Облыстың физикалық-географиялық бедерін топонимикалық жағынан жүйелеумен айналысып жүрген М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, этномәдени ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Зарқын Тайшыбайдың редакторлығымен жарық көрген «Атамекен атаулары» атты ұжымдық жинаққа 4590 кісі есімі, 2255 жер-су, орман-тоғай, жайлау, қыстау, 764 ру-тайпа, ауыл аттары енген.
Зарқын Сыздықұлының пайымынша, қазақ этнотопонимикасы кең-байтақ атақонысымыздың әр қиырын мекен еткен байырғы ұлттың әрқилы шаруашылық жүргізу әдіс-амалдарына, тұрмыс-тіршілігіне орайластырыла түзілген. Көкшеағаш, Сарытерек, Қойсойған, Жонқызыл, Талды қыстау секілді құлаққа әуезді, көңілге қонымды, болмаса Түлкі алған, Қасқыр қамаған, Үкі атқан, Төрт өгіз сияқты тарихи атауларды шеберлікпен қоя білген. Атына қарап әрқайсысының шығу затын зерделеу қиын емес. Үлкен Қопа, Бірқызыл, Қосқаратал, Сұлужал, Қоспақшағыл көркем дастанның шумақтарындай оқылады. Ағаштың түрлеріне байланысты Аққайың, Қарағай, Бестерек, көлдерге орай Ұзынкөл, Тереңкөл,Тұщыкөл аттарын иеленген. Ақжан қонған ағаш, Есенгелді жығылған, Есілбай түскен, Көшек қой сойған, Салықпай шоқысы сықылды нақты оқиғаны дәлме-дәл бедерлейтін атаулар шоғыры – өз алдына бір төбе.
Өкінішке қарай, соңғы екі ғасырдың ішінде топонимикалық атаулардың көпшілігі күшпен өзертілген, бұрмаланған. Мұндай қитұрқы, отаршыл саясат қазаққа тиесілі байырғы жер-аумақ жігін айырып, патшалық Ресейдің өзіне басыбайлы меншіктеп алу сияқты өзімшіл пиғылынан туындап, әскери губернатор Г.Меньшиковтың тұсында орындала бастаған. Соның салдарынан ұлттық реңктегі жер-су атаулары орысшаға айырбасталып, тарихи, танымдық маңызынан айрылған. «Жұмақ» іздеп, сырттан көшіп келген «қара шекпенділер» мекендеген қазіргі Явленка бұрын Богоявленное аталған. Кеңес өкіметі «богосын» алдыртып тастаған. Сергеевка, Николаевка селолары да әулиелердің есімдерімен қиылыстырылған. Ақкөл Белоеге, Қаракөл Черноеға ауыстырылған. Осылайша төл атауларымыз жұрттың аузында ғана қалған.
«Көп адамдардың, әсіресе, жас құрақтай желкілдей өсіп келе жатқан ұрпақтың санасында түйе жарықтықтың отаны тек күнгей аймақ деген түсінік қалыптасқан. Теріскей өңірлерде де Ойсылқараны көптеп өсіріп, үй шаруасына пайдаланғанын біле бермейді. Жер-су атаулары халықтың айналысқан кәсібіне де тікелей қатысты екенін ескерсек, Түйелісай, Түйеқырылған, Боталы, Ақтүйе, Ақтүйесай, Ақбура, Көкбура секілді атаулардың Уәлиханов ауданында жиі кездесуі қазақтың ежелгі мекені, атақонысы екенін айғақтайды.
Солтүстік Қазақстан облысы