• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
18 Қаңтар, 2013

Ел ертеңі және латын әліпбиі

553 рет
көрсетілді

Ел ертеңі және латын әліпбиі

Жұма, 18 қаңтар 2013 7:49

Жуықта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қа­лып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің даму жолындағы жаңа саяси бағытын белгілеп берді. Бұл Жолдауда Елбасы: «Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс… Осы заманғы ғылыми терминологияның негізін латын тілінен енген сөздер құраса, ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде күн сайын дерлік ағылшын тілі дүниежүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде.

Жұма, 18 қаңтар 2013 7:49

Жуықта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қа­лып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің даму жолындағы жаңа саяси бағытын белгілеп берді. Бұл Жолдауда Елбасы: «Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс… Осы заманғы ғылыми терминологияның негізін латын тілінен енген сөздер құраса, ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде күн сайын дерлік ағылшын тілі дүниежүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде. Бұл үдерістен біз де тыс қалмауымыз керек… Біз 2025 жылдан бастап, әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе», деп атап көрсетті. Елбасының бұл сөзі – халқымыздың болашақтық қамы мен заман тынысын ұштастырған парасатты шешім. Енді латын әліпбиіне оралу мен оралмау туралы әңгіме күн тәртібінен алынып, мүлдем тоқтатылып, бұдан былай оған қашан, қалай көшеміз деген әңгіме ғана сөз болуы керек.

Сондай-ақ, Елбасы жаңа жыл қар­саңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында бұл істі 2025 жылға дейін созбауымыздың мүмкін екендігін де ескертті. «Хабар» агенттігінің сайтынан ол сұхбатты да тыңдай алдық.

Мен қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру керек деп отыз жылдан астам уақыттан бері айтып келе жатқан адаммын. Жариялаған мақалаларым да, берген сұхбаттарым да, ұсынған жобам да бар. Кезінде Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі бұл жобамды алып, рахмет айтқан хатпен жауап та қайтарған.

Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевқа Дүние­жүзі қазақтарының ІV Құрылтайында осы мәселе жөнінде арнайы жазбаша өтініш те білдіргенмін. Ол өтінішімде: «Қадірлі Нұреке! Өзге елдердегі біз Сіздің Қазақстанда қазақ жазуын латыншаға қайтарамыз дегеніңізді естіп қуанудамыз. Болашақта көшетін латыншаның жобасын жуықта жариялап жіберсеңіздер, диаспорадағылар соған бейімделе берер едік. Бұл әр елдегі қазақтардың бет-бетімен латыншаның әртүрлі жобасына кетіп қалмауы және болашақта дүниедегі қазақтардың жазудағы бірлігі үшін өте пайдалы» дегенмін. Қазір осы өтінішімнің шындыққа айналып келе жатқанына қатты қуанудамын.

Жалпы, бұл мәселе Қытайдағы қазақ­тарға да тікелей қатысты. Қытайдағы қазақ әліпбиі ХХ ғасырда сан рет өзгерді. Яғни Ахмет Байтұрсынов тағанын қалаған, сосын Әнуәр Көкеев реформалаған төте жазу (1982 жылдан бұрын), кириллица (1957 жылғы бірер ай), одан кейін латынша (төте жазумен қатар, 1958-1982 жылдар), сосын қайтадан төте жазу (1982 жылдан соң ) болып сан құбылды. 1980-ші жылдардың басында, біршама жалпыласып қалған латынша жазуды тастай салып, қайтадан төте жазуға шегінгенде мен оған қарсы шықтым. Маңымдағылардан зиялы қауымнан өзгесі сөзіме құлақ аспаған соң, сол кезде Мемлекеттік оқу-ағартуды басқаруға жауапты вице-премьерге хат та жаздым. Ол хат Бейжің тарапынан қолдаған сыңайлы раймен ШҰАР-дың пікірін алуға қайтарылды да, аяғы жолы болмады. Сосын «Ұлттар» журналында мақала жарияладым. Соған орай, жастар мен ғалымдардың, зиялы қауымның ерекше қолдауына ие болдым. Сонымен, жас­тар латынша жазуды интернет арқылы жалпыластыруға өтті. Бұған серкелік қылғандар – қытайда ең алғашқы «Ауыл» атты сайтты ашқан, қазір Алматыда тұратын кәсіпкер Асқар Жакулин еді.

