Жалпы жол мәселесі үнемі елдің назарында ғой. Бас басылым бетінде аудандық, облыстық, республикалық маңыздағы жолдар жайлы жиі жазылып келеді. Не өзгерді? Осы жазғанымыздан өзгерген не бар деп қайта үңілуге тура келеді. Өзгермейтін бір-ақ нәрсе бар. Бұл – жыл сайын жолдарға бөлінетін қыруар қаражат. Осы бөлінген қыруар қаражаттың желге ұшатыны, жолдардың сапасыз жөнделетіні немесе орта жолда аяқталмай қалатыны қынжылтады. Одан кейінгі мәселе – жол басқармасындағы басшылар жиі ауысады.
Өзгеріс демекші, былтыр Баянауыл ауданындағы Ақсаң ауылына кіреберіс жолының тозып тұрғанын жазғанбыз. Аудан әкімдігі биыл ауылға кіреберіс 6 шақырым жолды жөндеп, 114 млн теңге қаражатты игеріпті. Сонымен бірге Қаражар-Южное бағытының 30 шақырым жолына ағымдағы орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аудан әкімдігінің мәліметінше, былтыр ұзындығы 216 шақырымды құраған Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ульянов бағытында республикалық маңызы бар жол толығымен жөнделді. Және ұзындығы 90 шақырым аудандық маңызы бар жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстың жалпы көлемі шамамен 8,1 млрд теңгені құрайды. Жолды жөндеу бойынша тендер де өтті. Құрылысты ірі компаниялар жүргізеді. Қажетті материалдар да дайын. Нәтижесі қандай боларын уақыт көрсетеді.
Бірақ Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ульянов бағытындағы республикалық маңызы бар жол жөнделгенімен биыл көктемде тағы да су астында қалды. Ендігі басты мәселе – жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүргізуде емес, Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ульянов бағытындағы жол инфрақұрылымы жыл сайынғы тасқын суға төтеп беру үшін қандай тосқауыл қою керектігінде сияқты. Ал осы жол бойында бірнеше ауыл бар. Ауылдар маңайындағы бұрынғы көпірлер мен су өткізгіштерді қазіргі заман технологиясымен қайта жасап, жобаны нақты қолға алғанда үлкен жол жылда су астында қалмас па еді? Бұған республикалық маңыздағы жолдармен жүретін жүк көліктерінің легін қосыңыз.
Өңірде Баянауыл курортты аймағына апаратын жолдар маңызды. Туристер де, қонақтар да, қарапайым жұртшылық та Баянауылға баратын жолдың жөнделуін күтумен келеді. Туристік әлеуетке сай жаңа заман жолдары қажет. Курортты ауданда жалпы 340 шақырым жол жөнделмек. Мысалы, Торайғыр көліне дейін, көлдің маңайын айнала жол салу қажет. Туристер зор қызығушылық танытатын Қоңыр әулие үңгіріне жеткізер жол да бұрынғы қалпы. Тіпті, үңгір бар деген белгісінің өзінің тозығы жеткен.
Баянауыл инфрақұрылымын дамыту үшін 2005 жылдан бастап кешенді жоспар жасалды. 1999 жылы облыс әкімдігінің Баянауыл ұлттық табиғи паркінің аумағында туризмді, демалысты ұйымдастыру жөніндегі шешімімен «Баян-Сервис» атты мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны құрылған-ды. 2011 жылы «Баянауылдың туризмін дамыту» туралы жобаны қаржыландыру мәселесі Үкіметке де ұсынылды.
Бірақ нәтижесіз. Ал Баянауылдың жол инфрақұрылымы әлі де өзекті.
Екіншіден, туризмнен бұрын Баянауылдың шалғай ауылдарында тұратын халық үшін жол мәселесі қандай қиын екені айтпаса да түсінікті. Ауданда 12 ауылдық аумақтан тұратын 32 үлкенді-кішілі ауыл бар. Қаратомар, Жаңатілек ауылдарының жолдарын жөндеу ертегіге айналғандай қазір. Былтыр Жаңатілек ауылына апарар жол бөлігін жөндеуге 600 млн теңгедей қаражат бөлінген еді. Бірақ неге екені белгісіз, бұл қаражат бюджетке қайтарылған. Бүгінде Баянауыл ауданында Жаңажол – Ескелді, Теңдік – Ұзынбұлақ, Ұзынбұлақ – Ақши ауылдарының автокөлік жолдарына, Баянауыл – Угольное, Жасыбай – Қоңырәулие – Біржанкөл – Жаңажол, Қарашат – Жаңа Жайма аралықтарындағы ауыл жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары қажет-ақ.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, өткен жылы Жаңажол – Құндыкөл, Жаңажол – Ескелді бағытындағы 52 шақырым жолға жөндеу жұмыстары басталған. Қаражат көлемі – 1 млрд 300 мың теңге.
Ал Бірлік ауылы тұрғындары ауылға кіреберіс 7 шақырым жол, Шөптікөл және Майкөбе ауылдары арасындағы және Майкөбе ауылы мен үлкен жолға дейінгі жолға күрделі жөндеу жасап беруді сұрайды. Қазір Екібастұздың Бесқауға ауылы жағынан Баянауылдың Ескелдідегі Мәшһүр Жүсіп кесенесіне қарай жол жөнделуде. Бұл жолды жөндеуді жергілікті халық 20 жылдай күткен шығар.
Жолдың маңызы демекші, бұған дейін болашағы жоқ ауылдар деп танылған Баянауылдың ауылдары еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы заңына сәйкес елді мекен мәртебесінен айырылып, қысқартуға ілініп кетті.
2004 жылы аудан бойынша 96 ауыл болса, қазір қалғаны – 32. Суы жоқ, жолы жоқ жерде халық қалмайтыны белгілі. Аудан орталығы – Баянауыл облыс орталығынан 230 шақырым қашықтықта жатыр.
Облыстағы автомобиль жолдары желісінің жалпы ұзындығы – 5441,1 шақырым. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдары – 1662,8 шақырым, облыстық маңызы бар автомобиль жолдары – 975 шақырым, аудандық маңызы бар автомобиль жолдар 2803,3 шақырымды құрайды.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының хабарлауынша, өңірдегі жол жөндеу жұмыстарына 12,5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген.
Павлодар облысы