• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Қаңтар, 2013

Авиаспорт

500 рет
көрсетілді

Авиаспорт

Бейсенбі, 17 қаңтар 2013 7:27

Әзірге ол жеке адамдар күшімен ғана өрістеп келеді

Мен Нұрмаханбет ағамен кез­дейсоқ танысып қалдым. Әмбе­бап қасиеттерін таныған сайын оның азаматтық тұлғасы да көз алдымда биіктей берді…

… Ауыл іргесіне егіс алқа­бы­на химиялық тыңайтқыш себетін АН-2 ұшағы келіп қон­ғанда 5-6 жасар ойын баласының жүрегі атша тулап, елеске бергісіз күй кешкен. Сол сәтте оған әлдебір ішкі түйсік бүкіл өмірінің дәл осы бір аспанда ғана жүретін қанатты пы­раққа байлаулы екенін сезіндір­ген-ау, сірә. Өйткені, ол 4-сыныптан бастап мектеп жанынан ашыл­ған шағын авиа модельдер жасайтын үйірмеге жазылды.Сөй­тіп, ол өз қиялындағы ұшақ­тарды өзі құрап, жасауды үйренді. Ба­ла­лық әуестікті бірте-бірте саналы қызығушылық алмастырды.

 

Бейсенбі, 17 қаңтар 2013 7:27

Әзірге ол жеке адамдар күшімен ғана өрістеп келеді

Мен Нұрмаханбет ағамен кез­дейсоқ танысып қалдым. Әмбе­бап қасиеттерін таныған сайын оның азаматтық тұлғасы да көз алдымда биіктей берді…

… Ауыл іргесіне егіс алқа­бы­на химиялық тыңайтқыш себетін АН-2 ұшағы келіп қон­ғанда 5-6 жасар ойын баласының жүрегі атша тулап, елеске бергісіз күй кешкен. Сол сәтте оған әлдебір ішкі түйсік бүкіл өмірінің дәл осы бір аспанда ғана жүретін қанатты пы­раққа байлаулы екенін сезіндір­ген-ау, сірә. Өйткені, ол 4-сыныптан бастап мектеп жанынан ашыл­ған шағын авиа модельдер жасайтын үйірмеге жазылды.Сөй­тіп, ол өз қиялындағы ұшақ­тарды өзі құрап, жасауды үйренді. Ба­ла­лық әуестікті бірте-бірте саналы қызығушылық алмастырды.

Осылай бірте-бірте оның тіле­гі спорттық авиаға ауа бастады. Алайда, кешегі кеңестік дәуірде орыстан басқаға есігі жабық авиа әлеміне ену оңайға соқпады. Мек­тепті үздік бітірген Нұрма­ханбет Ресейдегі КВВАУЛ авиация мек­тебіне қатарынан төрт жыл емтихан тапсырады. Алғаш­қы емтихан кезінде болашағым тек өзімнің ғана білімім мен білігіме байлаулы деп санайтын темірдей сенімге селкеу түсіретін жайттардың да көп екенін түсін­ді. Жыл сайын түрлі «кемшілік» тауып отыратын комиссия құра­мындағы сарапшыларды талап­кер­дің алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы таңдан­дырды. Олар­дың арасында ұшақ инженері, жөндеуші-механик м­а­мандығына баруға үгіттегендер де, ал ұш­қыш-сынақшылыққа тек өз қа­н­дастары ғана алынатынын емеу­рінмен білдірген, кейде тіпті ашық айтқандар да болды. Төр­тінші жыл дегенде олар «өткір кез­діктің қап түбінде жатпайтынын» еріксіз мойындады. Жігерлі жасты жыл сайын жетелеп келіп жүрген балалық қиял емес, жалынды ті­лек, шынайы шешім екенін сезінді. Сөйтіп, 1979 жылы ол Мясников атындағы КВВАУЛ-ға (Качинск жоғары әскери авиация ұшқыш­тары училищесіне) қабылданды.