Қазір хән жазуын жалпыластыруға орай латынша жазуды қоса жалпыластыруда. Өйткені хән иероглифтерін дұрыс оқып-үйрену латынша жазуға негізделген пиңиңзыму (хәнше – латын жазуы) дегенге сүйенеді. Бірақ оның ішінде қазақша қаріптерді таңбалауға келмейтін бірнеше әріп бар және қазақша әріптерге жетпейді де. Өзге түркі тілді елдердегі қазақтар қолдануға мәжбүр болып жүрген латынша жазу жобалары да әр алуан екені белгілі. Түркияның латын жазуы да бір ғасырға жуық бұрын жасалған, бүгінгі дәуірге тым қолайлы емес. Жалпы, Қазақстаннан өзге елдердегі қазақтар латынша жазудың алуан үлгісіне бет-бетімен кетіп барады.

Меніңше, шынайы зиялы қауым дүниедегі қазақтың ортақ бір ғана жазуы болуын арман етеді. Өкінішке қарай, қазір мұндай ортақтыққа қол жеткізе алмай отырмыз. Латыншаның әртүрлі нұсқаларын қоса есептесең, 5-6 түрлі жазу қолданылып жүр. Бұл, мәдени ауыс-түйіске ғана емес, ұлт тұтастығына да зор залалды жағдай. Осыған орай мен мына жағдайларды атап айтқым келеді.

 Ең алдымен БАҚ көмегімен латын жазуына көшуге байланысты жан-жақты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, идеялық бөгеттерді аршып, бүкіл халықты осы жұмыстың белсенділеріне айналдыру керек.

Сондай-ақ, жазуды латын қарпіне қайтару жұмысымен тұрақты шұғыл­да­нуды тікелей Елбасына қарайтын мем­ле­кеттік жұмыс тобына беру керек. Оның құрамына енетін мемлекет, қоғам қайраткерлері, білім-ғылым, мәдениет-ақпарат, қаржы салаларының басшылары мен білікті мамандарына қойылатын басты шарт осы жұмысқа белсенді және дұрыс ұстанымды болу екендігі атап көрсетілуге тиіс.

 Жұмыс тобы бұдан бұрын да іс­тел­ген және игерілген, өзге елдегі тіл­дік, әлеуметтік, психологиялық, эконо­ми­калық, саяси жағдаяттарды, латын қарпіне оралту ісінің басты-басты қазақтық мәсе­лелерін (грамматикалық реформаны, лингвистикалық, дидактикалық, мәдени-ақпараттық, баспаханалық, қаржылық, т.б.) айқындауды, арнайы мақсаттағы іссапарлар мен қажетті зерделеуді орынсыз қайталау, бәрін үйіп-төгіп түгел шешкен соң ғана қимылдау, сылбыр әрекетпен созбалау, т.б. сықылдылардан сақ болуы тиіс. Бұл игі іске қарсылар енді бізді осындайлар арқылы бөгеуге ұмтылуы мүмкін. Біз жазуды латын қарпіне қайтарудың мемлекеттік бағдарламасын да осы рухта жасауымыз керек. Заман ғана емес, қазақы сана да үздіксіз ілгерілеуде. Сондықтан латын жазуына оралу бойынша бұдан бұрын жүргізілген істерге, соның ішінде тіпті 2007 жылы жүргізілген ғылыми зерттеулер нәтижесіне де («Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі: тарихы, тағылымы және болашағы» атты жинақта келтірілген тұжырымдарға да) сыни көзбен қайта қараған пайдалы. Ол кездегінің талай олқылығы бар.

