Биыл озық технологияларға негізделген медициналық қондырғылар сатып алуға 4 млрд теңге қарастырылған.
Бұл қаражат былтырғыдан үш есе көп. Қазір құрал-жабдықтардың бірқатары орнатылып, қызмет сапасының әлдеқайда жақсарғаны байқалады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 9 мың солтүстік- қазақстандықтың ағзасында қатерлі ісік бар. Науқастар бұдан былай 140 млн теңгеге Финляндиядан жеткізілген соңғы үлгідегі цифрлы маммографтың көмегіне сүйене алады. Бұл арқылы сүт безінің қатерлі ісігін бастапқы кезеңде бірден анықтайды. Бұрынғы ультрадыбыстық аппаратпен сүт безінің жаңадан пайда болған ісігін айыру өте қиын-тұғын.
Онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің орынбасары Олег Дудяктың айтуынша, обыр ауруының таралуы жөнінен облыста көрсеткіш жоғары. Оның ішінде сүт безінің қатерлі ісігі кеңінен таралған. Есепке екі мыңнан астам әйел алынса, 113-нің кеселі биыл анықталыпты. Қондырғының көп артықшылықтарының біріне сүт безінің әрбір миллиметрін зерттейтін «томосинтез» функциясын атауға болады.
Жуырда өңір басшысы Құмар Ақсақалов облыстық ересектер ауруханасына орнатылған заманауи компьютерлік томографтың жұмысымен танысты. Оның құны 347 млн теңге, 250 млн-ы жергілікті қазынадан бөлінген. Науқастың іш құрылысы ауруларын өте дәлдікпен заматта айқындап береді. Және де бір ғажабы, АҚШ-тан әкелінген құрылғының диагностикалық қорытындысын әлемнің кез келген жеріне жолдауға болады. Серверлік нұсқадағы станса арқылы үш маман бір мезгілде зерттеу жүргізе алады. Аурухана дәрігері Иван Лейман магниттік-резонанстық томографтың әбден ескіргенін, жиі сына беретінін айтып еді, Құмар Іргебайұлы жыл аяғына дейін жаңасын алып беруге уәде етті. Бұған қоса заманауи ангиограф та алынады. Ескі томограф Тайынша аудандық ауруханасына беріліп, Айыртау, Ақжар, Уәлиханов аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетеді.
«Денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайту, кадрлар тапшылығын жою бағытында жүйелі шаралар атқарылып келеді. Биыл емдеу мекемелері 66 жедел жәрдем көлігімен, 80-ге жуық құрал-жабдықпен қамтамасыз етіледі. Күзге таман 500 орынды көпбейінді аурухананың құрылысы басталады. Жоғары білімді 170 жас дәрігердің келуін тосып отырмыз. Олардың жартысына жуығы ауылдық жерлерге орналастырылады. Елді мекенге жолдама алған мамандарға 1,5 млн, қалалықтар үшін 500 мың теңге көтермеақы төленеді. «Дипломмен – ауылға! бағдарламасы аясында жасалатын жеңілдіктер аз емес. Қазір 47 пәтер дайын», деді облыс басшысы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Солтүстік Қазақстан облысы