өндіру саласына мән бермедік. Соның зардабын енді сезіп жүрміз», деді Б.Зиябеков.
Қаржы трейдерлерінен теңгені қорғау керек
Қазақстанда қоғамның АҚШ долларына деген ықыласы АҚШ долларына қосымша дем беріп отыр. Халық ұзақ мерзімдегі депозитін теңгемен емес, шетел валютасымен сақтауға бейіл. Экономикада шетелдік валютамен берілетін несиеге сұраныс болмаған соң оны айналымға шығара алмайды. Бұл теңге үшін де, банктер үшін де жағымсыз тренд тудыратын фактор. Сарапшы Б.Зиябеков осы ретте теңге алыпсатарлардан – қаржы трейдерлерінен қысым көріп жатқанын тілге тиек етті. Себебі валюта айырбастау нысандары АҚШ долларын Ұлттық банк белгілеген бағамнан жоғары қойып сатады. Сол үшін ірі валюта алыпсатарларынан теңгені қорғау керек. ТМД елдерінде, шет мемлекеттерде отырып, кәсіптерін дөңгелетіп отырған валюта алыпсатарлары біз үшін қауіпті.
«1929 жылы АҚШ-та «қаралы бейсенбі» орын алды. Сол кезде АҚШ-тағы валюта алыпсатарлары биржадағы акциялардың құнын түсіріп жіберіп, АҚШ бір күнде 25 млрд доллар шығын шекті» деп ой қорытты Бейсенбек Зиябеков. Бұл қаржы содан бергі инфляцияны есептесек, қазір 320 млрд долларға тең екен. Сарапшының айтуынша, Қазақстан болашақта валюта трейдерлеріне қатысты заңды қатаңдатып, мемлекеттік бақылауды реттеп алғаны жөн.
АЛМАТЫ