Әдебиет – жалқы тағдырлар арқылы жалпының мұңын шертер жалғыз құрал. Оның қоғамға ықпал етер құдіретті күшін бүгінгі жаһандану дәуірі қатты қажет етіп отырғаны белгілі. Ғылым мен техника қарыштап қатар дамыған сайын адам бойындағы нәзік сезімдер мен ізгі иірімдердің көзі көмескіленіп бара жатқаны белгілі. Сөз өнері – сезім бұлағының қайнары. Әдебиеттің әзелгі мұраты да сол – рухани ресурстарды гуманизм қызметіне біріктіру.
Бүгін көптен күткен ірі оқиға – Азия қаламгерлерінің тұңғыш форумы елорда төрінде ерекше сипатпен басталып жатыр. Бәрімізге белгілі, ширек ғасыр шеңберінде отандық әдебиетіміз шетелдермен, әсіресе тілі мен тарихы жақын Азия елдерімен әдеби байланысымыз үзіліп қалған болатын. Қазақ әдебиеті – әлемдік әдебиеттің бір бөлшегі екенін білетін ақын-жазушылар да, оқырмандар да қай елдің әдебиеті қандай бағытта қарқын алып бара жатқанын бағамдап отыруы керек. Сондықтан әдеби бағыттағы қарым-қатынастың нығаюына ыңғайлы жол ашатын бұл форумнан күтеріміз көп.
Саяси тұрғыдан алсақ та, әлеуметтік ахуалы мен экономикасын салыстырсақ та, әртүрлі деңгейде өмір сүріп жатқан Азия елдері – бір-бірімізді етене жақын танып, халықтық мәселелерімізді кеңінен қозғап, бір-біріміздің ішкі дүниемізге үңіле отырып ұлттық болмыс-бітімімізді айшықтау келешектегі келелі істерге айқын баспалдақ екені даусыз.
Қазақ қаламгерлерінің көбі ерке Есілдің жағасында бас қосқан азиялық ақын-жазушылардың тарихи жиынын осыдан тура 46 жыл бұрын Алматыда дүркіреп өткен Азия-Африка жазушыларының 5-ші конференциясымен тікелей байланыстырып сөз сабақтауда. Әрине, екі құрлықты етене жақындастырған ерекше құрылтай жайлы сол кезде барлық ақпарат құралы жарыса жазғаны белгілі. Солардың ішінде «Социалистік Қазақстан», яғни бүгінгі бас басылым «Egemen Qazaqstan» газеті ауқымды шараны айрықша көрсеткен. Келелі кеңес жайлы кеңінен жазып, баспа бетіне әдебиет насихатын кең көлемде жүргізген ел газетінің елеулі еңбегі бүгінгі ұрпаққа бағдар. Сол «СҚ»-ның сарғайған парақтарын ақтара отырғанда өткен шараға жаңа көзқараспен қайта үңіліп, бүгінгі шарамен байланыстыра бағамдауға болады.
Тарих тігінділеріне көз жүгіртер болсақ, жоғарыда атап кеткен конференцияға социалистік-демократиялық республикалардың жазушылары ғана шақырылғанын байқаймыз. Сол кезеңде әлем екі түрлі жүйеге бөлініп тұрғандықтан, тек қана социалистік елдердің, маркстік-лениндік жолды таңдаған мемлекеттердің жазушылары ғана Алматы мінберінде адамзатқа ортақ құндылықтар туралы ашық айта алды. Алып Алатаудың асқақ төрінде алты күн бойы шұрқырасқан шығармашыл мәслихатқа Азия мен Африканың 55 елінен 208 делегат, басқа мемлекеттерден құрметті қонақтар, бақылаушылар, бірқатар халықаралық қоғамдық және әдеби ұйымның өкілдері қатысыпты.
Газеттің 1973 жылы жарық көрген 4 қыркүйектегі саны зергер жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің, сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы Әнуар Әлімжановтың мақаласымен басталады. Ғабит Мүсірепов сол кезеңге тән талқылауға тиісті жаңа міндеттер хақында айтады. «Конференцияның ең басты тақырыбы не? Бүгінгі таңда жазушының мойынында өз кітаптарының кейіпкерлері үшін ғана емес, сонымен бірге өзімен қатар ғұмыр кешіп жүрген көптеген адамдар үшін зор жауапкершілік жатыр. Асыл ақиқат қайталанғаннан қоңыр тартпайды, уақыт жаңа өзекті мәселелерді, терең талқылауға тиіс жайттарды алдымызға қойды. Мен бүгін жазушылардың Алматы кездесуінде адамдар тағдыры туралы, өмірін еңбекпен өткізген қарт еңбеккердің қалған күндерінің тыныштығы үшін, әр адамның бейбіт әлемде бала сүйіп, аспаннан ажал күтпей алаңсыз тіршілік құруы жолында жазушы жауапкершілігі жайлы айтқым келеді», дейді Ғабең.