Аудиториядағы оқуынан бө­лек күндіз-түні тынымсыз өтетін жат­тығулардың бірде-бірінде ол шар­шағандық байқатпайтын. Топ­­­­тас­тарының арасында оқ бойы озық жүретін болашақ ұш­қыш-сынақ­шының алдынан ке­дер­гі аз кез­дескен­ жоқ. Бірақ, соның ешбірі де оның биікке ғана ұмтылған қиял қанатын кері серпе алмады. Керісінше, жаныған сайын өткір­лене түсетін алмас қанжар секілді қайралып, қай­раттана берді.

Елге оралып, өзі сүйген ма­ман­дығымен құлшына айналыса бастаған сонау бір жалынды жыл­дары Кеңестер Одағының қа­ма­лын қиратқан заманға тап келді. Одақ тұсында темірдей тәртіпке бағынған салалар сеті­неп, ыдырап, ұстағанның қолын­да, тісте­ген­нің аузында кетті. Қалтасы қа­лыңдардың асығы алшысынан түсіп, қалағанын қар­мап қалып жатқанда, нағыз мамандар тасада қалып қойды. Со­ның салдарынан елдегі әуе спорты саласы да «құр­дымға кетті». Бірақ, бойына да­ры­ған асқақ рух пен жалын­даған жігер жолда қалдырмады. Бала күннен санасына сіңген әділдікке деген сенім мен барлық ойла­ры­ның әйтеуір бір күні орындаларына деген үкілі үміті талай сын сәттерде медеу болды. Оған қоса Елба­­­­­сының да бір кездері ұшқыш болуды армандағанын естігенде, оның тек ел иесі ретінде ғана емес, қолында билігі бар Адам ретінде өзі өмір бойы аңсаған сол асқақ мұратқа қаракөз қазақ ба­ла­ларының қолдары жетуі үшін бар мүмкіндікті жасайтынына сенді.

1989 жылы Қазақстанда әуе спортының соңғы чемпионаты өткен еді. Одан кейінгі он бес жылда жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Нұрмаханбет өмір ағымымен әртүрлі салаларда өз мүмкіндігін сынап көрді. Бала күннен бойға сіңген биік жауап­кер­шілік, бастаған ісін аяғына де­йін жеткізетін, дана қазақ айт­қан­дай, «жолында жүк қалдырмай­тын нар» болмыс оны қай салада да абыройлы етті, еткен еңбегінің нәтижесін де көрді, жемісін де жеді. Мәселен, сәулетші-архитек­тор мамандығын алған ол рес­пуб­ликалық «ОТАУ» құрылыс-жо­ба­лау ұйымының директоры болып еңбек етіп жүр. Оның жобалары бойынша Алматыда «Алтын Орда» сауда базары­ның жанындағы «Апорт» сауда кеше­ні, «ZIEB­FART» машина-техника Сауда үйі, «Эфес» сыра зауыты, Жастардың шығармашылық орталығы салынды. Оңтүстік ас­тананың сәнін келтіріп, салтанатын арттырған Науаи көшесін­дегі, Алатау бөк­те­ріндегі және «Байсерке» елді ме­кеніндегі коттедж қала­шықтарын­дағы талай таңға­жа­йып тұрғын үйлер де Нұр­ма­ханбеттің таңдай қақтырар талға­мының же­місі. Қазақста­н­ның өзге де қалала­рында сәулет­кер Нұр­ма­ханбет Әб­дірах­ма­нов­тың қиялы­нан туып, жұрт­шы­лықтың игілі­гіне айналған әсем ғимараттар аз емес. Мәселен, Жаркенттегі сұлу ғимарат – «Хан шатыры» қонақ үйі, «Родник» қо­нақжай кешені, Луговойдағы «Алрай», «Суконый комбинат» тойханалары есте қа­лар­лықтай сауық орындарына айналды.

