Отырыс барысында Федерация төрағасы Бақытжан Әбдірайым Кәсіподақтар федерациясының 2018-2019 жылдарға арналған жаңғырту жол картасы бойынша атқарылған жұмыстары туралы баяндады. Бұл құжатта әлеуметтік әділеттілікті насихаттау және еңбеккерлердің құқығын қорғау шаралары негізге алынған.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Кәсіподақтар федерациясы қазақстандықтарды Төртінші өнеркәсіптік революцияның жаңа шарттарына әлеуметтік бейімдеу үшін қозғаушы күш болуы тиістігін атап өтті», деді Б.Әбдірайым.
Федерация басшысы кәсіподақтар қызметіндегі өзекті мәселелерге, соның ішінде ұжымдық шарттардың санын арттыру, еңбек дауларын шешу, еңбек қатынастарын заңдастыру, жұмыс орындарын сақтау және қауіпсіз еңбек шарттарын қалыптастыру мәселелеріне тоқталды. Жол картасының басым бағыттары, соның ішінде Халықаралық еңбек ұйымдарының стандарттарын насихаттау және кәсіпорындарда әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері айтылды. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік бастамаларының өзектілігі және кәсіподақтардың басты құндылықтарымен үйлесім табатыны аталып өтті.
Бас кеңестің мүшелері елімізде орын алып жатқан әлеуметтік-еңбек реформалары уақыт талабы деп санайды. Бұл реформалар кәсіподақтар қызметін жаңғырту және Еңбек адамын қорғау тиімділігін арттыру үшін бағыт-бағдар болуы тиіс. Осы ретте әлеуметтік әріптестіктің ерекше рөлі мен әріптестікті нығайту маңыздылығы атап көрсетілді.
Б.Әбдірайым атап өткендей, ел Үкіметі, Кәсіподақтар федерациясы және «Атамекен» ҰКП арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған бас келісім, сонымен қатар 21 салалық және 16 аумақтық келісімдер кәсіподақтардың үшжақты комиссия, дағдарысқа қарсы штаб, қоғамдық және үйлестіру кеңестерінің отырысына кеңінен қатысуына мүмкіндік берді. Үшжақты комиссия аясында мүше ұйымдар тиісті салалардағы кәсіподақ ұйымдарының қызметін біріктіре алды. Әлеуметтік әріптестермен өзара ынтымақтастықтың айқын дәлелі – Кәсіподақтар федерациясына мүше ұйымдар санының 18-ден 23 салалық кәсіподақтарға артуы. 40 мың еңбеккерді қамтитын 500-ге жуық бастауыш кәсіподақ ұйымдары құрылды.
Отырыс барысында кәсіподақ мүшелерінің саны 45 мыңға жуық «QAZMED» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы федерация құрамына қабылданды.
Жұмыс нәтижелерін қорыта келе, Бас кеңес мүшелері Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың әлеуметтік әріптестік тараптары арасында өзара тиімді байланыс жүйесін қалыптастыруға қосқан үлесін жоғары бағалай отырып, «Үздік әлеуметтік әріптес» белгісімен марапаттады. Сондай-ақ аймақтық деңгейдегі әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан зор үлестері үшін Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовты және Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевты осы белгімен марапаттау туралы шешім қабылданды.