Жанель сияқты жастарды көргенде кәдімгідей қуанып қаламын. Қолы қалт етсе гаджеттерге үңілетін қатарластарына ұқсамайды. Нәп-нәзік қызды таңертең сабағы, түстен кейін жаттығуы күтіп тұрады, ал кешкілік уақытын білімін шыңдап, өзін өзі дамытуға арнайды. Соның арқасында дзюдодан елішілік турнирлерде топ жарып жүр, қазақ күресінен әйелдер құрамасының мүшесі.
– Жанель, сені күрес түрлерімен, соның ішінде дзюдо және қазақ күресімен шұғылданады деп естігенмін. Сен сияқты нәзік қыздың дәл мұндай жекпе-жек түрлеріне қалай ден қойып жүргенін білгім келеді.
– Спортпен шұғылдана бастағаныма екі жылдай болды. Алғаш 9 сыныпта күрес үйірмесіне бардым. Ол кезде кәсіби тұрғыда қандай да бір жетістікке жетемін деген мақсат болған емес. Тек қандай жағдайда да өз өзімді қорғай алуым керек деп шешіп, жекпе-жекті таңдадым.
– Жекпе-жектің өзге де түрлері бар ғой, күрес несімен қызықтырды?
– Өзім Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласының тумасымын. Біздің кішкентай қалада күрес түрлеріне қызығушылық жоғары. Оның үстіне үйдің жанында күрес үйірмесі бар. Бастапқыда ата-анам спортқа ден қойғаныма қарсы болды. Күрес қыз балаға арналмаған деген сыңайдағы біраз пікір айтылды. Бірақ өзім іштей шешім қабылдап қойған едім, сондықтан айтқанымнан қайтпаймын дедім. Еріккеннен емес, өзіме ұнайтын болғандықтан уақыт бөліп жүргенімді түсінген соң үйдегілер де қолдау көрсете бастады.
– Алғашқы жетістіктерің де себеп болған шығар...
– Мүмкін. Күреске қатыса бастаған соң араға жарты жылдай уақыт салып облыстық біріншілікке қатысып, екінші орын алдым. Үш жекпе-жек өткізіп, соның біреуінде жеңілдім. Алғашқы жарысым ғой, кәдімгідей уайымдап, қобалжыдым. Бірақ сайыс басталған соң оның бәрі ұмытылды. Финалда жеңіліс тапқанда көңіл күйім түсті.
– Ал достарың сенің қызығушылығыңа қалай қарайды? Сенің қатарыңа қосылғандар бар ма?
– Қатарластарымның біразы таңғалған. Әсіресе қыздардың арасында «күрес түрін неге таңдадың?» деп сын айтқандар көп болды. Үнемі қолың босамайды: сабақ, одан соң жаттығу не жарыс. «Соңғы жыл ғой, бізбен неге қыдырмайсың» деп ренжитіндерді естідім. Жарыс деп жүріп талай қызықтан қалыс қалдым. Бірақ бұл менің таңдауым. Уақыт өте бірнеше құрбым да күреспен шұғылдана бастады.
– Қай салмақта күресесің?
– Қазір 48 килода белдесемін. Бастапқыда 44 килода күрескенмін. Салмақ қосу да белгілі бір тәртіппен жүруі тиіс. Сондықтан тамақтануға қатты көңіл бөлемін. Фастфуд, газдалған сусын, қуырылған картоптарды біржола пайдалы тағамдарға алмастырдым.
– Ал білім мен спорттың қайсысына басымдық бересің?
– Меніңше, адам алдымен білімді болуы керек. Сабақты таңдауыма үйдегілердің де әсері бар. Олар білім бірінші орында тұруы керек деп санайды. Спорт та керек. Сондықтан білім мен спорт бір-біріне кедергі емес деп ойлаймын. Білім жолын қуатыным анық, бірақ соның алдында Олимпиада ойындарында топ жарсам деген арманым да жоқ емес.
– Шахматта да біраз жетістікке жетіпсің. Осы туралы айта кетсең...
– Атам әлі күнге дейін Зайсанда шахматтан шәкірт тәрбиелеп жүр. Бала күнімнен сол кісінің шахмат ойнап отыратынын көріп өскенмін. Мен де ойнайыншы деп көп мазасын алсам керек, біртін-біртін шахматтың ережелерін үйрете бастады. Ол кезде бірінші сыныпта оқитынмын. Ал бесінші сыныпта облыстық жарысқа қатысып, екінші орын иелендім. Былтыр 17 жасқа дейінгілер арасында да екінші орынға қол жеткіздім. Бірақ қазір тек үйде ойнаймын. Атам «сабағыңа кедергі болады» деп турнирлерге қатыспағанымды жөн көрді.
– Ал өңірде спортшыларды қолдау жағы қалай?
– Дзюдодан облыстық құраманың мүшесімін. Сондықтан барлық шығындарымызды облыстық басқарма өтейді. Былтыр көктемде ел біріншілігінде топ жарғалы қазақ күресінен әйелдер құрамасындамын.
– Қазақ күресінен құрама сапында қандай да бір жарыстарға қатысып үлгердің бе?
– Әзірге тек оқу-жаттығу жиындарымен шектеліп жүрмін. Себебі оқуға байланысты жарыстарға қатысуға уақыт болмады. Негізі құрамамыз жас. Өзім сияқты қыздар. Бір-бірімізбен танысып, тіл табысып үлгердік.
– Жақында шетелге оқуға кетеді екенсің. Спорттан қол үзіп қаламын деп қорықпайсың ба?
– Мен оқуға баратын Литвада негізінен баскетболға ерекше ден қойылады екен. Күрес түрлеріне айтарлықтай қызығушылық жоқ. Әзірге бапкер тапқан жоқпын, тек сол елдегі дзюдоның дамуымен танысып жатырмын. Сабағымды ретке келтіріп алған соң, жаттығуды да қолға аламын. Зайсандағы бапкерлерім де көмектесіп тұратындарын айтып жатыр. Роллан Уалханов пен Олжас Сотциалов секілді жаттықтырушыларым «Күресті тастама, сол жақта тәжірибе жинап, бізбен бөлісесің» деп тапсырма беруде.
– Неліктен таңдау Литваға түсті?
– Бастапқыда Назарбаев Университетке түсемін деп ойлағанмын. Емтиханның алғашқы кезеңінен өттім де, тек екінші кезеңіне ауырып қалып қатыса алмадым. Үйдегілер елде қалғанымды қалаған. Еуропада мәдениет те, көзқарас та бөлек. Мен жаспын. Ал Литвада елімізден барған студенттер де аз емес, әрі орыстілді тұрғындар да көп екен.
Компьютерлік бағдарламалау мамандығын таңдадым, емтиханды ағылшын тілінде тапсырдық. Өзіме робот, заманауи технология қызық. Сол саланың елімізде дамуына үлесімді қоссам деймін.
– Әдеби кітап оқуға уақыт бола ма?
– Әрине әлемдік классиканы сүйсініп оқимын. Соның ішінде Михаил Булгаковтың «Мастер және Маргарита» кітабы ерекше ұнайды.
– Сенің жасыңда бұл туынды тым күрделі емес пе?
– Булгаковтың тілін, ойын бірден түсіну қиын. Не айтқысы келгенін ұғыну үшін бір сөйлемді бірнеше рет оқимын. Бірақ сонда да қатты ұнайды. Қатарластарыма да кеңес беремін.
Әңгімелескен Мәдина АСЫЛБЕК,
журналист