• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Тамыз, 2019

Қобыздың құны

889 рет
көрсетілді

Ұлттық аспаптарымен қатар ағаштан жасаған туындылары жоғары бағаланып жүрген түркістандық шебер Дәурен Миншариповті іздейтіндердің арасында шетелдік туристер де көп. Туындыларын дүкендерге, сауда орындарына қоймайтын шебердің қолынан шыққан дүниені іздегендер шеберханасынан табады.

О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде мүсін­ші мамандығын алғаннан кейінгі 15 жыл ағаш шебері ретінде еңбек етіп жүрген Дәуреннің табысы жақсы. Шебердің аңсары, әсіресе қобыз жасауға ауып тұра­ды екен. Әр қобызды жасау­ға кемінде бір ай уақыт жұм­сайды. Одан дұрыс үн шық­қанын бақылау үшін өзі қобыз тартуды үйреніп алған. Алғашқыда туынды­ларын көрмеге қойып, көрермен­нің ке­йіпіне ене көпшілік­тің пікірін біліп жүріпті. Сөй­тіп айтылған сын-ескерт­пе­лерді саралаған. Бүгін­гі таңда Тараз, Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында қобызға сұ­раныс жоғары екен. Шебер музыкалық мектепте білім алатын шәкірттерге қара­пайым аспапты 60 мың теңгеге, отандық және әлемдік сахнада өнер көр­сетіп жүрген таланттарға ерекше дизайнмен 1000 АҚШ долларынан жоғары бағаға қобыз жасайды.

«Бағаны белгілегенде аспаптың көлемі мен кеткен материалын ғана есептесем, базардағы сатушыдан парқым қалмайды ғой. Өзім жұмыс барысында қандай күйде болғаныма байланысты баға белгілеймін. Ұлттық аспап жасауға аса нәзік­тік пен сезімталдық, ерек­ше сүйіспеншілік қажет. Жүй­кеге түсетін салмақ та аз болмайды. Яғни, қобыз­дың құны мен үшін өте ж­оғары. Туындыларымды тұтын­у­шыға аманаттаймын.  Жасыратыны жоқ, көп да­намен тарайтын жұмыс­тарымның құнын төменірек бағалаймын. Себебі ол дағ­дылы түрде жасалады», – дейді шебер.

Ілгеріде өткен ұлт­тық аспап жасайтын қолөнершілер байқауына шебер қылқобыз және нар­қобыз жасап қатысқан. Сахна төрінен нарқобыздың үні естілгенде, тыңдармандар таңданысын жасыра алмапты. Нарқобыз сол байқауда жеңіс сыйлаған. Шебердің айтуынша, нарқобызды жасаудан бұрын қолжаз­баларды қарап, аспапты ұзақ уақыт зерттеген. Яғни, бұл жеңіс ұзақ ізденіс пен төккен тердің нәтижесі. Композициялық туындылары арасында шебердің көңіліне жақындары да аз емес. Тәуелсіз еліміздің бол­мысын еркіндіктің ауқы­мына сыйдыруға талпыныс жасаған «Саяткерлік» композициясы өзі ұнататын ең­бектерінің бірі. «Бүркітті қолына қондырып, көкті аңсаған саятшы бала әр қазақтың ауылға деген сағынышын арттырады. Қазақ пен ауыл егіз ұғым ғой.  Ұлты қазақ азамат­тар­дан тыс шетелдік турис­тер елең етіп, халықаралық көр­мелерде туындының алдында сағаттап тұрып алады», – дейді Дәурен Миншарипов.

Шебер өз туындыларына ерекше сападағы ағаш­ты қолданады. Арнайы тап­сырыспен басқа өңір­лерден де алдырады екен. Қарағаш, үйеңкі, жаңғақты қолданатын шебер ағашты арнайы қоймада бір жыл сақтайды. Дайын туындысын лактамайды, табиғи түсін сақтау үшін ас дайын­дағанда қосатын майды пайдаланады.

 

Түркістан облысы