• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Тамыз, 2019

Қазақстанның кәсіподақтар федерациясы төрағасының жаңа орынбасарлары сайланды

223 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясында Атқару комитетінің отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде кадрлық мәселелер қаралды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Біржан Нұрымбетовтың ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалуына байланысты лауазымынан босатылды. Бұл туралы ұйымның баспасөз қызметі хабарлады. 

ҚРКФ Төрағасы Бақытжан Әбдірайым Біржан Бидайбекұлының әлеуметтік-еңбек саласын нығайтуда, азаматтарымыздың құқығын қорғауда сіңірген еңбегін жоғары атап өтіп, жаңа жоғары лауазымға тағайындалуымен құттықтады.

Атқару комитетінің мүшелері Біржан Бидайбекұлының кәсіподақтардың басты әлеуметтік әріптесі болып табылатын ведомства басшысы болып тағайындалуы еліміздегі еңбек саласының дамуына жаңа серпін беретіндігін атап өтті.

Бақытжан Әбдірайым кәсіподақ қызметіне сіңірген ерен еңбегі үшін Біржан Нұрымбетовты Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттады.

Сөз алған Біржан Бидайбекұлы қазақстандықтардың әл-ауқатын дамыту жолында қоян-қолтық жұмыс істеген әріптестеріне өз ризашылығын білдірді.

Отырыс барысында Атқару комитетінің мүшелері ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары және орынбасары лауазымдарына жаңа үміткерлердің кандидатурасын қарады.

ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары болып Әбдібеков Нұрмұхамбет Қанапиұлы бірауыздан сайланды.

Нұрмұхамбет Қанапиұлы – мамандығы бойынша тау-кен инженері, өндірістегі кәсіподақтардың жұмысымен етене таныс, әр жылдары Ақтөбеде, Атырауда кәсіпорындарда және мемлекеттік органдарда қызмет атқарған, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі, Ақтөбе қаласының әкімі, Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары, Қарағанды облысының әкімі, есеп комитетінің төрағасы, «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы болған.

ҚРКФ Төрағасының орынбасары болып Егембердиев Ержан Ошақбайұлы сайланды. Ержан Ошақбайұлы ҚРКФ Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық әріптестік департаментінің директоры лауазымын атқарған.

Ержан Егембердиев – заң ғылымдарының кандидаты, әр жылдары Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясында, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқармасы академиясында, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде және ҚР Әділет министрлігінде қызмет атқарған.