Бір қарағанда, кез келген сәу­летші армандайтындай жетістік­терді місе тұтуға болатындай кө­рі­неді. Бірақ қолына қалам алса-ақ болды, бала арман менмұн­да­лап бой көтереді. Қаламы қайта айналып, сол арманның жетегіне ереді. Қағаз бетіне әуежайдың, аэроклубтың сызбалары қонақ­тай бастайды. Талғампаз сәулет­шінің дарыны мен өз мақсатына жеткіз­бей тынбайтын табанды­лы­ғы бая­ғы бала арманның биігіне тоғыс­ты. Жай тоғыспады, әлемнің ең озық елдеріндегі мүлде жаңа тұр­­патты құрылыс кешендерінен кем түспейтін, әрі заманауи, әрі ұлт­­­­тық негіздегі әуе клубының көз қызықтырар кеше­нін дүниеге әкел­­­­­­ді, авиа спорт ұшақтары қона­тын әуежайдың өзгеге ұқсамай­тын дара жобасын тудырды. Ақыры ол өзі сүйген салаға қайта оралды.

Ешкімнің көмегіне емексіген жоқ. Сөйтіп, 2004 жылы әуе спорты бойынша «Ұлан» командасын құрды. Жоғары пилотаж бойынша Қазақ КСР-інің бұрын­ғы құрама командасының мүше­­­­ле­рі, энтузиаст-пилотаждар Н.Әб­­­­ді­­­рахманов, М.Т.Мұсаев, А.В.Ма­монтовтар тізе біріктіріп, ұлттық команда­ның іргетасын қалады.

Осынау қауымдастықтың бір­­­­­лігі нәтижесінде ЯК-52 кластық әлем чемпионаты жарияланды. Ал­ғашқы чемпионат 2008 жылы тамыз айында Ресейдің Ново­­сі­бір қаласында өтті. Бұл жарыста Ресей ұшқыштары топ жарды.

2009 жылы ЯК-52 кластық әлем чемпионатына қатысу­шы­лар Литва елінің Паневежис қа­ласы­нан 16 шақырым жерде орналас­қан «Рою­най» жеке мен­шік аэродромында тоғысты. Бұл шара Әлемдік жо­ғары пилотаж федерациясы мен Литваның ұлт­тық аэроклубының «Адам-Құс» атты қоғамдық қоз­­ға­лысының қолда­уы­мен ұйымдас­ты­­рылды. «Адам-Құс» қозғалы­сы­­ның негі­зін қалау­шы – литва­лық ұшқыш Витаутас Лапенас. Оның басты мақсаты әлемнің ең үздік жоғары пило­таж­дарының басын бірікті­ріп, тәжі­рибе алмасу, элиталық авиа спор­тының адамзат қоға­мындағы мәр­тебесін көтеру болды. Бұл чем­пионатқа әлемнің ең таңдаулы 23 ұшқышы қатысты. Олардың ішін­де Бельгия, Литва, Ресей, Украина, Финляндия, Эс­то­ния елдері­мен бірге Қазақстан ұшқыштары да бар еді.

ЯК-52 – оқу-жаттығулары үшін арнайы жасалған спорттық монопланды ұшақ. Ол ұшқыш­тарды үйретуге және шынықты­руға ар­налғандықтан екі кабиналы болып келеді. Алдыңғы кабинада үйре­нуші, ал артқы кабинада шебер­лікке үйрететін кеңесші-ұшқыш отырады. Ұшақтың күші – 360 аттың қуатына тең, ал жылдам­дығы сағатына 360-400 шақырым. Қанаттары төмен ор­на­­ласқан, әуеге көтерілгенде үш доңғалағы бірдей жиналатын бұл ұшақта өнер көрсету үлкен сын.

Литвада өткен осы жарыста бұрынғы Кеңес Одағы құрамын­дағы елдерден келген ұшқыштар көш бастады. Мәселен, 1 және 3 ор­­ынды Ресейдің, 2-орынды Лит­ваның иемденуі заңды да еді. Қызыға да, қызғана да қарайтын құбылыс бұл. Барын бағалай алатын ел барда, сүйейтін қуатты күш бар жерде сүйінуге тұрарлық жеңіске қол жеткізу мүмкіндігі арта түсері хақ.

