Елордада жексенбі күні журналистер арасында өткен BAQ league-ның VI маусымы мәресіне жетті.
«Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығы аясында өткен маусымда бас жүлдені «Хабар» командасы жеңіп алып, алты дүркін чемпион атанды. Екінші орын «Астана ТВ» командасына бұйырса, «Qazaq radiolary» қолаға қол жеткізді. Бұл турнирде «А» лигасында бақ сынаған егемендік жігіттер төртінші орынды місе тұтты.
Сондай-ақ «Qazaq radiolary» Журналистер кубогының финалында «Хабарды» жеңіп, ауыспалы кубокты иеленді. Ал «В» лигасында «Қазмедиа В», «Спорт 59» және «Kazaknews.kz» командалары үздік үштікті құрап, «А» лигасына жолдама алды.
«Egemen Qazaqstan» әрдайым саламатты өмір салтын насихаттап, спорттық шараларға қатысып келеді. «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығы аясында ұйымдастырылған БАҚ лиганың VI маусымы соның дәлелі. Дәстүрге айналған турнирдің уақыт өткен сайын саны да, сапасы да артып келеді. Ойынның өте тартысты өткеніне куә болдық. Қатарынан алтыншы рет чемпион атанған «Хабар» арнасын, турнирдің кубогын жеңіп алған «Qazaq radiolaryn» құттықтаймын. Турнирде жүлдегер болғандар мен барша қатысушыларға ризашылық білдіреміз. Сондай-ақ жедел ақпарат тарататын журналистерді спорттық шапшаңдыққа баулитын, басымызды қосып, етене араласуға мүмкіндік беретін турнирді керемет дәстүрге айналдырған ұйымдастырушы Әзиз Жұмаділге алғыс айтамыз», деді «Егемен Қазақстан» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі.
Ал жарысты ұйымдастырушы Ә.Жұмаділ болса, турнирде ешқандай бұра тартушылық, бұрмалаушылық болмағанын, келесі маусым биылғы жылдың қараша айында қайта басталатынын айтты.
«А» және «В» лигасы болып екіге бөлінген турнирде 17 команда бақ сынады. Жарыстың үздіктерін капитандар мен вице-капитандардың дауыс беру нәтижесі бойынша анықтады. Нәтижесінде, «А» лигасында «Үздік сұрмерген», «Үздік шабуылшы», «Үздік ойыншы» аталымы бойынша Әлішер Келгенбай («Хабар») иеленсе, «Үздік қорғаушы» болып Бимухамед Букеев («Еларна») танылды. Ал «Үздік қақпашы» аталымы Дмитрий Покидаевқа («Астана ТВ») бұйырды.
Ал «В» лигасында үздіктердің тізімі мынадай: «Үздік сұрмерген» – Нұрәлем Жалғасұлы (NGQ), «Үздік қақпашы» – Қанат Базылхан («Мазмұндама»), «Үздік қорғаушы» – Тимур Айтмұханбетов («Қаламгер»), «Үздік шабуылшы» – Нұрәлем Жалғасұлы (NGQ) және «Үздік ойыншы» – Құмарбек Азат («Қазмедиа В»).
Алмас МАНАП,
«Egemen Qazaqstan»