«Көшеде жүрген пақырды, инвестор бол деп шақырды». Бұл қарапайым азаматтардың қаржысын суыртпақтайтын «пирамидаларға» қатысты айтылған. Тәуелсіздік жылдарында қазақстандықтар «МММ», «Телемаркет», «Тибет», «Хопер-инвест» секілді қаржылық ұйымдардың тасқынын толқын-толқынымен бастан өткеріп келеді.
Аз ақша салып байып кеткендердің өмірі туралы жарқ-жұрқ еткен жарнамалар халықтың көзін байлап, тереңдеп ойлануына мүмкіндік бермейтіні түсінікті. Зерделеп қарасақ, бастапқыда алпауыт қаржы пирамидаларының бәрі инвестициялық компания ретінде танылғандар екен. Олардың жұмыс істеу тәсілдері де әрқилы. Көпшілігі қалыптасқан қарапайым қағидаларды негізге алса, жүзден бірі ғана тыңнан түрен салуға талпынады.
Қалай жұмыс істейді?
Ол өте қарапайым. Әуелі салымшыларға айына екі мәрте 7-8 пайыз көлемінде сыйақы төленеді. Мысалы, ең арзан «White» пакеті бойынша қаржы салсаңыз, аптасына – 4 еуро, айына – 16, ал жылына – 187 еуро табыс үлесін ұсынады. Осындай табысқа кенелу үшін аталған пакетке небәрі 90 еуро көлемінде инвестиция салуыңыз керек екен. Инвестор болғысы келгендердің саны артып, құйылған қаржы көлемі көбейе түседі. Салымшылардың көзі байланып қалатын тұсы осы. Бірақ мұның бәрі тек сөз бен қағаз жүзінде екенін салымшы ескермейді. Кейін шындықтың беті ашылған соң күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, салған қаржысын қайтарып алуды ғана ойлайды. Шынайы бетпердесі ашылған компания елден жинап алған қаржыны офшор компанияларының есепшотына аударып, өздерін банкрот деп жариялайды. Сарапшылар кейбір елдерде ішкі нарыққа инвестиция тарту ресми тіркелген компанияларды салық төлеу міндетінен босатып қана қоймай, оларға қатысты бақылау да азаятынын айтады.
2018 жылдың сәуір айында жұмысын тоқтатқан Questra World, Atlantic Global, Asset қаржы пирамидалары Кабо-Верде республикасында орналасқан «Atlantic Global Asset Managment» компаниясының еншілес кәсіпорны болып шыққан. Офшорлық мүмкіндік беретін елдер өз территориясында тіркелген компаниялар туралы ақпаратты ешкіммен бөліспейтіндіктен, ашық дереккөздерде бұл қаржы пирамидасы туралы толық ақпарат жариялана бермейді. Олар «клиенттерін» компанияның өкілдері мен веб-сайты арқылы іздеп тауып, қармағына іледі. Мұны таяуда осы ұйымдардан алданып қалған салымшылардың мәселесімен айналысып жүрген құқық қорғау органдарының өкілдері де растап отыр.
«2019 жылғы 9 шілдеде әпкелі-сіңлілі Алдабергеновалар мен олардың компаниясына алданған салымшылар Алматы қаласына қарасты аудандық полиция басқармасына (ақша беру орны бойынша) ұжымдық шағым (42 адам) берді. Алайда құқық қорғау өкілдері бұл өтінішті қарау олардың құзыретіне кірмейтінін айтқан. Сондай-ақ шағым берушілердің ешқайсысына, олардың өкілдеріне хабарламастан, өтініш-шағымды экономикалық тергеу қызметіне жібереді. Бұл – Қылмыстық процессуалдық кодексті білмеушілік пе? Яғни, бір әрекет арқылы үш заң бұзылған. Конституцияны айтпағанда, жеке және заңды тұлғалардың шағымдану тәртібі туралы заң бұзылды. Прокуратураға шағым берілгеннен кейін ғана өтініш сотқа дейінгі тергеудің біртұтас реестріне алаяқтық бабы бойынша тіркелген. Бірақ тағы да кедергі жасалды. Осы іс бойынша тергеушіні күнделікті нарядқа қоя бастаған. 1 тамыздан бастап бүгінге дейін тек 3 өтініш берушіден ғана жауап алынды. Егер осылай жалғаса берсе, онда жауап алу мәңгілікке созылады. Ал нағыз кінәлілер Қазақстан аумағынан кетіп үлгереді. Сондай-ақ шетелдік азаматтар елімізде өздерін еркін сезінетінін атап өткіміз келеді. Олар түрлі алаяқтық жобалар әкеледі де, оны табысты жүзеге асырады», дейді алданған салымшылар Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың атына жазылған шағымда.