Сонау бір замандарда ұлы Шоқан Уәлиханов қазақ баласы­ның қиялға жүйрік болуының бір себебі, оның далада туып, көк аспанға көз тігіп ержетуінен деп көрсетеді. Ендеше, өзінің ұлттық болмысына тән осы қасиеттер бүгінгі жас түлектер үшін де жат емес деген ой оған күндіз-түні маза бермеді. Бар ойы кешегі өзі секілді аспанды аңсайтын бала көңілдерге демеу жасап, олардың өз елінде авиациялық білім алып, көкке қанат қағуына қайтсем көмектесем дегенге ауды. Біздің еліміздегі кеңестік кезеңнің өзін­де әлемді дүрілдеткен дүлдүл­дердің басын қосып, өмір тәжі­рибелері мен біліктерін жастарға аманат етіп қалдыруына жағдай жасау­дың жолын қарастырды. Бірақ, қазақтың кең жазира даласынан ұлттың келешегі үшін ұлт­­арақтай жер ала алмай пұ­шайман күйге түсіп жүрген жайы бар.

Қазақстанның ардагер ұш­қыш-нұсқаушылары Үкімет тарапынан Н.Әбдірахмановтың өз қолымен дайындаған әуежайы мен аэроклуб кешенін салуға, онда арнайы білім беруге қажетті қаржы бөлін­се, олар да өз күші мен тәжіри­бе­лерін жас буынға беруден аянбай­тын­дықтарын айтады. Жоғары пилотаждан Ха­лық­аралық жарыс­тар­ға қатыса­тын жас буынды оқы­тып, тәр­биелейтін арнайы құры­лыс ке­шенінің (оқу-жаттығу корпустары, бассейндері, ұшу-қону алаң­дары, ашық мұражайы, ұшақ тұрақтары, қонақүйлері мен демалыс жайлары кіретін кампус­тың) сызба-нұсқасы дайын тұр. Лауазымды орындарға жолдаған өті­ніш­тері құрғақ сөз емес, алымды ой, берік шешімдерге, нақты ұсы­ныстарға негізделген. Нұрма­хан­бет сынды білікті маман болашақ ұшқыш­тарды тәрбие­лейтін аэро­мектептің оқу жүйе­сін ғана емес, оның бүкіл база­лық аумағын, құрылыс кешенін, онда орналасуы тиіс ғимараттар мен алаң­­дарды нақты жоспарлады, ең бастысы, олардың бәрінің жобаларын өзі жасады. Нәти­жесінде «Ұлан» деп аталатын әуежайы бар білім кеше­нінің жобасы дүниеге келді. Финляндия мен Герма­нияның ұшақта­рын өзі барып Қазақстанға алып келді. Ұшақ құрылысын түбегейлі же­тіл­дірді. Оның бұл әрекеті әлем­дегі өз әріптестерін таң қалдыр­ды. Енді Аэроклуб кешенінің салынуына қажетті жер телімі Алматы облысының Жамбыл ауданы аумағынан бөлінсе деп армандайды. Жоғары пилотаж бойынша Қазақстанда халықаралық деңгей­дегі чемпионат өткізілетін күн туса, Қазақ авиа спортының жас тол­қынын тәрбиелеу үшін авиа-шоулар, авиациялық мерекелер жүйелі түрде өткізіліп отырса, деген тілектері тыңдайтын құлаққа жетеді деп сенеді.

Ардагер ұшқыштар 20 жыл бұ­­рын ғана туын тіккен тәуелсіз ел­­­­дің, Қазақстанның, болашақ Әуе клубын құруға қатысты бір­қатар мәселелерді мемлекеттің қолда­­уы­­мен оң шешіп алсақ деп армандайды. Оған өз бойларын­дағы рух пен жігердің жететініне сенімді.

