• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Үкімет 21 Тамыз, 2019

Қаржы орталығының мүмкіндігі кеңейтілмек

246 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту мәселесі қаралды.

АХҚО басқарушысы Қайрат Келім­бетов орталық жұмысының негізгі қоры­тын­дыларын ұсынып, одан әрі дамыту перс­пективалары туралы баяндады. Бүгінде AХҚО-ның жеке заңнамасы құрылды, жалпы қолдану мен қаржылық реттеудің 70-ке жуық ережесі қабылданды, орталыққа керек барлық қажетті инфрақұрылым дайындалып, АХҚО-ның барлық органы мен ұйымы құрылды.

Қ.Келімбетовтің айтуынша, AХҚО рет­теу­шісінің тіркелген кәсіпорындарының саны әлемнің 26 елінің (АҚШ, Ұлыбритания, Швейцария, Қытай, Гонконг және т.б.) 235 компаниясына дейін өсті, оның ішінде Қытай даму банкі, Қытай құрылыс банкі, Wood & Co (Чехия) және CICC (Гонконг) секілді ірі инвестициялық банктер бар, 2020 жылдың соңына қарай олардың саны 500-ге дейін артады.

2018 жылдың қараша айында Елбасы АХҚО биржасы жұмысының тұсаукесеріне қатысты. Әлемдік қаржы индустриясының көшбасшылары – Шанхай қор биржасы, Nasdaq америкалық биржасы, Жібек жолы қо­ры және Goldman Sachs америкалық ірі ин­вестициялық банкі – осы ауқымды аймақ­тардағы инвестициялық өтімділікке қолже­тімділікті, соның ішінде «Белдеу және жол» бастамасы аясында биржаның стратегиялық серіктестері мен акционерлеріне айналды.

АХҚО биржасы жұмыс істей бастаған бір жылға жуық уақыт ішінде тартылған акционерлік капитал сомасы 70 млн доллардан асты. 2019 жылдың бірінші жарты­жылдығында АХҚО биржасы акциялары нарығының жалпы капиталдануы 1,9 млрд долларды құрады.

Цифрландыру аясында, осы жылдың басында тараптарға AХҚО сотына әлемнің кез келген нүктесінен электронды түрде сотқа жүгінуге мүмкіндік беретін eJustice өңірге арналған онлайн-жүйе іске қосылды.

Мұның бәрі AХҚО-ға беделді Қаржы орталықтарының жаһандық индексінде 102-ден 51-ші орын алуға, сондай-ақ Ыстанбұл, Варшава, Будапешт, Мәскеу және Бакуден оза отырып, Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның қаржы орталықтары арасында 1-орын алуға мүмкіндік берді.

Бірінші қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов АХҚО туралы конституциялық заңға толықтырулар енгізу туралы заң жобасын таныстырды. Заң жобасында ұсынылған түзетулерді екі блокқа бөлуге болады: бірінші блок – бұл инвестициялық салық резиденттілігі; екінші блок – AХҚО қызметіне қатысты нақтылаушы нормалар.

Б.Шолпанқұлов атап өткендей, бірінші блок – инвестициялық резиденттілік бағдарламасы – бүгінде әлемде жеткілікті түрде кең таралған құбылыс.

Бүгінде резиденттік бағдарламалардың екі түрін ұсынатын 80-нен астам ұқсас бағдарламалар бар. Бірінші түрі АҚШ, Канада, Испания секілді елдерде, сондай-ақ инвестициялар үшін тұруға ықтиярхат беретін Латвия мен Грекияда жүзеге асырылатын бағдарламалар. Бағдарламаның екінші түрі инвестициялық визаны және елдің салық резиденттілігін алуды ұсынады (яғни инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасы). Мұндай елдер – Италия, Швейцария, Кипр және Ұлыбритания.

Қазақстанда бағдарламаның дәл екінші түрін – инвестициялық салықтық резидент­тікті қолдану ұсынылады. Осылайша, заң жобасында «инвестициялық резидент» ұғымын және «инвестициялық са­лық­тық рези­денттік» бағдарламасын енгізу қарасты­рылған. Инвестициялық салық­тық рези­денттік бағдарламасының негізгі тұжы­рым­дамасы – инвестордың және оның отбасы мүшелерінің Қазақстан Респуб­ли­­касына бірнеше мәрте келу визасын алу мүм­кін­дігін ұсына отырып, инвестициялар тарту. Әлеуетті инвесторлар өз қара­жат­тарын AХҚО биржасында айналатын қаржы құралдарына және бағалы қағаз­дарға салады. Сондай-ақ заң жобасында инвести­циялық салық резиденттеріне Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі көздерден алынатын табыстарға жеке табыс салығын төлеуден босату қарастырылған. Оған қоса, Қазақстан аумағында пайда болған кірістерге Салық кодексіне сәйкес салық салынатын болады, ал шетелдік табыстарға салық салынбайды. Заң жобасында АХҚО қатысушыларының қызметтерінен ҚҚС босату қарастырылған.