«Пирамиданың» белгілерін біле жүріңіз
Осы жиынға қатысқан Қазақстанның Қаржыгерлер қауымдастығының өкілі, Халықтың экономикалық қаржылық сауаттылық орталығының атқарушы директоры Ләззат Үсенбекова көпшілік арасында өзін инвестициялық қаржы ұйымы деп таныстыратын компаниялардың негізгі белгілері туралы санамалап берді. Олардың құзырында депозиттерді қабылдауға рұқсат беретін Ұлттық банктің лицензиясы, компанияның жарғысы және мемлекеттік тіркеуден өткен реттік нөмірі, ұйымның қаржылық капиталы туралы мәліметі де болмайды екен. «Ұйымға келгендерге қойылар басты талап – мүшелік жарна төлеу. Бонус солардың мүшелік жарнасының мөлшеріне қарап анықталады. Ең соңғы белгісі БАҚ-тарда жарияланатын жарнамасы, олар жарнамадан ақша аямайды. Егер белгілі бір компания банк депозитінен екі есе көп көлемінде сыйақы беруді ұсынса, табыс ретінде берілетін ақшаның қайдан келетіні туралы ақпарат сұраңыз. Сізге беріліп отырған сыйақы сіздің алдыңызда ғана келіп кеткен салымшының сол компанияға жасаған салымы болуы мүмкін. Сосын сіздің жарнаңыз біреуге сыйақы ретінде беріледі. Барлық инвесторлардың қаржысы мен үстемақысын толық қамтамасыз ететін сенімді капитал көзі жоқ. Компанияның салымшыларға берешегі тым көбейіп кеткенде, қаржы пирамидасы қызметін тоқтатады. Ал инвесторларға бонус емес, олардың салған ақшасын да қайтара алмайды», дейді Л.Үсенбекова.
Осы ретте ол көптеген мемлекеттерде осындай алаяқтықпен шұғылданатын компанияларға, қаржы пирамидасын құратындарға заңмен тыйым салынғанын айтып өтті. Қазақстанның Қылмыстық кодексіне 2014 жылы түзету енгізілді. Заңға қайшы әрекет еткендер 7-12 жылға бас бостандығынан айырылады. Жарнама туралы қолданыстағы заңның да 13-бабында «қаржы (инвестициялық) пирамидасының қызметін жарнамалауға тыйым салынады» деп жазылған.
«Бірақ олардың басым көпшілігінің бас кеңсесі АҚШ-та, Батыс елдерінде орналасқандықтан, біздің елдің заңымен жазалау мүмкін емес. Қолдан келері – жұмысын тоқтату. Одан беріде пирамида тектес бірнеше түрі пайда болған. Біздің Қылмыстық кодекстің аталған бабымен олардың бәрін қамту қиын, сондықтан дәрменсізбіз. Қазақстанның қаржы пирамидаларына шектеу қоятын заңды жетілдіруді кешіктіруге болмайды. Солардың желісімен елден қанша қаржы сыртқа кетіп жатқанын ешкім білмейді. Бұл фактор мемлекеттің қаржылық саясатына қауіп төндіріп тұр», дейді Л.Үсенбекова.
1995-2002 жылдар арасында Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі болған қаржыгер Ілияс Исаевтың пайымдауынша, олардың шектен шығып кетуіне халықтың экономикалық сауатының тым төмендігі себеп болып отыр. Ақпарат құралдарында қаржылық пирамидалар туралы жиі жазылғанмен, экономикалық тұрғыда талдау-сараптау кемшін түсіп жатыр.
1990-2010 жылдары шетелдік қаржы ұйымдарына жем болып келген аңғал салымшы қазір желілік маркетингтік ұйымдардың шырмауына шырмала бастады. «Ел ішінде «жылдам ақша» деген атаумен жұмыс істеп жатқан қаржы ұйымдарының табиғаты «пирамидаларға» жақын. Биологиялық белсенді қоспаларды ашық жарнамалайтын шетелдік ұйымдар құзырлы орындардың тұмсығының астында жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ соңғы айларда жылына 2 пайыздық өсіммен пәтер беруді ұсынатындар пайда болғанын көріп жүрміз», дейді қаржыгер Ілияс Исаев.
Осы жиында алданған салымшылардың құқығын қорғап жүрген заңгер Әлия Байзақова қаржы, инвестиция нарығында қандай трендтер пайда болса, олар соның қасынан табылатынын айтты. Қылмысы ашылып қалғандар өңін өзгертіп немесе туысқандарының бірінің атына тіркеліп, жұмыстарын жалғастыра береді екен. Заңгердің айтуынша, «пирамиданы» құрғандардың мол қаражаты бар, олар қоғамның психологиясына ши жүгіртуді шебер меңгеріп алған. «Олар миллионер қалаларға, әлеуметтік жағдайы салыстырмалы түрде жақсы аймақтарға көбірек басымдық беретінін байқап жүрміз. Мұндай шешімді олар күштерін шашыратпау үшін қабылдайды», дейді Ә.Байзақова.
