• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Тамыз, 2019

Оқырман хаты: Елеулі еңбекпен елеусіз жүрміз

558 рет
көрсетілді

Редакциямызға хабарласқан бір оқырман өзіндей көптің көкейінде жүрген түйткілді жайтты сөз етті. Сол сөзді қаз-қалпында өздеріңізге ұсынғанды жөн көрдік.

Осыдан біршама бұрын әріптесімнің қолынан бас басылымды көзім шалды. Осы жылдың 24 наурызындағы нөмірінде жарияланған «Елеулі еңбекпен елеусіз жүргендер» атты мақаланы оқығаннан кейін сіздерге хабарласып отырмын. Сол мақаладағы көп кейіпкердің бірі боламын. Мен әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бала күтуші болып жұмыс іс­тей­­­мін. Мақаланың бір сөй­лемдік тақырыбына біздің тұ­тас қызметтік өміріміз сыйып­ кетіпті. Шынында дәл солай, елеулі еңбекпен елеусіз жүр­міз. Қағаз, сөз жүзінде логопед, дефектолог, психологтар ерекше балалармен тығыз қарым-қатынаста еңбек етеді, алай­да ерекше балалармен ұдайы бірге болатындар – біз секілді бала күтушілер. Олар ақыл-ой, дене бітімінде қандай да бір кемістігі бар жандардың жанында 24 сағат бойы жүреді, үлкен-кіші дәретін, төгіп-шашқанын жуады, тамақтандырады. Өкі­нішке қарай, мақалада күтушінің қызметі назардан тыс қалыпты. Десе де, біз туралы арнайы материал дайындауды өтінейін деген ойым жоқ, осындай орталық қызметкерлерінің адал еңбегі сөз етілгендіктен, ішінде бар еке­німізді білеміз. Мен бар бол­ғаны, сол мақалада көтерілген па­йымды ұсыныс жоғарыға жет­кен-жетпегенін білу үшін хабарластым.

Аталған мақаланың түйіні: «Елеулі болсын десек... Жүйкеге салмақ түсіретін мұндай жұ­мыспен 60-63 жаста зейнетке шығу, кешіріңіз, оған жетудің өзі екіталай. Әлеуметтік салада еңбек ететін, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін мамандардың зейнетке шығу жасын құқық қорғау органдары қызметкерлерімен теңестіру қажет. Өйткені олар «погондылардан» көп болмаса, аз жұмыс істемейтініне екі барғанда-ақ көзіміз жетті», деп аяқталған. Осы бір қажеттілік пен еңбекті ескеруден туындаған ұсыныс қолдау таба ма? Наурыздан бері тиісті ведомстволардан жа­уап болды ма? Осыны білгіміз келеді. Себебі қазір ортамызда денсаулығын мүгедек балаларды бағып-қағуға беріп, зейнет жасына мойнын созып, сүйретіліп жүргендер жетерлік. Арзымайтын айлыққа алданып жүрміз. Жалақы мөл­шерін шілдеде көтерді, соның өзінде 57 мың теңге аламыз. Аталған мақалада жақсы зерт­теу жүргізіліп, «АҚШ кли­никаларындағы әлеуметтік қыз­меткерлердің жылдық жалақысы 42-54 мың доллар аралығында. Сонда айына 1 млн 300 – 1 млн 700 мыңның арасында алады. Оны біздегілер жылына да ала алмайды», деген қорытынды шығарылған ғой. Ондай түсі­мізге де кірмейтін жалақыны бермейтінін білеміз, сондықтан сұрамаймыз да. Бар болғаны зейнет жасын қысқарту туралы жоғарыдағы сөз – елдегі мен секілді барша қызметкерлердің күндіз-түні ойынан кетпейтін үміт-тілегі екенін ескерсе дейміз.

 

Бағила БАЙЫМБЕТОВА,

Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының бала күтушісі

ШЫМКЕНТ