Айтқандай, рух демекші, қиын­дыққа мойытпай алға жетелеп келе жатқан өз ісіне деген шексіз махаббат дәл бүгінгі күнгі жасқа да, жасамысқа да ой са­ларлықтай ерлікке барабар іске себеп болып еді. Жекеменшік аэроклубтың мүшесі бола тұрып, Нұрмаханбет бастаған топ әлем чемпионатына қатысты. Кемең­гер жұртымыздың «сұңқар жемін шашып жейді, құзғын астына басып жейді» дейтін көреген түйіні бар емес пе?! Чемпионатқа бару­ға жұм­салған барлық шығынын өзі көтеріп Нұрмаханбеттің бұл қада­мы осы бір аталы сөздің айқын дәлелі еді. Жарыста ұлт­тық ко­ман­д­аның абыройы аспандады. Литвада өткен 2008 жылғы әлем чемпионатында олар тек қазақтың ғана емес, тұтас Азия құрлығынан қатысқан жалғыз команда ретінде бүкіл азиялық­тар­дың туын көтер­ді. Әлем үздіктері қатарында олар төртінші орынды иемденді, ал құрама командадағы жалғыз қазақ та, сол команданың басшысы да Нұрмаханбеттің өзі болды.

«Ұлан» командасы өзі құрыл­ған­нан бергі жылдар аралығында әр­түрлі деңгейдегі халықаралық жа­­­­рыстарға қатысты. Ішінде 1 алты­ны да бар 9 түрлі медальға ие болды. Олардың кәсіби деңге­йін ҒАІ – Авиа­циялық спорт түрлері­нің ха­­лық­­аралық федерациясы мойындады.

«Ұланға» арасында Азамат­тық авиация комитеті, Қазақстан Рес­публикасы Көлік және коммуникация министрлігі, «Отан» қо­ғамдық ұйымы тарапынан бір­шама қолдау көрсетілді. Пило­таждардың спорт­тық және оқу-спорттық поршеньді ұшақтарға арналған жеке меншік паркі де бар. Бірақ, бұл әлемдік өркениет­ті межеге бет алған Қа­зақстан үшін жеткіліксіз. Өйткені, тәжі­ри­белі ұшқыш-нұсқаушылар өз тілекте­рін ғана көксеп, ұшу ба­қытын сезінсек болды дегеннен аулақ. Олардың басты мақсаты – жиған тәжірибелерін жас ұрпаққа аманаттап, өздерінің соңында ел намысын қорғайтын жас қыран­дар­ды баулитын, ұшудың қыр-сы­ры­на үйрететін жол қалса дейді. Өздері секілді бала күннен көкке ұшуды көксейтін жаңа заман балаларының арманы аяқсыз қал­маса деп алаңдайды.

Нұрмаханбет Ыдырысұлы Әбді­р­ахманов – бүгінде авиация спортынан әлемнің ең үздік мамандары мойындаған, бағалаған танымал тұлға. Ол – «Адам-Құс» төсбелгісінің, «Әлемдік чемпио­нат­тың қатысушысы» және т.б. медальдардың иегері. ҒАІ – Авиа­­циялық спорт түрлерінің ха­лық­аралық федерациясының пре­зи­­денті Нике Хойер Нұрекеңді «Қа­натты адам» деп бағалапты. Литвалық Казис Антанавикус пен Елтонас Мелексис «көк қы­раны» десе, украиндық шебер Иван Би­ластың пікірінше, «Нұр­ма­ханбет­тің ұшағының винттері де өзін­­­дей шебер». Ал, аэро­клу­бының прези­д­енті Малтти Мек­линннің Нұре­кең талантына ғана емес, халқына қызмет етсем деген қа­­­сиетіне бас иіп, «өз еліңнің бағы­сың» дегені де ой саларлық сөз.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Қазақстан – 2050» Страте­гиялық бағдарламасында айқын­дал­ған еліміздің даму жолында отандық авиация салаларының да алар орны бөлек. Ендеше, әлем биігіне Тоқтар, Талғат сынды алыптарды, Нұрмаханбет секілді дарындарды ұшырған қазақ жұртының болашағын ары қарай жалғайтын, жасампаз келешегіне сеніммен қарайтын, оған бар мүмкіндікті жасайтын дәрежеге жеткенін бүгінде әлемге мойын­­­­датқан Қазақстанның ендігі жерде элиталық авиация спорты сынды үлкен саласының да жанданар күні алыс емес деген ойдамыз…

Қайрат Раев,

филология ғылымдарының кандидаты,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.