Сондай-ақ Әлия Байзақова қаржы ұйымдарының алыс-жақын шетелдердегі ұйымдармен интеграцияланып жатқанын айтты. «Олардың заңды ұйым ретінде қай елде тіркелгендерін анықтау мүмкін емес. Батыс елдерінде заңмен тыйым салынғандары бастапқы құжатымен Қазақстанда немесе Өзбекстанда жұмысын жалғастыра беруі де мүмкін. Мұндай ұйымдардың көмегіне әлеуметтік жағынан аз қорғалған топ қана жүгінеді. Олар компанияның құжаттарын тексеруге де мән бермейді», дейді сарапшы.
Алдануға себеп – кедейлік, сауатсыздық және шарасыздық
Қаржыгерлер қауымдастығының өкілі Шынар Елубаева «пирамиданың» жұмысын жандандыратын орта – өзгенің ықпалына тез бейімделетін топтағы адамдар екенін айтты. Олар қарны тоқ қоғамда жұмыстарын жүргізе алмайтындарын жақсы біледі. Соңғы кездері аудиториясын тағы бір рет електен өткізіп алу үшін әлеуметтік желілердің аудиториясын пайдалана бастапты. «Бұл үшін оларға өз атауымен тіркелудің қажеті де жоқ. Жазылушылары көп блогерлерге тиын-тебен беріп қойса жеткілікті. Әлеуметтік желінің табиғаты «қаржы пирамидаларына», желілік маркетингке жақын», дейді Ш.Елубаева.
Алаяқтардың қармағына түсіп, барынан айырылып, сан соғып қалғандардың қатары жыл өткен сайын өсіп барады. Тек бізде емес, әлемдік тәжірибеде «пирамидаларды» сотта жеңіп, ақшасын қайтарып алғандар өте аз. 1993 жылы сән әлемінің магнаты Карла Шапиро «Mэdoff Investment» қорына 500 млн АҚШ долларын салып, дауласып, соттасып жүріп оның 70 пайызын қайтарып алыпты. Біздің азаматтар туралы осындай деректерді біз Ұлттық банктің де, Бас прокуратураның да сайтынан таппадық. Тек сотқа жүгініп, ұйымды жаптырып тастағандар туралы деректер ішінара кездесіп қалады.
«Олармен соттасу барысы 5 жылдан 8 жылға дейін жүреді. Сол аралықта қаржы инфляцияға ұшырап, құнын жоғалтады. Сол себепті ең дұрысы «қаржы пирамидаларынан» аулақ жүру» дейді Ш.Елубаева.
Ол қаржылық пирамидаға бас тігушілер ертеңгі күніне сеніммен қарай алмайтын үлкен әлеуметтік топты қамтитынын айтады. Ақшасын банк депозитіне салып көбейтейін десе, ондағы сыйақы мөлшерлемесі жылдық инфляция көрсеткішін де жаппайды.
«Кез келген «пирамида» 5-6 жылдан артық жұмыс істемейді. Бұрынғы құрбандары 1,5-2 миллион адам болса, қазіргілері 30-40 мың адаммен шектеледі. Аз мерзімнің ішінде салымшыларының 10 пайызын да бонуспен қамтамасыз етіп үлгермейді», дейді Ш.Елубаева.
Сарапшылардың сөзінен ұққанымыз, қаржы пирамидаларының жұмысын заңмен тоқтату мүмкін емес. Бірақ заң тетіктерін іске қосу арқылы олардың әрекет ету аясын тарылтуға болады. Мысалы, кейбір ұйымдар құжатында өздерінің «пирамида» екенін ашық жазады. Бұл шартқа қол қойған салымшы оның тәуекелін өз мойнына алады. Бірақ бұл фактор олардың заңсыздығын ақтап алмайды. «Бұл тұста салымшыға қатысты барлық тәуекелді ашып көрсету аз. «Сыйақы мөлшерлемесінің таза көлемін және оның берілетін мерзімін нақты көрсетуі керек» деген бапты қосу керек. Өзбекстан, Ресей сынды көршілес елдер осындай баптарды жыл басында заңдастырыпты. Енді біз де сөйтуіміз керек», дейді Ш.Елубаева.
2015 жылы Қазақстанның Ұлттық банкі мен Ресейдің Орталық банкі қаржы пирамидаларына қарсы бірігіп күресу жайлы уағдаласқан болатын. Себебі шетелдік «қаржы пирамидалары» бізге Ресей арқылы келеді екен. Сарапшылардың айтуынша, елімізге ендігі жерде алдағы уақытта тиісті заңға енгізілген өзгерістерді Ресей заңымен үйлестіруден басқа амал жоқ. Ресейде қаржы пирамидалары туралы мәліметтерді үкіметтің сайтынан алуға болады. Ондағы ақпарат та жиі жаңартылып тұрады екен. Осы тәжірибені қолдану арқылы Қазақстан мұндай ұйымдармен күресті халықаралық деңгейде жүргізе алады.
АЛМАТЫ