Қазақ жазуын латын қарпіне қайтару­дың жекелеген жобаларын өзара салыстырып, зерттеп, заманауи компьютерлік ин­формациялық технологияларға сәйкесімді, дидактикалық, эстетикалық, т.б. ғылыми-практикалық тұрғыдан қолайлы, қысқасы, ең тиімді әліпбилік құрамдық стандартты жасап жариялау, жұрттан пікір алынуы тиіс. Әрине, латынша әліпбидің ұлттық стандарты (үлгі-қалыбы) жасалғаннан кейін, ол мемлекеттік деңгейде бекітіледі. Бұл да кешіктірілмегені жөн. «Қалған іске қар жауарын» білеміз. Егер латын әліпбиіне көшу EXPO-2017 көрмесіне дайындықтың бір саласына айналса, тіпті құба-құп.

Маңыздылығы шекті кей кірме ды­быс­тарға арнайы таңба дайындаудың қажеті жоқ. Ұлттық әліпбиді өз ұлтымыздың сөз­дерін дәл жазуға арнауды басты мақсат ет­кен дұрыс.

Әліпбиді анықтағанда, Түркі тілді елдер кеңесі ұсынған 34 әріпті латын әліпбиіне бағыну міндетті емес. Ол жобада түркиялық (80 жылдай бұрын қабылданған, ескі) жобаның ықпалы ауыр. Оған құрметпен ғана қарап, Президентіміздің тамаша нұсқауын мүлтіксіз атқару керек. Ол кісінің пікірінше, әліпби жасаған кезде жаңа символдар қоспау керек. Өзге талай тілдерде де кейбір дыбыстар 2-3 әріппен беріледі. Яғни қазіргі қолданыстағы латын әліпбиі шеңберінен шықпау керек. Клавиатурадағы (Keyboard) 26 таңба бізге жетеді. Сол арқылы ғана жасалған әліпби бізді қай елде қай компьютерді алдымызға қойса да, қазақша жаза беретін, ол мәтінді қайда жіберсек те ол сол қалпында баратын етеді. Жазудағы озықтық дегеннің бір белгісі осы. Мәселен, ң, ғ, ш, ф, х тәрізді дыбыстарға жаңа символ дайындамай, бірнеше әріпті қосарлана пайдалануға (мысалы, ретінше ng, gh, sh, ph, kh-лармен таңбалауға) болады. Бұлардың кейі тілімізде тым жиі кезігіп те жатқан жоқ. Бұл әрі бізді ағылшыншадан алыс­татпайды, әрі үнемделген таңбамен (мысалы, Ғ арқылы) өзге дыбыстарды таңбалау мүмкіндігін тудырады. Кей сирек кезігетін дыбыстарға үтір қойып (мысалы, кирилшедегі В- нің орнына V’-ні істетіп, оның үтірсізін өзге дыбысқа (мысалы, кирилшедегі Ү-ге) пайдалану да бір амал. Қосымша символ жасап, қазақ латынша жазуын ерекше (түркиялықтар жазуындай «тақиясы» не «өкшесі» бар) етіп жіберсек, онда қазақтың латынша жазуын оқу мен жазу көпшілік үшін қиынға соғады. Тіпті ол қазіргі кирилше әліпбиден де төмен күй кешеді.

Мысалы, мына ортақ түркілік әліпби жобасына қараңыз.

A a

J j

N n

T t

Ә ә

Z z

Ņŋ

W w

B b

Y y

O o

U u

Ğğ

Q q

Öö

Üü

G g

K k

P p

Şş

D d

L l

R r

E e

M m

S s

İ i

 

Мұндағы Ğğ (Ғ), Ņŋ (Ң), Öö (Ө), Üü (Ү), Şş (Ш) таңбалары кирилше жазудың әуресін сол беті қайталап тұр. Бұдан титтей де озықтық көре алмайсыз. Мырзаберген Малбақұлының төмендегі жобасы да соған бағына салудың нәтижесі. Мұндай жобалар мүлде болмайды.