Жазушының осынау сөздерінен-ақ жиында талқыланған тақырыптарды танып-білу қиын емес. Негізінен озбыр отаршылдыққа қарсы, езгідегі елдердің басы бүтін бостандығы төңірегінде бас қосқан қаламгерлер елдік мәселесіне, теңдік тақырыбына көп назар аударғаны анық аңғарылады. Оны Ә.Әлімжанов та өз мақаласында «Азия мен Африка жазушылары өздерінің форумдарында бірлесе және бірін-бірі сендіре отырып дәуірдің ең күрделі проблемаларын шешетіндігіне, өздерінің мәдениет дәнекерлері және халықтар арасындағы бейбітшілік пен достықтың күрескерлері деген құрметті міндетті орындайтындығына сенеміз» деп жоғарыдағы ойларды қуаттайды.
Жалпы, жарты ғасырға жуықтаған тарихи оқиғаны талдап, таразылаған тұста Азия-Африка жазушыларының бесінші конференциясы адам тақырыбына сыртқы факторлар арқылы келгенін көреміз. Шетелдік ақын-жазушылардың конференцияда жасаған баяндамалары көбіне тұлға тағдырынан гөрі тұтас мемлекет, ұлттар тағдыры төңірегінде толғанады. Мәселен, конференцияға қатысқан шетелдік қаламгер Уильям Контон (Сьерра-Леоне) жалпы жиынның қаузайтын мәселесі халықаралық шиеленісті бәсеңдету, отаршылдықа қарсы жазушы рөлі, бейбітшілік пен демократиялық күштердің одан әрі топтаса түсуі екенін айтады. Немесе, гамбиялық қаламгер Ленри Петерс «Бостандыққа ие болған халық қана асқан биік асқарларға шыға алады, бейбітшілік, бостандық, тәуелсіздік жолындағы күресте ортақ ісіміз көп» деп, сол кездегі адамды қоғамның сыртқы қоршауынан шығарма арқылы шығару жайын сөз етеді.
Бүгінде бұл кедергілердің барлығы уақыт желімен тас-талқан болғанын жаңа ұрпақ көріп отыр. Елордамызда шымылдығы түрілген қазіргі шараның тақырыбы да әлдеқайда жаңаша сипат алған. Әрине адам тақырыбы – мәңгілік меже. Дегенмен сол негізгі желі – Адам тақырыбына бүгінде Азия қаламгерлері басқа қырынан қарауға талап қылады. Азия қаламгерлерінің тұңғыш форумындағы талқыланатын тақырыптарға зер салған болсақ, Азия жазушысының бүгінгі қоғамдағы орны, Азия қаламгерлерінің романдарындағы қазіргі заманауи тақырыптар, Азия ақындары поэзиясындағы жаңа ағымдар және әлемдік әдебиетке әсері, әдебиеттегі жалғыздық тақырыбы, жоғалып бара жатқан жанрлар мен баяндау тәсілдері, жоғалған тілдер мен ұлттық әдебиеттер сияқты тақырыптар негізгі желіге айналған.
Бұдан байқайтынымыз, қазіргі таңда жалғыз Азия әдебиеті ғана емес, әлемдік әдебиетте адамның ішкі бостандығына көбірек көңіл бөлініп отыр. Алматыда өткен алқалы жиын қоғамдағы күрделеніп бара жатқан түйткілді мәселелерді сыртқы саяси қысымнан іздесе, бүгінгі құрылтай адамның ішкі жалғыздығы жайлы айта отырып өткір мәселелердің өзегін ашуға тырысады. Оны бүгінгі жиынға қатысуға тілек білдірген Қатар елінен келетін Нобель сыйлығына үміткер Моза әл-Малкидің «Әлемдік әдебиеттегі Азия адамының бейнесі» тақырыбына жасайтын баяндамасынан байқауға болады.
Дей тұрғанмен Алматыда өткен конференцияда Адамзаттың Айтматовы атанған заңғар жазушы Шыңғыс Төреқұлұлы сынды бірнеше ақын-жазушы таптық көзқарастан, таптаурын тақырыптан айналып өтуге тырысатынын көреміз. «Мен, әсіресе, жалпы творчестволық міндеттердің сапында осы кезеңде Африка және Азия әдебиеттеріне жүктелген үлкен міндетті – адамды отаршылдық зардаптардан моральдық және психологиялық жағынан арылтуды ерекше атар едім. Суреткерге отаршылдық зардаптарын адамзат басынан кешкен «өзін-өзі тұтқындаудың» ең ауыр тәжірибесі ретінде әлеуметтік және философиялық тұрғыдан екшеу қажет. Осы заманғы әдебиет үшін адам бойында өзіне деген сенімді және өмірге деген сенімді орнықтырудан артық құрметті, одан артық нақты міндет жоқ», дейді Ш.Айтматов.
Жалпы бүгін басталған алқалы жиынның негізгі тақырыбы «Азия өркениетінің әдеби панорамасы» деп аталған. Алайда онда айтылатын әңгімелер тек Азия шегін шиырламай, әлемді алаңдатып отырған ахуалдарды да сөз ететіні анық. Жазушы Максим Горкийдің сөзімен айтар болсақ, ақын-жазушылар адамтану ғылымының өкілдері саясатқа шығармалары арқылы шабуыл жасап, қаламдарын қалқан қылып адамзатқа қалтқысыз қызмет етеді.
Біз де бүгінгі форумнан үлкен серпіліс, тың идеялар тасқынын күтер едік. Ақын-жазушы өз халқының ар-ожданы болғандықтан, еш уақытта бейтарап, оқшау тұрып қалмасы хақ.