Табиғатта тылсым сыры ашылмаған құпия аз емес. Алыстан ат шалдырып келген туристер Зеренді аймағындағы Айдаһар үңгірінде болған сәттерінде таң-тамаша қалады. Білетіндердің айтуына қарағанда, осы жерге табаны тиген, үңгірге жақындаған адамның бойына қисапсыз күш-қуат құйылады екен. Киелі жерге жету үшін тау асып, тас басып, әлденеше шақырым жоғары өрлеуің керек. Бірақ бір ғажабы табиғаттың тілін, нақтырақ айтсақ, күйін тыңдау. Сол үшін де келетіндер аз емес.
Жергілікті тұрғындар бұл жерді қасиетті санайды. Адам ағзасының тазаруы үшін өте пайдалы екен. Әсіресе жүйке ауруымен ауыратын адамдар көп келеді. Бәлкім тұмса табиғаттың тыныштық құшағындағы жан жүрегіңді әлдилейтін, бусанта балқытатын ерекшелігінен бе екен.
Үңгірдің кірер аузы оншалықты үлкен емес. Ал ішкі бүйін іспеттес бөлігі ат шаптырым кең. Кейінгіге жеткен аңыз бойынша жайдан-жай қасиетті саналмаған. Есте жоқ ескі кезеңде осы үңгірде ауырып-сырқағанды емдейтін емші өмір сүріпті. Алдына келген сырқат дертінен пышақпен сылып алғандай айығады екен. Бірақ жету қиын. Сонда да пендеге денсаулық қымбат. Табанын тасқа тоздырып, емшінің қабілетіне сеніп келгендердің сағы сынғандары жоқ деседі. Күндердің бір күнінде ғажайып қабілетке ие емші қартайып, өмірден өткен соң оның бойындағы шипалы қуаты осы жерде бөгіп қалған. Өзі болмағанымен, көзіндей тылсым күш әлі күнге дейін адамдарға шарапатын тигізуде.
Қазақ жерінде киелі жерлердің аз еместігі белгілі. Құпиясы да жұмбақ. Сондай тәмам жұртты таңғалдыратын киелі жердің бірі осы – Айдаһар үңгірі.
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы