• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 20 Тамыз, 2019

Қостанайда еліміздің ұлттық театрларының республикалық V фестивалі басталды

261 рет
көрсетілді

Қостанайда еліміздің ұлттық (этникалық) театрларының республикалық V фестивалі басталды. Фестивальдің ашылу салтанаты І. Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында өтті. 

Оған республикалық ұйғыр, корей, Шымкент қалалық орыс, Қостанай облыстық орыс және І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрлары қатысып отыр. Театр әртістері қызыл кілем үстімен жүріп өтті. Мәдениет және спорт министрлігі кинематография және театр басқарқамасының бас сарапшысы Гүлнафис Мырзашева министр Ақтоты Райымқұлованың құттықтауын жеткізді. Қостанай облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ербол Қалмақов облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың атынан фестивальге қатысушы театрлар ұжымдары мен көрермендерді құттықтады.

«Тобыл-Торғай өңірі таланттарға бай. Соның ішінде қазақ драма театрының бастауында тұрған Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров және талантты әртіс Әнуар Боранбаев осы топырақтың перзенттері екенін айтсақ та жеткілікті. Биыл Елубай Өмірзақовтың туғанына 120 жыл толады. Фестивальдің табысты өтуіне тілестестік білдірген облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың сәлемін жеткізгім келеді. Сіздерге облыстық қазақ және орыс драма театрлары еліміздің театр өнерінің дамуына үлес қосып келеді. Шараның басты мақсаты мәдени және тілдік алуантүрлілікті сақтау, этностар мәдениетінің өзара толысуы, елдегі этникааралық келісімді нығайту және Қазақстан халқының бай мәдениетін одан әрі дамыту болып табылады», деді Ерлан Болатұлы.

«Біз театр болғалы Қостанайға бірінші рет келіп отырмыз. Фестивальдің арқасында қостанайлықтарға өнерімізді ұсынамыз. Ұйғыр театры әртістерінің өнері қостанайлық көрермендер көңілінен шықса арман жоқ, «Апат» атты спектакльді алып келдік», дейді Қ.Қожамияров атындағы ұйғыр театрының көркемдік жетекшісі Ялқынжан Шамеев.

Фестиваль өтетін 20-23 тамыз аралығында қостанайлықтар мен қала қонақтары бес театрдың спектакльдерін тамашалайды. Фестивальдің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Мәжілісі Парламентінің депутаты Наталья Жұмаділдаева қатысты. Ол қазылар алқасы құрамында да болады.

 

Қостанай