Мектеп бағдарламасында ақын Фариза Оңғарсынқызының «Оюлар» деген өлеңін жас ұрпақ түгел оқыды.
«Түрін-ай текеметтің! Асыл қандай!
Үңілдім үнсіз ғана басымды алмай» деп басталатын өлеңде көшпелі қазақ қоғамының бүкіл тыныс-тіршілігі суреттелген. Біз көп жағдайда басқа жұрттан өзімізге ғана тән ұлттық ою-өрнегімізбен дараланып тұратын халық едік. Түсінген адамға әр оюдың өзіндік мән-мағынасы болатын. Өкінішке қарай, ата-бабамыздан мыңдаған жылдар бойы үзілмей жеткен сол үлгі-өнеге бүгінде жас ұрпақ жадынан жоғалып кеткендей. Ою астарындағы ой-санамыз ойдым-ойдым, айқыш-ұйқыш. Жалпы, бұл мәселе бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Бұған дейін де талай атақты этнограф ғалымдар, небір қолөнер шеберлері дабылдарын қағудай-ақ қағып келеді. Шын мәнінде әрбір ою-өрнекте ежелгі ата-бабаларымыздың ұлттық салт-дәстүрі, тілі, діні, әдет-ғұрпы, бір сөзбен айтқанда тұтас қазақ болмысы өмір сүріп келген болатын. Кез келген оюды интерпретациялаған уақытта оның түпкі мәні ашылатынын білеміз. Айталық, қошқар мүйіз оюымен киім-кешектен гөрі киіз үйдің жабдықтарын, төріне төсейтін төсеніштерін безендірген. Ондағы мән – тәңірден ырыс пен несібе тілеген көшпелі тайпалардың отбасымыз ордалы, қорамыз қордалы болсын деген ишарасы жатыр. Сондай-ақ қой шаруашылығымен бабаларымыз ежелден айналысқанын осынау ою арқылы да оңай аңғаруға болады.
Қазіргі таңда ою-өрнек өнегеден гөрі өнім ретінде көп қолданысқа ие. Ашығын айту керек, кез келген бұйымға мән-мағынасы келсін, келмесін ою жапсырып, саудаға шығаруды кәсіпке айналдырғандар көбейді. Шетелдік қонақтарға, туристерге бәрібір. Оюы бар затты он есе қымбат бағаға ойланбай ала береді. Сол арқылы мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан мәдениетіміздің мәні жоғала бастады.
Бір ғана ою-өрнегі арқылы үлкен ишара білдіріп, ақпарат жеткізе алған халықтың ұрпағы бүгінде ұлттық нақышының үстінен жеңіл ұпай түгендеп жатқаны өкінішті. Мәселен, қазақ қаралы жиынға қызылды-жасылды ою-өрнекпен киім кимеген. Болмаса, ауылына келе жатқан бір топ аттылының бастарындағы тымағы мен шапандарындағы ою-өрнектері арқылы қай рудың кісілері екенін, тіпті мансап-беделдеріне дейін айыра алған. Қазір не, оңды-солды ою ойымызды ойран еткендей. Тіпті ер адамның киіміне басылатын ою-өрнекті қыз балаға, қыз-келіншекке тән нышандарды ер адамның киіміне қалай болса солай қолдана беретін болдық.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында біздің ата-бабаларымыздың өздерін табиғаттың ажырамас бөлігі деп санағандығын атап өтті. Шынымен де қазақ халқы өзінің дүниетанымын қоршаған ортасы арқылы қалыптастырып келгенін жақсы білеміз. «Аң стилі» сақтардың шығармашылық ерекшеліктері мен рухани байлықтарын бейнелеу тәсіліне айналды. Мәселе, сол мәдени құндылықтарымызды бүгінде құрдымға жіберіп жатқандаймыз, тарихымыз бен тамырымызды тануда таным көкжиегіміз тарылып кеткендей.
Жалпы, киім кию – тәрбие, мәдениет десек, ұлттық ою-өрнегі орнымен қолданылған киім-кешекті ұқыпты кие білу арқылы қазақтығымыздың бойына қан жүгірте алған болар едік. Ескеретін ең басты мәселе – ұлттық киімдердің нарықтағы бағасының қолжетімділігін дұрыс қадағалаған жөн. Кей азаматтар келісті киімді ұлттық нақышқа сай кигісі келмейді емес, қалтасы көтермей жатады. Оның ар жағында әрине, біз айтып отырған ою мәселесі олқы түспегені жақсы.
Осы тұрғыда ұлттық-этнографиялық білім-білігі жетік дизайнерлердің заманауи мектебін қалыптастырған жөн. Ғалымдардың пайымдауынша, адам қай ұлттың киімін кисе, сол ұлтқа бір табан жақындайды, сол ұлттың насихатшысына айналады.
Ақын апамыз Фариза жоғарыдағы атап кеткен өлеңін былай деп аяқтапты:
Сүйеніп түскиізге тұрып қаппын,
Көз жазып оюлардан қалам ба деп...
Шынымен де оюларымыздан көз жазып қалмауға қам-қарекет жасауымыз керек сияқты.
Жас буын жаңашыл келетіні рас. Жаңашыл болу деген сөз – өзгенің қаңсығын өзімізге таңсық көру деген сөз болмаса керек. Қайта нағыз жаңашылдық ежелгі ұлттық құндылықтарымызды заман талабына сай қайыра жаңғырту дер едік.
Оюда да ой бар, оюды орнымен қолдана білейік.