Жұртшылықтың «Жас өркен» шағын ауданында салынып жатқан 900 орынды мектеп биыл пайдалануға беріледі деген қуанышы су сепкендей басылып қалған жайы бар.
Оған болашақ білім үйіне барар жолдағы екі қабат баспанадан көшуге үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, жұртта жалғыз шошайып қалғандай тірлік кешіп отырған Ромахиндер отбасы себеп болып отыр. Көршілері түгел көшіп кеткен. Бүйректен сирақ шығарып отырған осылар ғана. Даудың басы отбасының қалалық әкімдік ұсынған өтемақыға келіспеушілігінен туындаған. Бір қызығы, баспана иелері бастапқыда үйдің сүрілуіне келісімін беріп, мәселе заң талаптары аясында толық шешіліпті. Сөйтіп үш бөлмелі екі пәтердің кілті қолдарына ұстатылыпты. Енді ресми құжаттар Әділет басқармасында тіркеуден, ал жер телімдері мемлекет меншігіне өткеніне қарамастан, анттасқан құдайы уәделерінен айнып қалса керек. 4 пәтер берілмесе, шаңырақты босатпаймыз, тағы да соттасамыз десіп, тістесіп қалған. Отбасының адвокаты Амангелді Әбікеев үйдің жалпы көлемі 247 шаршы метр бола тұра, бар-жоғы 120 шаршы метрлік үш бөлмелі екі пәтер ұсынылғанын, өтемақы дұрыс есептелмегенін алға тартады.
БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында қала әкімінің орынбасары Асқар Хабибуллин даулы мәселенің неден ушыққанын түсіндіріп берді. Оның айтуынша, екі қабатты үй 16 миллион 800 мың теңгеге бағаланып, тиісті құжаттарға қол қойылған. Отбасы үшін сатып алынған қос пәтердің құны 26 миллион теңгені құрайды. Ромахиндер үстіңгі қабатта тұрған, яғни 88 шаршы метр алаңды ғана пайдаланған. Астыңғы қабатта гараж, басқа да шаруашылық заттарын сақтайтын орындар орналасқан. Олар үшін өтемақы төленбейтінін ескергілері келмейді. Мұның алдында сот бұл отбасының талап-арызын қараудан бас тартқан болатын. «Жығылған күреске тоймайдының» керімен тағы да шағым түсірген.
Асай-мүсейін асынып, баспананы бұзуға келген мердігерлік компания мамандарын ұлардай шулап, қарсы алған отбасы мүшелері кері кетуге мәжбүр етті. Үйді сүруге келгендердің электр тогын ажыратуға ғана шамасы жетті.
«Қырық кісі – бір жақ, қыңыр кісі – бір жақ» демекші, ел ішін алатайдай бүлдірген бір отбасының кесірінен оқушылар асыға күтіп отырған білім ошағының құрылысы созылып кететін тәрізді.
Петропавл