Түзетулердің екінші блогы АХҚО қызметіне қатысты нақтылаушы нормаларды қамтиды. Осылайша, «Астана» халықаралық қаржы орталығының органдары еңбек қатынастарын және сатып алу рәсімдерін реттейтін актілерді қабылдауға құқылы. «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» жаңа заңға сәйкес келтіру үшін нақтыланған түзету енгізілді.

«Қорытындылай келе, Қазақстанда инвестициялық резиденттік бағдарламасын іске қосу ұзақ мерзімді перспективада елеулі инвестиция әкелуі тиіс екенін атап өткім келеді», деді Б.Шолпанқұлов.

Жаңа заңнамалық бастамалар тартымды инвестициялық ахуал құруға және инвесторлар тарапынан сенім қатынастарын қалыптастыруға ықпал етеді.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында 2015 жылы АХҚО туралы арнайы Конс­титуциялық заң қабылданып, оның мақсаты, міндеттері мен қызметінің принциптері анықталды. Осы Конституциялық заңға бүгін ұсынылып отырған түзетулер Қаржы орталығының еліміздің негізгі қаржы платформасы ретінде жылдам қалыптасып, дамуы­на және оның юрисдикциясын инвес­тицияларды тарту мен қорғау үшін пай­далануға мүмкіндік береді», деген Үкі­мет басшысы АХҚО қызметін жетілдіру жө­ніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсыр­ды.

Сондай-ақ Үкімет отырысында әлеумет­тік маңызды тауарларға бағалардың тұрақ­ты­лығын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров азық-түлік тауарларының қазіргі бағалары, тұрақтандыру қорларының қызметі және бағалардың өсуіне жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов өңірлердегі жұмыстар туралы айтып берді.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру және ұстап тұру, оның өсу себептерін біртіндеп жою мақсатында осы жылдың 16 тамызында күшіне енген шаралар кешені әзірленді. Олардың ішінде – отандық тауар өндірушілердің тауарларды барлық сауда нысандарына орналастыра алу мүмкіндігі, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15%-дан аспайтын мөлшерде бекіту және жеткізушілерден қосымша ақы алуға тыйым салу, 4 негізгі тауарлық позицияға (пияз, картоп, сәбіз, қырыққабат) бағаның маусымдық өсуіне жол бермеу. Сонымен қатар өңірлер көтерме-тарату сауда орталықтарының, сауда объек­ті­лерінің құрылысын және нарықтарды жаң­ғыртуды қамтамасыз етеді.

Премьер-Министр А.Мамин Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақын­да Ақордада өткен кеңесте әлеуметтік маңы­зы бар азық-түлік тауарларына бағаны ұстап тұ­ру мәселесінің маңызын атап өткенін айтты.

«Әкімдер баға өсіміне жол бермеу мәселесін ерекше бақылауда ұстауы қажет және күн сайын мониторинг жүргізіп, жедел шараларды қабылдауы тиіс», деді А.Мамин. Әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік өңірлік ережелерін бекіту жұмыстарын жеделдету және тұрақтандыру қорларында өнімдерді сатып алуға алдын ала кірісу тапсырылды. Сатып алулар интервенцияларын жүзеге асыру үшін ӘКК шоттары мен депозиттерінде 3,7 млрд теңге бар.

Тұрақтандыру қорлары жұмысының тиімділігін одан әрі арттыру мақсатында, Премьер-Министр атап өткендей, тұрақтан­дыру қорларының қызметіне тексеру жүргізу, олардың жұмысын қайта құру және тауарлық интервенциялар үшін сатып алуды жедел жүргізу қажет. Сондай-ақ аса әлеуметтік маңызы бар 10 өнімді шығару бағдарламасын әзірлеу тапсырылды. Бұл бағаны ұстап тұрудың маңызды факторы болады.

Министрлер кабинетінің басшысы Сауда және интеграция министрлігіне қыс­қа мерзім ішінде бірыңғай онлайн платфор­маның әзірленуін қамтамасыз етуді тапсырды. Аталған жүйенің көмегімен азаматтар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын өңірлер мен нақты дүкендер тұрғысынан онлайн режімінде қадағалап, сонымен қатар баға мониторингіне тікелей қатыса алады.