кирилше

лат.

кирилше

лат.

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

12

13

14

15

16

А а

Ә ә

Б б

Ғ ғ

Г г

Д д

Е е

Ж ж

З з

Й й

Қ қ

К к

Л л

М м

Н н

Ң ң

А a

Ää

B b

Ğğ

Gg

D d

E e

J j

Z z

Y y

Q q

Кк

Ll

Mm

Nn

Ņŋ

17

18

19

20

21

22

23

24

25

26

27

28

29

30

31

О о

Ө ө

П п

Р р

С с

Т т

У у

Ұ ұ

Ү ү

Ш ш

Ы ы

І і

Ф ф

В в

Х х (Һ һ)

O o

Öö

P p

R r

S s

T t

U u

Ū ū

Ü ü

Ş ş

I ɪ

İ i

F f

V v

H h

 

Айтпақшы, ф, в, х сықылды әріптер – кірмелер тәрізді көрінгенмен, ежелгі мәдениетімізде де бар, кейі исламятпен де енген, былайғы шақта да керексіз емес таңбалар.

Әліпби жобасы жарияланғаннан кейін насихат жұмысын, қанатқақты жоба ре­тінде мектептерде, гуманитарлық ғылы­ми-зерттеу институттарына енгізуді, басылым беттерінде материалдар беруді, сол арқылы жалпыластыру шаруасын күшейту керек. Бұл 2025 жылы жаппай өтуге мықты таған жасайды.

Келер ұрпақ әдебиеттерді латын жазуымен оқитындықтан, бағдарлама жасалса, мына компьютерлік заманда, бұдан бұрынғы еңбектерді латыншаға аудару титтей де қиын емес. Қаламгерлер бұл жөніндегі алаңдаушылықтарын до­ғарып, ұлт болашағына пайдалы осы іске атсалысқаны жөн. Қабдеш Жұмаділов айт­қандай, «Оқылатын шығарма қай әліпбимен жазылса да оқылады, оқыл­май­тын шығарма қай әліпбимен жазылса да оқылмайды».

Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі қазақ тілінің мәртебесін көтеруге бөгет болса, асықпай бірте-бірте жүзеге асыру керек. Тіпті біраз уақыт екі жазуды қатар қолданса да болады. Елбасымыз ол мүмкіндікті де айтып отыр.

Қазақ елі болашақта пайдаланатын латынша жазу жобасын дәл қазір жариялап тастағаны жөн. Бұл Қазақстан мен оның билік басындағылардың кешіктіруге болмайтын тарихи борышы. Сонда ғана өзге елдердегі қазақтар (диаспорадағылар) біртіндеп сол жобаға бейімделетін болады, сол арқылы жазу бірлігіне қол жеткіземіз.

Кез келген ұлт үшін де диаспора мәңгілік. Қазақстан шетелдегі қазақтарды түгелдей атажұртқа көшіре алмайды. Бірақ әлемдегі қазақтардың мәдени тұтастығын ойлауға борышты.

Жалпы алғанда, жазу өзгерту сән де, ермек те, саяси ойын да емес. Ұлттың тұтастығының, мәдени ауыс-түйістің, жазудың, тілдің өміршеңдігінің, сол үшін заман дамуынан артта қалмауының зәрулігі.

Төте жазу да, кириллица жазуы да техникалық, бағдарламалық жасам­паз­дықтар мен өңдеулерге қанша сүйенсе де, латынша жазуға жете алмайды. Қазақ енді ең соңғы рет жазу өзгертіп, бұдан былай мәңгі өзгертілмейтін жазуға уағында көшіп алғаны абзал.

Сұлтан ЖАНБОЛАТОВ,

профессор, Қытай Халық Республикасы.