Биылғы қыркүйектен бастап Бельгияның Уаллония аймағында малды тірідей бауыздауға тыйым салынбақ. Ендігі жерде қасапшы малды соймастан бұрын тоқпен не басқа да тәсілмен есінен тандырып алуы тиіс. Мұндай тәсіл қазіргі таңда ет нарығында кеңінен қолданылады.
Бұл мәселені жануарларды қорғаушылар қозғалысының өкілдері жиі көтеріп жүр. Олардың пікіріне сүйенсек, қасапшы пышағына жығылған малды әуелі есінен тандырып алса, оның жанын қинамайды. Ал бауыздағаннан кейін қаны әбден аққанша күту жануарды әбден азаптайды деп есептейді.
Алайда, мұндай қадам кәрі құрлықты мекендейтін мұсылмандар мен еврейлердің қарсылығын туғызды. Оның өз себебі бар. Етті халал не еврейлердің кошеріне лайықтап тұтыну үшін малды тірідей бауыздау қажет. Екі діннің де талабы осы. Сонымен қатар жануарды қинамау – діни жоралғыны орындаудың негізгі талаптарының бірі. Сол үшін қасапшының пышағы өткір, бір тартқанда орып түсетіндей болуы тиіс.
Айта кетерлігі, малды соймастан бұрын оны есінен тандырып алу Исламға кереғар емес. Дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында ондай тәсілдің дұрыс жүргізілуі қажеттігін айтады. «Ең дұрысы – малды пышақпен бауыздау. Алайда, тоқпен немесе басқа да әдіспен талдырып, жаны шықпай жатып бауыздалса және қан дұрыс ағатын болса, еті адал. Бірақ мұндай тәсілге жүгіну мәкрүһ», дейді ол.
Дін өкілдерінің де, жануарларды қорғаушылардың да сөзінің жаны бар. Тіпті, сойылған малға жүргізілген ғылыми зерттеулер де ұшан-теңіз. Мәселен, Meat Science журналына ақпан айында шыққан мақалада қойды халал тәсілмен сою мен электр тоғымен естен тандыру арқылы союдың айырмасы аз екендігі анықталған. Бұдан бөлек, естен тандыру процесі дұрыс жүргізілмейтін сәттері де кездеседі.
Жалпы, ғылыми ортада жүргізілген мұндай зерттеулер өте көп. Әйтсе де, солардың бірде-бірі малды бауыздаған кезде және есінен тандырған кезде оның қаншалықты ауырлықты сезетінін анықтай алған жоқ. Сондықтан жануарларды қорғаушылар мен дін өкілдерінің айтысы бітер емес.
Уаллония – мұндай тыйымды енгізген алғашқы мекен емес. Жыл басында Бельгиядағы Фландрия аймағында да осындай заң күшіне енген-тұғын. Жалпы, Еуропалық Одаққа кіретін бірнеше мемлекетте, атап айтар болсақ, Данияда, Швецияда, Словенияда малды тірідей бауыздауға тыйым салынған.
Бельгиядағы жағдай Еуропалық Одақтың жануарларды қорғау мен сенім бостандығына қатысты заңының кереғарлығын көрсетіп отыр. Бір жағынан, жануарларды қорғау, оларды азаптамау қажет екендігі түсінікті. Сондай-ақ Халықаралық адам құқықтары жөніндегі декларация кез келген азаматтың дін еркіндігі бар екенін, сеніміне қатысты діни жоралғыларды орындауға құқық береді.
Дегенмен, малды тірідей союға қарсылықтың астарында тек жануарларды қорғау мәселесі жатпағаны бесенеден белгілі. Өйткені Фландриядағы оңшыл саясаткерлер өздерінің мұсылмандарға қарсы популистік ұстанымын халыққа жеткізу үшін бірнеше жерде осындай мәселе көтерген-тұғын. Мәселен, осы тыйымды алғаш ұсынған Бен Вейтс есімді саясаткердің оңшыл көзқараста екені баршаға аян. Сондай-ақ Бельгияның мұсылмандар және еврейлер қауымдастығы да тыйымның астарында саяси ойын жатқанына сенімді. Әйтсе де, бұл оқиға басы әрдайым пісе бермейтін екі тараптың бірігуіне мүмкіндік беріп отыр.
Словениялық философ Славож Зизек тыйымның саяси астары басым екеніне сенімді. Russian Today агенттігіне берген сұхбатында ол жануарларды қорғаумен айналысатындар малды діни жоралғы бойынша соятындармен емес, ауыл шаруашылығы фермаларында күнделікті болатын жағдаймен күресуі қажет екендігін айтады. Мәселен, «Тhe Guardian» басылымының мәліметіне сүйенсек, Ұлыбританиядағы фермаларда малдарды тебу, темекімен күйдіру секілді қорлаудың түр-түрі кездеседі екен.
Әзірге Бельгия секілді Еуропаның бірқатар елінде малды халал тәсілмен тірідей союға тыйым салу мәселесі талқыланып жатыр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, осы тақырып жануарларды қорғаушылардың ғана емес, ұлтшыл оңшылдардың негізгі мәселесіне айналған. Бұл қазіргі таңда кәрі құрлықта иммиграцияға қарсы көзқарастың белең алып тұрғанын көрсетеді.